Қазанарық "қан қақсатып" тұр

3495

14 жылдан бері тазаланбаған арықтың суы жазда мүлде ақпай қалады. 

Қазанарық "қан қақсатып" тұр

Ордабасы ауданы, Қараспан ауыл округі, Ақжол елдімекенінің тұрғындары көктем шығысымен ағын су тапшылығына тап болады екен. Бұған ақжолдықтардың еті әбден үйреніп алыпты.

"Біздің елдімекенге келетін 2 арық бар. Соның бірі – Қазанарық. Кеңес заманынан бері ауыл ағын суды осы арықтан алып жүр. Бұрын сарқырап ағатын судың қарқыны бүгінде бәсеңсіп қалған. Біз көкөніс, жеміс-жидек егумен күн көреміз. Алқапты үнемі суарып отыру керек. Алдағы уақытта су тапшылығы мәселесі шешілмейтін болса, жағдаймыз қиындап кетеді", –  дейді Ақжол ауылының тұрғыны Ертай Әлекеев.

Ордабасы ауданына ағын су Бөген су қоймасынан келеді. Бөгеннен бастау алған су Қазанарыққа келіп құйылады. "Бөгеннің суы тасып жатқанда біз ағын суға жарымай отырамыз. Шілденің шіліңгірінде алқабымыз қурап қалады. Осыны айтып аудан әкімдігіне бірнеше рет бардым. Алайда олар нақты шешім қабылдаған жоқ. Ал біз бірде болатын, бірде болмайтын судың ақшасын ай сайын тиісінше төлеп отырмыз", – дейді "Сейдақбар" шаруа қожалығының төрағасы Дөненбай Сейдақбаров.

Жалпы бүгінде Ақжол ауылында 500 отбасы түтін түтетіп отыр. Олардың  негізгі күнкөрісі – егіншілік. Бұл жерде жайылым аз. Мұндағылар 5-10 ірі қара, 5-6 жылқы ғана ұстай алады. Сондықтан халықтың басым бөлігі егіншілікпен айналысады.

"Ағын сусыз біздің ауылдың болашағы бұлыңғыр. Егер Қазанарыққа су тиісті деңгейде келмейтін болса, ауылдан көшуден басқа амал қалмайды. Бұл жерде егіс алқабы да, жайылым да, шабындық та ағын суға тәуелді", – дейді ауыл биі Батыр Андасов.

Мәселенің мән-жайын білу үшін біз Ордабасы ауданы, Қараспан ауылдық округінің әкімдігіне хабарластық. Мұндағылар Қазанарықтың су өткізу қабілеті өте төмен екенін алға тартты.

"Қазанарықтың жалпы ұзындығы 24 шақырым. 2015 жылы арықтың 1 шақырымы жөнделді. Қаржы тапшылығына байланысты жұмыс тоқтап қалды. Бұл жерді тереңдетіп қазып, жақсылап тазалау қажет. Бұл жұмыс атқарылмайтын болса, судың ағысы қазіргіден де баяу болады", –  дейді  Қараспан ауыл округі әкімшілігінің іс басқарушысы Темірхан Медеубеков. 

Қараспан ауыл округіне қарасты Көлтоған ауылы да дәл осындай қиындыққа тап болып отыр. Мұндағылар "Р-6" арығының әбден тозығы жеткенін айтып, дабыл қағады. Бұл арық 14 жылдан бері тазаланбаған екен. Қоқыс пен қамысқа толған арық  суы  жазда мүлде ақпай қалатын көрінеді.

"Менің 40 га егістік жерім бар. Оның басым бөлігі жылда игерілмей қалады. Өйткені бізге ағын су дұрыс келмейді. Біз судың ақшасын төлейміз, бірақ оны қажетімізге қарай тиісті мөлшерде пайдалана алмаймыз", - дейді көлтоғандық шаруа Амангелді Фазылов.

Суармалы судың тапшылығы  ауылдағы 30-ға жуық қожалықты алаңдатып отыр. Шаруалары шатқаяқтай бастаған адамдар "мәселе арықты тазалағаннан шешілмейді", - дейді олар.    

"Адамдардың алаңдап отырғанын түсінеміз. Екі ауылдың мәселесі өте ұқсас. Қараспан тоғанынан келетін ағын суға Қараспан ауылдық әкімдігі жауап бермейді. Десек те біз мәселені көтеріп, ұсыныс ретінде аудан әкімдігіне  жолдадық", - дейді Қараспан ауыл округі әкімшілігінің іс басқарушысы Темірхан Медеубеков. 

Жалпы екі ауылға да ағын су "Арыс-Түркістан" тоғанынан арық арқылы ағып жетеді екен. Тоғанның суы жылда арнасынан асып жатады. Бұл жерде  мәселенің барлығы арыққа байланысты болып тұрған сыңайлы.

Ал Бөген су қоймасының қызметкерлері: "Біз Арыс-Түркістан тоғаны арқылы Қараспанға су жеткізіп береміз. Сумен қамту аумағы 25 шақырымды құрайды. Ауылға су жетіспеуінің бірден бір себебі арық - дер кезінде тазаланбайды. Ал арық тазалау жұмысы біздің құзырымызда емес", - деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу