Кімдердің несиесі толық өтелетіні белгілі болды

24652

Табысы төмен адамдарға банктен кредит алуға тыйым салынады.

Кімдердің несиесі толық өтелетіні белгілі болды

Мемлекет қазақстандықтардың тұтынушылық кредиттерін жауып береді.

Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "БАҚ қызметкерлері күніне" арналған Ақордадағы салтанатты рәсім кезінде жария етті.

"Кепілсіз алынған тұтынушылық несиелерін төлеуге көмектесуімді сұраған өтініштер менің атыма азаматтардан көптеп түсуде. Бүгінде еліміздегі әлеуметтік тұрмысы төмен топтағы азаматтар, атап айтқанда көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар, жалғыз асыраушысынан айрылған отбасылар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, жетім балалар түрлі себептермен қиын жағдайға тап болып, өз аттарына алған несиелік міндеттемелерін орындай алмай отыр. Көптеген азаматтардың несиелік жүктемесі өсуде, таза табыс көлемі төмендеуде. Адамдар өз несиелерін өтеудің жолдарын таба алмай отыр. Бұл мәселе 500 мыңға жуық несие алушының тұрмысына тікелей әсер етуде", – деп хабарлады Мемлекет басшысы.

Оның мәліметінше, азаматтар алған тұтынушылық несиелердің  86%-ынан астамының мөлшері 1 млн теңгеден аспайды. Қарыздардың орташа мөлшері шамамен 300 мың теңгеден болып келеді. Президент мұның барлығы алдын ала есептеліп, талданғанын жеткізді.

"Мемлекет басшысы ретінде, мен қарыз құрдымынан шыға алмай жатқан азаматтарымыздың жағдайына бей-жай қарай алмаймын. Сондықтан мен бұрын-соңды болмаған теңдессіз әлеуметтік көмек көрсету туралы шешім қабылдадым: Үкіметке бір реттік акция ретінде келесі шараларды қабылдауды жүктедім және тиісті Жарлыққа қол қойдым. Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмектесу, оларға өздерінің отбасыларының қаржылық ахуалын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беру", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен, тікелей және атаулы қаржылай көмек ретінде жоғарыда аталған санаттағы азаматтар үшін олардың екінші деңгейлі банктерден немесе микроқаржылық ұйымдардан алған кредиттерінің 300 мың теңгеге дейінгі негізгі несиесін және оған есептелген сыйақыны мемлекет өтеп береді. Бірақ бір шарт бар: 300 мыңы бюджеттен жабылатын кредиттің жалпы көлемі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

Егер кредит сомасы одан көп болса, ол мемлекет өтейтін несиелер қатарына кірмей қалады.

Осылайша, Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, бұл ретте несие алғандардың 55%-ының, яғни 250 мың адамның негізгі несие мен сыйақыны қоса алғанда, барлық қарызын тұтастай мемлекет өтейді. Себебі, осынша адамның банктер мен микроқаржылық ұйымдар алдындағы қарыздары үстемеақы-өсімпұл қосқанда, 300 мыңнан аспайды. 

Қалған несие алған азаматтардың  қарыздары тек 300 мың теңге мөлшерінде өтеледі. Бұл олардың төлеу қабілеттілігін қалпына келтіруге және қарыз жүктемесін төмендетуге айтарлықтай септігін тигізеді.

2019 жылдың 1 шілдесіндегі мәлімет бойынша банктерде және шағын қаржы ұйымдарында кепілсіз тұтыну қарыздары бар барлық азаматтар үшін есептелген айыппұлдар мен төлемақы өсімдері есептен шығарылады.

Несие алушылардың аталған төлемдерін есептен шығару, ең алдымен, екінші деңгейдегі банктер мен шағын қаржы ұйымдарының есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады. 

Дегенмен бұл қадам халық арасында масылдық көзқарас тудырмауы, яғни аталған әлеуметтік аз қамтылған топтағы кейбір азаматтар ары қарай да қаптатып тұтынушылық несие алып, оны тағы да мемлекет өтеп береді деп күтпеуі үшін Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамның осал бөлігіне қарыз беруді шектемек. 

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мұндай ахуалдың алдын алу мақсатында Ұлттық банк реттеу сипатындағы қатаң шаралар қабылдап, шектен тыс тәуекелге барғаны үшін қаржы ұйымдарына жүктелетін жауапкершілікті күшейтеді.
"Қаржылық ахуалын одан әрі нашарлатпау үшін табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі азаматтарға займдар беруге тыйым салынатын болады. Ұлттық банк кепілсіз тұтыну займдарын беру кезінде қосымша реттеу шараларын қабылдайды. Олардың ішінде – займ алушының жалпы қарыздық коэффициенті, банктердің жеке капиталына деген қосымша талаптар және басқалар болады", – деді ел Президенті. 

Сарапшылар мұндай қадамның дұрыстығын айтады.

"Бұл проблемаға халықтың табысының аздығы да ықпал етуде. Мәселен, Қостанай облысындағы туыстарым тұратын ауылға барғанымда, мына тосын көрініске куә болдым. Егер қандай да бір отбасыға сыйлы қонақ келе қалса немесе жалақы жұмсалып кетсе, отағасы жүгіріп барып, микроқаржы ұйымынан "еңбекақыға дейін" деп несие ала салады екен. Ауылда, шағын қалалар мен кенттерде жұртшылық бұрынғыдай бір-бірінен қарыз сұрамайды, азық-түлік алмаспайды. Тіпті елорданың өзінде сауда үйлерінде "Кредит за 30 секунд" деген сияқты терминал-автоматтар тұр. Нұр-Сұлтандықтар, тіпті студенттер сондай автоматтардан шағын несие ала салады. Бұл сала реттеуге зәру. Сонымен қатар жауапсыз алынған несиелер де жоқ емес. Қаржы пирамидасына апару не той өткізу үшін банктен 1 жарым миллион кредитті екі бөліп алған адамдар бар", – дейді кәсіпкер Асқар Сәду.

Ұлттық банктің дерегінше, барлық тұтынушылық кредит бойынша қазақстандықтардың жалпы берешегі 4 триллион теңгеден асады. Бұл жерде 5 миллион адам борышкер болып саналады. Бұл бүкіл Қазақстан халқының 27%-дан астамы. Балалар мен қарияларды қоспағанда, еңбекке қабілетті қазақстандықтардың 55%-дан астамы. Басқаша айтқанда, жұмыс істейтін  әрбір 10 адамның алтауы тұтынушылық несие бойынша қарызға ие.  

Ұлттық банк бұл статистикаға ипотека, автокредит, бизнеске алған несие кірмей отырғанын ескертеді.

Қаржылық реттеушінің түсіндіруінше, бүкіл берешегін өтеу үшін қарыз алушыларға өз отбасымен бірге орташа есеппен жарты жылдай не тамақ ішпей, не басқа зат алмай, бүкіл табысын, тапқан-таянғанын берешегін өтеуге тура келер еді. Тіршілік иесі бұған бара алмайтындықтан, қарыздары үстемеақы салдарынан тек өсуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу