Қазақстандықтар коронавирус құрсауында қалды

2677

Үкімет ұшақ жіберуден бас тартты.

Қазақстандықтар коронавирус құрсауында қалды

Бұған әрине, Зайсандағы толқулардың еш қатысы жоқ. Мәселе Тайландта қалған отандастар туралы болып отыр.

Қазақстан шетелден оралатын азаматтардың елге кіру ережелерін қатайтты. Kovid-19 аталған бұл кесел бойынша қауіпті елдерге Тайланд, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, сондай-ақ Гонконг, Макао, Тайвань кірді. Қытай індеті жайлаған осы елдерден ұшып келетін адамдар тұрғылықты жері бойынша 24 күнге бақылауға алынады. Олар басқа адамдармен араласпауға, халық көп жиналатын жерлерге бармауға тиіс.

Болат Зайнулла сол елдердің бірінде туыстары қалып қойғанына алаңдайды. Оның айтуынша, інісі мен оның қалыңдығы қытайлық жоғарғы оқу орнының студенті. ҚХР-да тегін оқиды, стипендия алады екен.

"Биылғы жыл басында олар жинаған ақшасына жолдама сатып алып, каникул кезінде Қытайдан сыртқа демалысқа ұшады. Бірақ Қазақстанға емес. Себебі үйге ұшып келу тым қымбатқа түседі. Салдарынан олар Тайландтың Краби провинциясында қалып қойды. Университет оларға Қытайға оралуға тыйым салыпты. Әйтпесе, шұғыл ҚХР-ға оралғысы келген. Өйткені Қазақстан ақпан айының басында Қытайдан студенттерімізді эвакуациялады. Бірақ Тайландтағы елшілігіміздің өкілі Қытайға қайтуға енді болмайтынын, ол жақта коронавирус жұқтыру қаупі барлығын айтқан. Студенттердің ақшасы таусылуға таяу, Тайландта ұзақ қала алмайды", – дейді Болат Зайнулла.

Ол қазақстандықтарды Тайландтан да эвакуациялауды сұрайды.

Алайда Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өзге елдердегі отандастарымызға мемлекеттік қолдау болмайтынын аңғартты.

"Шетелде қиын жағдайда қалған Қазақстан азаматтарына қаржылай көмек "Қазақстанның шетелде мүдделерін ұсыну" бағдарламасы аясында республикалық бюджет қаражатына жүзеге асырылады. Бірақ сөз болып отырған жағдай тиісті бұйрыққа сәйкес, бюджеттен қаржыландыруға негіз болып табылмайды", – деді СІМ басшысы.

Қазақстан Қытайдан эвакуациялау шарасын аяқтады. Kovid-19 індетінен тіпті елімізден сыртқа аттап баспаған қазақстандықтар да зардап шегуде.

Алматылық Наталья Кравцова отбасымен бірге шетелге шығып тынығуға шешім қабылдайды. Турфирмадағылар қытайлық Хайнань аралына саяхаттауды ұсынып, дәріптейді. Содан үш айдай бұрын ол бүкіл отбасы үшін жолдама сатып алған. Алайда ҚХР-да өлім сепкен алапат вирус тарай бастағалы туристік агенттіктер ол жаққа клиенттерін аттандыруды тоқтатыпты. Олардың қатарында Наталья Вячеславовна да "Глобус" агенттігіне барып, сапардан бас тартқанын, ақшасын кері алып кеткісі келетінін хабарлайды. Бірақ турагенттік ол ақшаны қайтара алмайтынын мәлімдейді.

"Өйткені Қазақстанның ресми тұрде Қытайға ұшуға тыйым салғаны жөнінде Үкімет қаулысы шықпаған. Онсыз турфирма оператордан ақшаны кері талап етуге ешқандай құқығы жоқ көрінеді. Жаңалықтарда Ресей туроператорлары Қытайға саяхатты толық тоқтатып, барлық қаражаттарды кері қайтарып жатқанын естідім. Біз болсақ, тығырыққа тіреліп тұрмыз", – дейді Наталья Кравцова.

Қытайға демалудан дәметіп, сазға отырған тұрғындар Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа көмек сұрап жүгінген көрінеді. Бірақ Алматы қаласының туризм басқармасы бұл – турист пен турфирма арасындағы келісімге негізделген қарым-қатынас екенін, оған билік органдары араласа алмайтынын хабарлап, шығарып салған.

Демек, үміті алданған қазақстандықтарға турфирмаларын сотқа беруге тура келуі ықтимал.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу