ҚЭҚ: елдің жылу-энергетикасына арнайы салық тәртібі қажет

12814

Елдегі электр энергетика қауымдастығы бюджеттен субсидияланатын жылу-энергетика саласына неге салық салынатынын түсінбейді.

ҚЭҚ: елдің жылу-энергетикасына арнайы салық тәртібі қажет

Бүгінгі күні елдің жылу-энергетика саласы қомақты қаржы салуды қажет етіп отырғаны бәріне белгілі және ол арнайы дәлелдеуді қажет етпейді. Мұның дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екенін, осы саладағы жылу беретін қуат көздерінің қолданылу мерзімі мен жылу желілерінің тозу дәрежесінің көрсеткіші сияқты қарапайым статистикаға қарап-ақ айтуға болады.

Электр энергетикасы қауымдастығының мәліметіне қарасақ, елдегі жылу беретін стансалардың 11%-ы 20 жыл бұрын салынған, пайдалануға берілгеніне 20-30 жылдан асқан стансалардың саны да осынша. Ал үздіксіз 30-40 жыл жұмыс істеп келе жатқан стансалардың саны 38%-ды, сондай-ақ 40 жылдан астам жұмыс істеп тұрған стансалар саны 39 %-ды құрайды.

Осынша уақыт жұмыс істеу үлкен жаңғыртуды, яғни көп қаражат қажет ететіні түсінікті. Бірақ, сол қаражатты алатын жер жоқ.

"Тап қазіргі уақытта жылумен қамту ұйымдары орталық жылумен қамту жүйесіне қажетті техникалық қайта жарақтандыруды өздігінен іске асыра алмайды. Себебі, олар негізгі тұтынушы – жеке тұлғалардың төмен төлем қабілетіне бағдарланған жылуға деген реттемелі тарифпен шектелген",– деді электр энергетикасы қауымдастығының төрағасы Шаймерден Оразәлинов.

Мемлекет соңғы жылдары тек электр энергетика өндірісіне ғана тарифтік ынталандырулар жасап отыр. Ал жылу беру саласын "жылы жауып қойған". Айтып отырғанымыз, тек жылу беру қуатына ғана қатысты қиындықтар.

Бұдан басқа тұтынушыларға жылуды тасымалдау мәселесі бар. Елдегі жылу желісінің ұзындығы 12 мың 300 шақырым, оның 24%-дан астамы ескірген. "Ал өңірлерде орналасқан басқа жылу желілерінің 50%-дан астамы тозып біткен", – деді Шаймерден Оразәлинов.

Жылу энергетикасы тек жекеменшік инвестициямен ғана емес, сондай-ақ жергілікті бюджеттің субсидиялауымен "өмір сүріп" келеді. Осының өзінен салық алынады, сонымен қатар жаңғыртудың нәтижесінде құрылған жылу стансаларының жаңа активтерінен де салық алынып отыр. Электр энергетикасы қауымдастығы бұл оғаштықты мемлекет жоюы керек деп есептейді.

"Бүгінгі күні жылумен қамту саласындағы басты міндеттердің бірі тек өндіруді ғана қалыпқа келтіру емес, сонымен бірге жылу желілерін, жылу сорғыш стансаларын, жылу бекеттерін жаңғырту және жылу желілеріндегі олқылықтарды әлемдік стандарттарға жеткізу, – деді ҚЭҚ басшысы. – Өкінішке қарай, үлкен қаржы салуды қажет ететіндіктен, бүгінгі күні бұл жұмыс өте баяу іске асуда".

"Қазір бюджеттің барлық деңгейі жылу желілерін жаңғыртуды қаржыландырып жатыр. Алайда, бюджеттен субсидия алып отырған жылу транзиттері толық көлемде мүлік салығын, корпоративтік табыс салығын, қосымша құн салығын төлейді. Сонда қисын қайда?

Жылу беру желілерін және олардың инфрақұрылымын қалыпқа келтіру және жаңғырту міндеті қойылды ма, онда еліміздің өңірлерін жылумен қамтамасыз ететін осы кәсіпорындарды салық төлеуден босату мүмкіндігін де қарастыру керек",– деді Шаймерден Оразәлинов.

Оның айтуынша, кәсіпорындарды осы салықтардан босату – тұтынушы үшін жыл сайын өсіп отырған тарифтердің қарқынын басуға және ескі желілерді айырбастау ісіне қаржы тартуға жағдай жасайды. Жаңа материалдар, жабдықтар және жаңа технологиялар қымбат болып қана қоймай, мүлік салығының және басқа да аударымдардың едәуір өсуіне әкеп соғады.

"Ақыр соңында, осындай кәсіпорындарға арналған арнайы салықтық тәртіп кәсіпорынның жабдықтарын жаңартуға және қалыпқа келтіруге жағдай жасайды. Бұл мәселенің шешімі осы ғана. Ал мұнсыз бұл сала инвесторлар үшін үнемі шығын әкелетін, тартымсыз сала болады", – деді ҚЭҚ басшысы.

Қауымдастықтың бұл бастамасы алғаш рет бейсенбі күні, яғни 10 қарашада өткен энергетика форумында айтылды. Сол себепті, әзірше бұған қатысты үкімет тарапынан жауап болған жоқ.

Шаймерден Оразалиновтың айтуынша, бұл жерде меншік түріне қарамастан, жылумен қамтитын барлық станса үшін арнайы салықтық тәртіп жасау туралы сөз болып отыр. Оның келтірген дерегіне сүйенсек, дәл қазіргі уақытта елде 38 ЖЭО, 29 ірі қазандық және шамамен 5400 ұсақ қазандық бар. Олардың шамамен 80%-ы коммуналдық меншік иелерінің қолында, ал қалған 20%-ға жуығы жекеменшікке берілген.

Уәде етілген заң жобасы

ҚЭҚ-тың ұсынған бастамасына үкіметтің қалай қарайтыны әзірге белгісіз. Алайда, қауымдастықтың отандық шенеуніктермен өзара әрекеттескен "қайғылы" тәжірбиесі бар. Шаймерден Оразалинов осы энергетикалық форум аясында елде "Жылумен қамту туралы" заңды төртінші жыл қабылдата алмай отырғанын айтып кетті. Елде осындай нормативтік актінің қабылдануы жайындағы идеяға мүдделі барлық мемлекеттік орган сөз жүзінде қолдайды. Осыған байланысты ҚЭҚ энергетика министрлігінен қолдау сұрайды.

"Заңнамалық олқылықтардың орнын толтыру мақсатында елдегі жылумен қамту мәселесінде осындай заң жобасын қабылдау мен қарастыру энергетика министрлігі атынан ұсынылуы қажет, – деді Шаймерден Оразәлинов. – ТМД елдері арасында жылумен қамту туралы заңы жоқ жалғыз ел біз ғана.

Бүгінгі форумға қатысушылардыдың көбісі біздің "Жылумен қамту туралы" заң жобамызды дайындауға атсалысты. Алайда, арада 4 жыл өтсе де, біздің мемлекеттік органдар осы заң жобасын қабылдай алмай отыр. Бастапқыда оны табиғи монополияларды реттеу агенттігіне берді, ол жерде 15 жұмыс тобын жүргізіп, одан кейін оны экономика және сауда министрлігіне берді. Осымен барлығы бітті", – деді ҚЭҚ басшысы.

ҚЭҚ басшысының айтуынша, заң жобасын қабылдауға қатысты осыдан бұрынғы энергетика министріне де, қазіргі министрге де өтініш жасалған.

"Бұл заң жобасы қажет деген емес, мұнымен ұлттық экономика министрлігі айналысуы керек деген жауап алдық", – деді Шаймерден Оразәлинов. – Мұны қалай түсінуге болады? Мұны кім және қалай бөледі? Энергетика жағын энергетика министрлігі, ал жылу жағын ұлттық экономика министрлігі ала ма? Сондықтан осы заң жобасын қабылдаған дұрыс. Оның негізін әзірлеп те қойдық, сондықтан мұны бір-біріне сілтеудің қисыны жоқ. Мұнымен энергетика министрлігі айналысуы керек. Өйткені, осы заңмен көптеген заң актісі байланысты. Ал оның барлығы жұмыс істеуге тиісті", – деп есептейді ҚЭҚ басшысы.

Ауаны ластайтын зиянды газға қатысты квоталар көмір стансалары үшін керек емес

Елімізде ауаны ластайтын зиянды газдарға қатысты квота сату жүйесін енгізуге байланысты жылумен қамту саласында тағы да бір үлкен мәселе туып отыр. Жоғарыда айтылғандай, жылу стансаларының ұзақ мезгіл жұмыс істеуі жағдайында негізгі массаны көмір генерациясы құрайтындықтан, бұл квоталар ешқашан жетпейтін болады.

"Мұндай жүйеде көмірден энергия өндіру тек сатып алушының ғана рөлінде болады", – деді Шаймерден Оразалинов. – Қауымдастық орташа тоғыз стансаға есептеу болжамын жасады. Осыған сәйкес, орташа көмір стансасы айтылған жүйеде жұмыс істеуі үшін биржада жетпей тұрған 117 млн-нан 680 млн теңгеге дейінгі сомаға квота сатып алуы керек", – дейді қауымдастық басшысы.

Осы орайда, жетпейтін квотаны сатып алуға жұмсалатын шығынды жылу тарифіне қосуға ешкім рұқсат бермейді. Себебі, тарифті көптеген тұтынушының қалтасы көтермей қалады. Яғни, стансалардың жетпейтін квотасын сатып алуға қаражаты жоқ. Бірақ, қақаған суықта жұмысты тоқтатуға да құқы жоқ. Мұның арты миллиардтаған айыппұл санкциясын төлеуге әкеледі.

"Есептеу болжамы жасалған 9 стансаның жалпы айыппұлы 27 млрд теңгені құрайды, – деді ҚЭҚ басшысы. – Сонда біз орталықтандырылған жылумен қамтуды дамытамыз ба әлде жылу мен электр энергиясының көмір стансаларындағы өндірісті шектейміз бе?" – деді Шаймерден Оразәлинов.

ҚЭҚ маманының мәліметінше, зиянды газдардың бөлінуі бойынша әлемдік қауымдастықта Қазақстанның үлесі небәрі 0,7%-ды құрайды. Бұл сонша ақшаны шашатындай шаруа емес.

"Екіншіден, қазір әлемдік тәжірибеде көмірді жағуды арттырып, ал улы газдардың ауаға бөлінуін азайтуды анықтайтын технология да, жабдық та жоқ, – деп сөзін жалғастырды Шаймерден Оразалинов. – Мұның не техникалық, не басқаша шешімі жоқ. Содан соң мен көмір стансаларымыздың жұмыс істеу мерзімін санап көрсеттім. Ол жердегі алаңдар, жер телімдері оксид, азот, күкірт газы және қатты қалдықтар бөлінуін электр сүзгілер есебінен толыққанды жаңғыртуға мүмкіндік бермейді",– деп қосты ҚЭҚ басшысы.

Осы ретте ҚЭҚ көмір генерациясының орнын басатын шешім таяу арада көрінбейтіндігін айтты. "Тек елді газбен қамту ғана шамалы дәрежеде әсер етуі мүмкін. Алайда, газ бағасын есепке алатын болсақ, көмір стансалары газға көшкеннен кейін тариф, баға бойынша бәсекеге қабілетсіз болады,– деп есептейді қауымдастық басшысы. – Елімізді газбен қамту 2030 жылға дейін жасалатын шаруа, одан бұрын болмайды.

Яғни, бір нақты шешім жоқ. Мысалы, атом стансасы батыс өңірде электр энергиясының мәселесін шешуі мүмкін. Бірақ, ол өңірдегі жылумен қамту мәселесін шешпейді. Гидроэнергетиканың әлеуеті шектеулі, 2020 жылы қайта қалпына келтірілетін энергетиканың үлесі 3% болады. Бірақ, энергия көзін қайта қалыпқа келтіру мәселесіне де ойланып баруымыз керек. Бүгінгі күні энергия жүйесі 1400 мВТ біріктіре алады. Ал 7 мың мВТ-тық күн мен желден қуат алатын стансаларды салу құрылысына өтініш беріліп те қойған. Яғни, мұның барлығы бос шаруа", – деп қосты қауымдастық басшысы.

"Бізде электр қуаты артығымен өндірілген деп жиі айтып жатады. Бірақ, ол шектік тарифтердің, 2009-2015 жылдар аралығында жүргізілген жаңғырту мен дағдарыс кезінде өндірістің құлдырауының есебінен жинақталып отыр. Дей тұрғанмен, дағдарыс өтпелі нәрсе екенін ұғынуымыз қажет: егер қазір 91 млрд киловатт сағат өндіруге қауқарлы болса, ал 2030 жылға қарай 145-148 млрд киловатт сағат өндіруіміз қажет болады.

Ендеше, қандай артық өндіру болуы мүмкін? – деді сөзін әрі сабақтаған Шаймерден Оразәлинов. Қуаттылықты арттыру үшін қанша қаражат пен уақыт қажет екенін біле тұра, кейін тұтынудың өсімін қуып жете алмаймыз, сондықтан бұл жерде болжамдық есептерді дәл жүргізіп, алдын ала есептеп отыруымыз қажет.

Бұл жағдайда экология туралы заңды қарастыру барысында 2013 жылы парламентке 2030 жылға дейін көмірден қуат өндіру үшін квотаны саудалаудың ұлттық жоспарын енгізуді кейінге қалдыру жөнінде ұсыныс жасаған едік.

Алайда, парламент шешім қабылдамай, қорытындыны үкіметке жөнелткенде – ол жақтан 2018 жылдың қаңтарына дейін шегеру туралы жауап келді. Бірақ, бұл да ештеңені шешпейді. Ол мәселені шешудің жолы емес, тіпті 2020 жылға дейін десе де – ол да шешім емес. Сондықтан, көмірден өндіру үшін кемінде 2030 жылға дейінгі ұлттық жоспарды қолданысқа енгізуді кейінге қалдыруымыз керек", – деп атап өтті.

Әйтпегенде елде көмір генерациясын дамыту тоқтап әрі ол жақын болашақта Қазақстанда ең арзан электр энергиясы мен жылу өндірісі ретінде басты рөл ойнайтын болады.

"Қазір Еуропаға Екібастұздың көмірін 300 жылға пәлендей бағамен ал деп жария етіңізші – қуана келіседі, себебі олар сырттан тасымалданатын көмірсутегі шикізатымен жұмыс істеп отыр", – дейді Шаймерден Оразалинов. – Сондықтан,  кейінге шегеру мәселесін біржақты ету керек – бұл жерде энергетика министрлігінің қолдауы қажет-ақ: энергетикадағы өз мүддемізді қорғап, Қазақстан мен ұлттық экономиканың, оның ішінде электр энергетикасы саласының басым мүдделерін алдыңғы орынға шығару керек. Олай болмаған күнде, экономикамызды өзіміз тежейтін боламыз", – деп түйіндеді Шаймерден Оразалинов.

Игорь Воротной 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу