Кедендік баж салығы мен доллар бағамы

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
14989

отандық автодилерлерге кері әсерін тигізбейді.

Кедендік баж салығы мен доллар бағамы

Төрт күннен кейін Кеден одағына мүше мемлекеттер автокөлікке салынатын кедендік баж салығын арзандатады. Еуразия экономикалық комиссиясының мәлімдеуінше, автожүргізушілер 1 қыркүйектен бастап шетелден әкелген су жаңа көлігі үшін бұрынғыдай 23% емес, 17% баж салығын төлейді. Қолданысқа берілгеніне 7 жылдан асқан темір тұлпарларға жеңілдік жасалмайды. Мұндай көліктерге осыған дейінгідей 22% салық салынады.

Болашақта автожүргізушілерге шетелден жаңа көлік әкелген бұдан да тиімді болады. Себебі жаңа жылдан бастап автокөлікке салынатын баж салығы тағы 2%-ға төмендейді.

Кедендік баж салығының арзандауы мен АҚШ долларының қымбаттауы отандық автодилерлер мен қарапайым адамдарға қалай әсер етуі мүмкін. Осы сұраққа жауап алу үшін мамандардың пікірін білдік.

Mercur Auto компаниясының менеджері Нұржан Марзумовтың мәлімдеуінше, Кеден одағына мүше мемлекеттер ескі көліктерді қолданыстан шығарудың түрлі тәсілдерін енгізе береді. Осылайша автонарықты "тозған темірден" тазартады.

"Кеден одағына мүше мемлекеттерде Еуропа елдеріндегідей жаңа көліктің салығы аз, ескі көліктің салығы көп болады. Уақыт өте келе адамдар ескі көліктерден бас тарта бастайды", – деді Mercur Auto компаниясының менеджері.

Оның сөзінше, кедендік баж салығының төмендеуі отандық автоөндірушілерге кері әсерін тигізбейді.

"Біріншіден, шетелге барып көлік әкелу оңай шаруа емес. Бұған кез келген адамның уақыты, күші және тәуекелі жете бермейді. Екіншіден, автозауыттар ресми дилерлерге автокөліктерді арзан бағаға береді. Ал дилерлер сататын көліктеріне көп ақша қоспайды. Осыны назарға алатын болсақ, азаматтарға автокөлікті өз қаласындағы ресми дилерден сатып алған әлдеқайда тиімді", – деді Нұржан Марзумов.

Mercur Auto компаниясы өкілінің айтуынша, кедендік баж салығы арзандағанына қарамастан, алыпсатарлардың айы оңынан тумайды.

"Бүгінгі таңда адамдардың бойында автокөлікті алыпсатарлардан емес, ресми дилерлерден сатып алу мәдениеті қалыптасып келеді. Себебі ресми дилер автөкөліктің сапасына бірнеше жыл кепіл болады. Қандай да бір ақау анықталса, тегін жөндеп береді. Ал алыпсатарларда мұндай түсінік жоқ. Олар көлік сатқаннан кейін сатып алушымен байланысын бірден үзеді", – деді Нұржан Марзумов.

Менеджердің түсіндіруінше, алыпсатарлықтың алдын алу үшін бір жылда шетелден бірнеше көлік әкелген азаматтарға заң бойынша баж салығын бұрынғы көрсеткішпен төлеу міндеті қойылған.

АҚШ долларының қымбаттауы дәл қазір автодилерлерге де, көлік сатып алушыларға да кері әсерін тигізбейтін көрінеді. Бірақ алдағы уақытта көлік бағасы өсуі мүмкін екен.

"Бүгін, ертең жаңа көліктердің құны өспейді. Себебі олар бұрынғы бағаммен сатып алынған. Десекте болашақта жаңа көліктердің бағасы өзгереді", – деді Нұржан Марзумов.

Оның пікірінше, көлік бағасы доллар бағамына емес, рубльдің бағамына қарай құбылады.

"Өздеріңіз білесіздер, қазір Қазақстанға автокөлік Еуропадан емес, Рсейден әкелініп жатыр. Сондықтан біз көлік құнын рубльдің жағдайымен байланыстырамыз", – деді Нұржан Марзумов.

"Тойота Центр Астана" автосалоны сату бөлімінің менеджері Мейрамбек Байсымақов кедендік баж салығының төмендеуі отандық автодилерлер мен тұтынушыларға оң немесе теріс әсер етеді деп кесімді пікір білдіруге болмайтынын айтты.

"Кедендік баж салығы аяқ астынан төмендетілген жоқ. Бұл жоспарлы түрде жүзеге асырылған іс. Сондықтан кедендік баж салығы мен көлік бағасын бір-біріне байланыстыра салуға болмайды. Автонарықтағы бағаны 6%-ға төмендеген кедендік баж салығы шешеді деу дұрыс емес. Көліктің құнын кедендік баж салығы емес, нарық реттейді", – деді Мейрамбек Байсымақов.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу