Қазақстанға 118 млрд доллар шетел инвестициясы құйылады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3955

Дүниежүзілік банктің "Бизнес жүргізудің жеңілдігі" рейтингінде біздің ел 35 орынға орналасты.  

Қазақстанға 118 млрд доллар шетел инвестициясы құйылады

Қазақстанның экономикасына әлемнің 120 мемлекеті мен халықаралық ұйымдары қаржы құйып отыр. 2006 жылдан бері шет елден 264 млрд доллар тікелей инвестиция тартылған.

Нидерланд, АҚШ, Франция, Швейцария, Ресей және Қытай мемлекеттері еліміздің негізгі инвесторына айналған. Капитал иелері пайдалы қазбаларды өндіру саласына ғана емес, өңдеуші секторға да қызығушылық танытқан.

Инвесторлар Қазақстанның азық-түлік өнеркәсібіне, агроөнеркәсіп кешеніне сонымен қатар металлургия, мұнай-газ, фармацевтика, туризм және машина жасау салаларына құйған қаржының қайтарымы болатынына шүбәсіз сенген.

Бұған Қазақстан тарапынан инвесторларға жасалған қолайлы инвестициялық климат, салықтық жеңілдіктер мен преференциялар негіз болған. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, ел үкіметі инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары мен халықаралық тәжірибелерге сүйеніп отыр.

"Былтыр Қазақстан экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы инвестициялар жөніндегі комитетінің қатарына қосылды. Содан бері аталмыш ұйымның талабы мен шартына сай жұмыс істеп келеді. Жалпы, соңғы 6 жылда ұлттық заңнаманы халықаралық ұйымның стандарттарына сәйкестендіру бағытында көп жұмыс атқарылды. Нәтижесінде рұқсат беру жүйесіне жеңілдік енгізіліп, салық, кедендік бақылау, көші-қон салаларындағы заңнама жетілдірілді", – деді министр.

Естеріңізде болса, таяуда Астанада өткен "Сауда және инвестицияларды дамыту мақсатындағы Еуразиялық көзқарас" атты халықаралық форумда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы сөз болды. Басқосу барысында алдағы 4 жылда елімізге 118 млрд доллар тікелей шетел инвестициясы құйылатыны айтылды.

Ұлттық экономика министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, халықаралық форум инвестициялық шаралардың айқындығы мен жоспарлы болуын арттыруды, әкімшілік рәсімдер мен талаптарды жеңілдетуді сондай-ақ ДСҰ-ның инвестицияларға жәрдемдесу саласындағы жаңа ережелері бойынша диалог орнатуды мақсат тұтқан.

"Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына 2015 жылы қабылданды. Бүгінге дейін инвестициялық климатты жақсарту үшін елімізде түрлі реформалар жүргізіліп, инвестиция тарту үшін инфрақұрылым жасақталды. 2016 жылдан бастап Қазақстанда барлық инвесторлар үшін "Бірыңғай терезе" жүйесі енгізілді және еліміздегі барлық 14 өңірі мен Астана, Алматы қалаларында инвесторларға өңірлік қызмет көрсету кеңселері ашылды. 20 жылдан бері президент жанындағы шетел инвесторларының кеңесі, премьер-министр жанындағы инвестициялық климатты жақсарту жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Бұған қоса инвестициялық және бизнес-омбудсмен институттары қызмет етеді. Осының барлығы Қазақстанның Дүниежүзілік банктің "Бизнес жүргізудің жеңілдігі" рейтингінде 35 орынды иеленуіне негіз болды", – деп хабарлады ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу