Қол жетімсіз құрылыс

11816

Тұрғын үйдің шаршы метрінің неге қымбат болатынын "Шар Құрылыс" ЖШС айтып берді.

Қол жетімсіз құрылыс

Жердің қымбат болуы, жер телімінің нысаналы мақсатын қайта рәсімдеу, құрылыс нысандарына инженерлік желілерді тарту, салықтық қайшылықтар, алынған несие бойынша пайыздың үлкен болуы – айналып келгенде баспананың өзіндікқұнында көрініс табады деп мәлім етті "Шар Құрылыс" құрылыс компаниясының бас директоры Жанна Бектемірова сенатта өткен дөңгелек үстелде.

"Егер қымбат жерді сатып алып, оны өз есебінен қайта дұрыстап, инженерлік желілерді де өз ақшасына салып, банктен үлкен пайызбан несие алатын болса, онда құрылыс салушы қолжетімді баспана сала алмайды", – деп ол саланың мерзімі жеткен мәселелерін тізіп шықты.

Девелоперлік компания басшысы кәсіпорын барлық шығысты өз тарапынан оңтайландыратынын атап кетті. 2016 жылы компания жеке жобалардың жаппай құрылысында индустриялық әдіспен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ДЖиЛБи үй құрылыс комбинатын (ҮҚК) іске қосқан.

Бүгінгі комбинаттың қуаты – жылына 250 мың шаршы метр. Құрылыс салушы процестерді автоматтандыру мен BIM-технологияларын, 3D ақпараттық моделдеуді енгізу арқылы көрсеткішті екі есе арттыруды жоспарлап отыр.

Зауыт пен бас мердігердің табыстылығымен таза әрленген баспананың бір шаршы метрін салу "Шар Құрылыс" компаниясы үшін тұрғын ғимараттың тұрған жері мен қабатына байланысты 180 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейінгі сома болады. Салынған аудандардың бір шаршы метрін сатудың ең төменгі бағасы 230 мың теңгеге тең деп отыр Жанна Бектемірова. Деволопер "Нұрлы жер" мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысады. Алайда осы бағдарлама бойынша жобаларды сатуда компания бірқатар қиындыққа тап болуда.

Кері әсері бар жеңілдік
"Шар Құрылыс" компаниясына арнайы экономикалық аймақ (АЭА) қатысушысы ретінде нөлдік мөлшерлеме бойынша қосалқы құн салығы салынады. АЭА-та тіркеуден өтпеген жеткізуші компаниялар да жеңілдікті пайдалана алады.

"Шын мәнісінде, жеткізушілер нөлдік мөлшерлемені қолдану үшін қарастырылған шарттарды бұзған жағдайда салық органдары тарапынан ҚҚС-ты қосымша есептеу қаупінен қашып нөлдік мөлшерлемені қолданудан бас тартады. Жеткізушілер ҚҚС-ны тауарларды, негізінен бұл ҮҚК-ға кететін шикізатты сатқанда аударады. Олар ҚҚС-ны АЭА аумағында тауар сатқанда есептейді, ал бұл сома АЭА қатысушылары есебінен жасалмау керек. Яғни есептеуге жатпайтын ҚҚС сомасы сатып алынатын тауарлардың өзіндікқұнын өсіреді. Бұл ретте кейбір жеткізушілер нөлдік мөлшерлемені қолданады, бірақ та сатудағы бағаны 12%-ға қолдан өсіріп жібереді. Сондай-ақ бұл сатып алынатын тауарлардың өзіндікқұнын арттыруға әсер етеді", – деді Жанна Бектемірова.

Нәтижесінде АЭА қатысушылары бюджет пен жеткізушілердің шамамен 24% пайыз болатын ҚҚС-ны төлеу бойынша шығысын көтеруге мәжбүр.

Жер мәселесі
Компания ауқымды "Бағыстан" ТК салуға кірісті, ол жеті жыл ішінде салынады деп жоспарланып отыр. Сатылатын баспана ауданы 2 млн шаршы метрді құрайды. Жоба "Нұрлы жер" бағдарламасына ТҚЖБ салымшыларына арналған тұрғын несиесі желісі бойынша, сондай-ақ "Әскери" бағдарламасына қатысады.

"Осы тұрғын үй кешеніне берілген жерді әлі күнге дейін толық көлемде ала алмай отырмыз. Біз ҮҚК-ны салған үлкен ивесторлармыз, ал енді жобаны іске асыратын кезде біз жер ала алмай отырмыз, өйткені бұл мәселеге келгенде біз инвестор болмай шықтық. Бұл мәселені шеше алмай отырғанымызға бір жарым жыл болды", – деді Жанна Бектемірова.

Жобаны іске асыру үшін 184 гектар жер қажет. Бүгінгі таңда бір жер телімін алдық.

"Күзде тек бір жер телімін алуға қол жеткіздік. Ол жерде қазір құрылыс жүріп жатыр. Осы жерді игеріп, барлық жобаны әске асырдық. Келесі босалқы дайындаманы істеу үшін қалған жерді алу керек. Әзірге бұл жерді беруден бас тартып отыр", – деді спикер.

Қосымша ауыртпалық
Тұрғын үйлердің құрылысы басталғанға дейін жер телімі орам ішіндегі жолдарды қоса алғандағы инженерлік, коммуникациялық желілермен қамтылу керек. Желілерді тарту мемлекеттік бюджетпен қаржыландырылады.

"Бірақ кей жағдайларда пайдалануды уақытылы енгізу үшін сыртқы инженерлік желілерді жобалау мен салу шығынын өзіңе алуға тура келеді. Бұл шараны біздің міндеттерімізді орындау үшін амалсыздан істеуге тура келеді, ал атқарылған жұмыстарға кеткен ақшаны мемлекет бюджетінен қайтарып алу қарастырылмаған. Бізге бұл ақша ешқашан қайтарылған емес", – деп жалғастырды Жанна Бектемірова.

Сонымен қатар құрылыс салушылар жерді алып, оның нысанды мақсатын қайта рәсімдеген кезде де екі рет шығынға батады. Құрылыс компанияларына жерді сатып алу туралы қаулы беріледі, бірақ та оның бастапқы нысанды мақсаты сақталады.

"Жер телімдерін біріктіріп, нысанды мақсатын өзгерту үшін бізге оны қалалық билікке тегін беріп, қайта сатып алу керек, яғни оларға жердің кадастрлық бағасын төлеу керек. Сөйтіп екі шығын шығады. Біз құрылыс салушыларға жерді беру автоматты түрде ауысатын жеңілдетілген тетікті дайындау керектігін ұсынып отырмыз", – деп жалғастырды девелоперлік компания басшысы.

ҮҚК мемлекеттік тапсырысты күтіп отыр
Қазақстанда 16 үй құрылыс компаниясы жұмыс істейді. Бүгінгі күні оның жартысынан көбі тоқтап тұр. Кей жерлерде зауыттар жартылай ғана жүктелген. Комбинаттар мемлекеттік тапсырыс арқылы қолдау көріп отырған жоқ және еш жеңілдікке ие емес деп атап кетті Жанна Бектемірова.

"Осыдан барып түсініксіз қарама-қайшылық туындап отыр. Мемлекеттік тапсырыстар мен тендерлерді баспанаға ең төмен баға ұсынған танымал емес құрылыс салушылар ұтып кетеді. Ал заманауи, жаңа техникамен жабдықталған, іске қосылуына миллиардтаған қаражат салынған, жоғары сапалы нысандарды аз уақыт ішінде жобалап, сала алатын ҮҚК-тер болса тапсырыс ала алмайды", – деп түйіндеді құрылыс компаниясының басшысы.

Ол индустриалды үй салу қауымдастығының позициясын айтып, индустриалды үй салуды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді, сондай-ақ халыққа арналған қолжетімді баспана салуда индустриалды құрылысты пайдалану басымдығының мәселесі бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгеріп енгізіп, мемлекеттік сатып алуды өткізуде индустриалды құрылыс үшін бірқатар жеңілдік беру керектігін атап кетті.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу