Қазақстанның ең қауіпті жолдары қайсы

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
4058

Күзде үш республикалық тасжол ақылы жүйеге көшеді.

Қазақстанның ең қауіпті жолдары қайсы

Осыдан 5 жыл бұрын ара қашықтығы 265 шақырымды құрайтын Астана-Бурабай тасжолы ақылы автобанға айналды. Содан бері жеңіл автокөлік  иелері әр шақырымға 1 теңгеден, ал жүк көліктері мен автобустардың жүргізушілері жолаушылардың саны мен көлігіне тиеген жүгінің салмағына қарай ақша төлейтін болды.

Ақы алғаны үшін үкімет жүргізушілер мен жолаушыларға бұрынғы 2 жолақты сапасыз тасжолды ұмыттырып, халықаралық стандартқа сай 6 жолақты автомагистраль салып берді. Ақы төлеуден жедел жәрдемнің, өрт сөндірушілер мен полицияның, құтқару қызметі мен әскери қызметкерлердің көліктері сонымен қатар ақылы жол арқылы жақын маңайдағы ауылдардың арасын жалғайтын жолаушы тасымалдау автобустары босатылды.

Жасыратыны жоқ, әу баста қарапайым халық ақылы жол деген не екенін, бұрын тегін жүріп жүрген жолға не үшін ақша төлеуге міндеттелгенін түсінбеді. Салдарынан "Үкімет халыққа қосымша салық салып жатыр" деп шулады. Өз кезегінде құзырлы органдар мен жауапты тұлғалар әлемнің дамыған елдерінің барлығында ақылы жол бар екенін, көлік жүргізушілерінен алынған алым жылдың төрт мезгілінде жолды халықаралық стандартқа сай жағдайда ұстап тұру үшін жұмсалатынын жеткізді. Нәтижесінде ақылы жолға қатысты негізсіз әңгімелер тыйылып, ел тарихындағы тұңғыш ақылы автобан қалыпты жағдайда жұмыс істей бастады.

Көлік жүргізушілері жол ақысын терминалмен, қағаз ақшамен немесе монетамен, я болмаса банк картасымен төлейтін болды. Бұған қоса payway.kz қызметі арқылы алдын ала арнайы есепшотты комиссиясыз толтырып, ақылы жолдан кезексіз өту мүмкіндігі ұсынылды. Ал аудан аумағынан аспайтын көліктерге, яғни тұрғылықты жері ақылы автобанның бойында орналасқан жергілікті жүргізушілерге белгілі территориялық аймақта тегін жүру құқы берілді.

Естеріңізде сала кетейік, Астана-Бурабай тасжолының құрылысы 2006 жылы басталып, 2009 жылы аяқталды. Жол салуға Қазақстан, Иран, Италия мемлекеттерінің мамандары қатысты. Қуантатыны, құрылысы аяқталғанға дейін "қанды тасжол" аталған жол ең қауіпсіз жолға айналды. Статистика комитетінің мәліметінше, Астана-Бурабай тасжолы бойында соңы адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының саны 8 есе азайды. Осыны назарға алған инвестициялар және даму министрлігі ел аумағында I санатты жолдардың, яғни ақылы автобандардың санын көбейту жоспарын құрды. Соған сәйкес Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай, Астана-Павлодар, Алматы-Қарағанды, Алматы-Қорғас автожолдары мен "Батыс-Еуропа-Батыс-Қытай" транзиттік көлік дәлізін ақылы қылу туралы шешім қабылданды.

Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай бағытындағы ақылы тасжолдар қолданысқа былтыр берілуге тиіс еді. Алайда жоспар жүзеге аспай қалды.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің мәлімдеуінше, былтыр орындалмаған жоспар биыл орындалады.

"Күзде Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау, Алматы-Қапшағай бағытындағы республикалық тасжолдар ақылы жүйеге көшеді. Көлік жүргізушілерінен Астана-Бурабай тасжолының тәртібі бойынша ақы алынады. Жалпы алғанда елімізде алдағы екі жылда 6 мыңға жуық, 2022 жылға қарай 10 мың шақырым жол ақылы жолға айналады", – деген болатын үкімет отырыстарының бірінде министр.

Естеріңізде болса, былтыр еліміздің шығысы мен батысындағы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі маңызды 5 автожолдың белгілі бір бөліктері қолданысқа берілді. Қазір Қостанай-Денисовка, Шортанды-Зеренді, Таскескен-Бақты, Үшарал-Достық, Бейнеу-Ақжігіт, Осиновский асуы, Қалбатау-Майқапшағай және Астананың Оңтүстік-Батыс айналма тасжолдарының құрылысы жүріп жатыр.

Министр мәлімдегендей, құрылысы жүріп жатқан тасжолдардың бір бөлігі ел игілігіне 2020 жылы беріледі. Сол сәттен бастап қазына қаржысы жылына 30 миллиард теңгеге еселенеді.

Бір айдан соң қолданысқа берілетін Астана-Теміртау тасжолына келетін болсақ, ол сынақ режимінде іске қосылады. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ның баспасөз хатшысы Бауыржан Серікбаев түсіндіру жұмыстары кезінде: "Сынақ кезінде кемшіліктер анықталады және дұрысталады. Қазір жол бойына тиісті техника орнатылып жатыр. Ұзындығы 170 шақырымды құрайтын жолдың әр шақырымына көлік жүргізушілері 1 теңгеден төлейді. Ақылы жол бойындағы әкімшілік территориялық аймақта тіркелген және сонда тұратын жеке, заңды тұлғалар жылына бір рет мың теңге төлеп, жақын маңайдағы елдімекендерде емін-еркін жүріп тұрады",– деді.

Бауыржан Серікбаев Алматы-Қорғас тасжолы туралы да пікір білдірді.

"Бастапқы үш айда ешбір көліктен ақы алынбайды. Көлік жүргізушілері күздің соңында немесе қыстың басында ғана ақша төлей бастайды", – деді ол.

"ҚазАвтоЖол" АҚ бизнесті дамыту басқармасының басшысы Ернар Төлегенов жылына бір рет төленетін абоненттік төлем жеңіл көлік иелеріне ғана арналғанын айтты.

"Бір емес, бірнеше көлігі бар жеке немесе заңды тұлғалар әр көлігіне мың теңгеден төлеуге тиіс. Абоненттік төлемнің осы түрі Алматы-Қорғас тасжолында ғана қолданылады. Ақылы жол бойына орналасқан 4 ауданның тұрғындары аудан аумағындағы жолда тегін жүре алады. Басқа ауданға өтетін болса, ақы төлейді. Негізі жылына бір рет бір мың теңге абоненттік төлем төлеп қойған тиімді. Өйткені бір ауданда тұратын көлік жүргізушісінің бір жылда басқа ауданға өтпеуі мүмкін емес. Көлік жүргізушісі ақша төлеуден жалтарып, бір ауданнан екінші ауданға өткенін жасырса, бірақ ақылы жол бойындағы бейнекамераға түсіп қалса, айыппұл төлеуге тиіс болады. Тәртіп бұзғаннан кейінгі бір аптада көлік жүргізушісінің үйіне ескерту қағазы жіберіледі. Егер көлігі бар жеке тұлға заңға қайшы әрекетін қайталайтын болса, 5 АЕК, ал заңды тұлға 10 АЕК айыппұл төлейді",– деді басқарма басшысы.

Ернар Төлегеновтың мәліметінше, Алматы-Қорғас тасжолының ұзындығы 304 шақырымды құрайды. Жол бойында 2 ақша қабылдау бекеті мен 6 бақылау бейнекамерасы болады.

"Осы бағыттағы жолда жеңіл автокөлік иелері әр шақырымға 1 теңгеден төлесе, жүк көліктері мен автобустар салмағы мен тасымалдайтын жолаушыларының санына қарай есептеседі. Мысалы көпосьті және тіркемесінде 15 тоннадан асатын жүгі бар жүк көлігі Алматы-Қорғас тасжолын басып өткені үшін 7610 теңге төлейді", – деді ол көпшілікпен жүздескен кезде.

Айтпақшы биыл Астана-Павлодар бағытындағы төрт жолақты тасжол да ақылы жүйеге көшуге тиіс еді. Алайда қазір бұл туралы ештеңе айтылмайды. Соған қарағанда жобаның мерзімі кейінге шегерілген болу керек. Құрылысы 2014 жылы басталып, 2016 жылы аяқталуға тиіс болған жол осыған дейін елді бір шулатқан. "Дена Рахсаз" атты ирандық компания қаржы дағдарысына тап болып, құрылысты жарты жолда қалдырған.

Жол мен жолаушы жайлы сөз қозғалғанда міндетті түрде қауіпсіздік мәселесі тілге тиек етіледі. Былтыр көлік жүргізушілері арасында ұйымдастырылған сауалнама еліміздегі ең қауіпсіз жол Астана-Бурабай тасжолы екенін анықтады. Алматы-Қапшағай тасжолы жол-көлік оқиғасы көп тіркелетін ең қауіпті магистраль деп танылса, Балқаш-Қарағанды тасжолы антирейтингтің екінші сатысында тұрды. Ал Шымкент-Түркістан тасжолы қауіптілігі бойынша үшінші орынға орналасты.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу