Қаланың аты өзгергенмен, заты – сол баяғы қалпында

2839

Бірер күннен соң бұл қала мен аудан атауының өзгергеніне 3 жыл толады. Содан бері не өзгерді?  

Қаланың аты өзгергенмен, заты – сол баяғы қалпында

2018 жылғы 28 желтоқсанда Елбасы Н. Назарбаев "Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданын және Зырян қаласын Алтай ауданы және Алтай қаласы деп қайта атау туралы" жарлығына қол қойғаны мәлім. Бұл оның Қазақстан Президенті мәртебесінде қабылдаған соңғы жарлықтарының бірі болатын. 

Бірден айта кетелік, атауы өзгергеніне 3 жыл ғана толғанымен, қала биыл 230 жылдығын атап өтіпті. Жергілікті Мәдениет үйінің аға мәдени ұйымдастырушысы Ольга Мылевскаяның айтуынша, шаһар 1791 жылы құрылған.

"Сол жылы Зырянов есімді қарапайым жұмысшы мұнда полиметал кен орындарын тапты. Кейін алғаш ашушының аты берілген кеніш пайда болды. Біздің аудан – "Кенді Алтайдың" ең көне тау-кен аудандарының бірі саналады. 1892 жылы мұнда Кеңес Одағындағы алғашқы "Березовка СЭС-і" салынды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1941 жылғы 17 қаңтардағы жарлығымен Зырян ауылы "қала" мәртебесіне ие болды", – дейді О. Мылевская.

Алтай ауданы 1 млн 56 мың 96 гектар аумақты алып жатыр. Бұл – ШҚО жерінің 3,7%-ы. Алтай ауданының аумағында екі қала орналасқан (Алтай және Серебрянск). Бұл қала туралы жақында жазғанбыз. Бұдан бөлек, ауданда 4 кент, 9 ауылдық округ бар. Басым көпшілігінің атауы орысша (Прибрежный, Зубовск, Жаңа Бұқтырма, Малеевск, Северное, Средигорный, Чапаево, Парыгино, Никольск, Соловьево, Полянск, Тұрғысын).

Аудан орталығы – Алтай қаласы. Ол облыс орталығы Өскеменнен 175 шақырым жерде орналасқан. Қаладан 35 мыңнан астам адам өмір сүруде. Кеңес кезінен бері тұрғындар саны екі еседейге азайыпты.

Қала туралы екіұдай пікір

Егер ресми дерекке жүгінсек, Алтай – дамуы жөнінен өзге өлкелерге үлгі-өнеге. Атап айтқанда, қалада кейінгі үш жылда құрылыс қарқын алған, қанатын кең жаюда деседі. Мысалы, онда ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мәселесі шешілмей, өткір тұрды. Жас босанған аналар бөбектерін тәрбиелеп, біраз жыл үйінде отыруға мәжбүр еді.

АltayNews-тегі әріптестеріміздің мәліметінше, бертінде мәселе толық дерлік шешіліпті. Алтай қаласында 3 балабақша және мүмкіндігі шектеулі балаларды күндізгі уақытта күтіп-бағатын қызметтің үй-жайы ашылған.

Спортты өркендетуге де көңіл бөлінуде екен. 2016 жылы қалада 100 орынға арналған, мың шаршы метрден астам ауданды қамтитын жасанды мұзы бар жабық хоккей модулі тұрғызылды.  

Алтай қаласындағы баспанасыздық мәселесі де толық шешілуге таяған деседі. Қаладағы 10-шы шағынауданда 60 пәтерлік тұрғын үй бой көтерген. Нәтижесінде, 60 отбасы, оның ішінде 24 көпбалалы отбасы, 12 жетім бала, І және ІІ топ мүгедектері, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғызбасты аналар, қариялар арендалық баспанаға ие болды. Енді Алтайдың Рудный көшесінде 60 пәтерлік көпқабатты жаңа тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұдан өзге, қаланың Комсомольская 19/1 көшесінде 100 пәтерлік көпқабатты үй тұрғызу жобасы пысықталуда.

2020 жылы облыс әкімінің тапсырмасымен "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Алтайда сәулет стилі бірдей 14 бірқабатты жеке үйлер салынып, ел игілігіне тапсырылыпты. Оларды әкімдік үй кезегінде тұрғандарға жалға берген. 2021 жылы ауданда тұрғын үй құрылысы жалғасты. Бүгінде "Бірқабатты Шығыс-Одноэтажный Восток" атты жергілікті бағдарлама аясында Алтай қаласында 20 жеке үйдің (коттедж) құрылысы аяқталып қалған. Аталған бағдарлама аясында сондай-ақ Серебрянск қаласында 5 коттедж, Жаңа Бұқтырма ауылында 5 коттедж салынуда.

Ал тұрғындарға сөз берсек, қаладағы жағдайды қатты сынайды.

"Бізді Қазақстандағы денсаулық сақтау жүйесінің тек ірі қалаларда ғана жақсы деңгейде екені қапаландырады. Алтай қаласында тұратын анамды бір ай бұрын ауруханаға жатқызды. Осы уақыт ішінде емдеп шықпақ түгіл, оған дұрыс диагноз да қоя алмаған. Ауруханада бір айдай ұстап, ахуалы бұрынғыдан да нашарлаған күйде шығара салған. Өйткені Алтайдағы медицинаның деңгейі еш сын көтермейді. Анам Өскеменге бара алмайды. Себебі жүруден қалып барады. Шенеуніктер сонда мұндай қалаларда адамдар үйінде өлсін дей ме? Жергілікті дәрігерлердің салмақты дерттерді емдеуге біліктілігі жете бермейді", – деп ренжиді Елена Капитонова.

Айтқандай, қалаға ШҚО әкімі Даниал Ахметов сапармен келгенде, жергілікті әкімқаралар жергілікті медицинаны жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Облыс басшысы жұмыс сапары барысында қаланың медицина мекемелерін аралаған. Көргеніне көңілі толса керек, "Алтайдың медицина мекемелері бүгінде айтарлықтай өзгеріпті" деп қайран қалды. Қалада кардиология орталығы салынып, жабдықталған.

"Мұның барлығы Алтай ауданына және жақын орналасқан көршілес аудандарға ыңғайлы болу үшін жасалғаны" айтылды. Алтай қалалық емханасын да жөндеу жоспарланған.

Vlast.kz порталының журналистері Алтайға "шынымен өліп бара жатқан қала" деп баға берді. Олар қаладағы медицинаның нашар жағдайын, жаңа жолдардың жоқтығын, жазғы маусымда ыстық судың жоғалып кететінін, ал қала шетінде тіпті ұялы байланыстың "ауламайтынын" атап өтті.

Қаланың болашағы қандай?

Қала жалғыз кәсіпорынға тәуелді моноқала болып табылады. Алдағы уақытта басты кен орны жабылып қалса, қаланың және оның тұрғындарының әл-ауқаты тіптен төмендеуі мүмкін. 

Қаланың біраз тұрғыны Малеев кенішінде жұмыс істейді. Оның барланған кені сарқылуға таяу. Жергілікті тұрғындар оның жабылып қалуынан қауіптенеді. Қазіргі кезде онда тереңірек жатқан кенді игеруге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды қолданып көруге талпыныс жасалуда екен. Егер жоба жүзеге асса, кен өндірісі тағы бірнеше жылға ұзайды. Оның алдында Грехов кеніші жабылды.

Тұрғындардың үлкен бөлігі "Қазмырыштың" тау-кен байыту кешенінде жұмыс істейді. Кен таусылса, ол да тоқтамақ.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі былтырғы ақпанда "Қазгеология" АҚ-ы Алтай жанындағы Ревнюшинский алаңында жаңа алтын, полиметал кенорындарын табу үшін геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Жаңа кенорындары ашылса, ауданның шикізат базасы нығаймақ.

Әзірге мүмкіндігі барлар өзге қалаларымызға, көрші Ресейге көшуде. Жастар да көп тұрақтамайды, мектеп бітіре сала, үлкен қалаларға аттануға бейім.

Қаланың бюджеті де көп нәрседен үміттенуге мүмкіндік бермейтіндей. Алтай ауданының мәслихаты "2022-2024 жылдарға арналған Алтай қаласы бюджетінің" жобасын жариялады.

Оған сәйкес, келесі жылы Алтай қаласының бюджеттік шығындары 342,5 миллион теңгені құрамақ.

Бір жұбантарлығы сол, қала толығымен өзін-өзі қамтушы шаһар саналады. Жергілікті мәслихаттың дерегінше, ол жоғары тұрған бюджеттерден бір тиын трансферт алмайды.

Яғни алдағы жылы шығындайтын 342,5 миллионның бәрін салық және салықтық емес түсімдер түрінде өзі жинайды.

Қала бюджеті 2023 жылы – 394 миллион, ал 2024 жылы – 424,4 миллион теңгеге дейін өседі деп жоспарланып отыр.

Алдағы жылы бюджетінің 77,2 миллионын – шенеуніктерді ұстап тұруға және мемқызметтер көрсетуге жұмсамақ.

Өзіне қарайтын елдімекендерді көркейтуге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына – 102,3 млн (оның ішінде көшелерді жарықтандыруға – 35 млн), автомобиль жолдарын күтіп ұстауға, жөндеуге – 163 млн теңге бағыттайтын болады. Басқа шығыстар көзделмеген.

Жалпы шекарадағы қалаларды дамытуға мемлекет баса мән бергені жөн. Президенттің Екібастұздағы кеңейтілген кеңесте берген тапсырмасын орындау үшін ел Үкіметі моноқалаларды дамытудың жаңа әдіс-тәсілдемелерін пысықтап жатқан көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу