Көлікті тіркеуге мәжбүрлеу одақ талабына қайшы ма?

12211

Армения мен Қырғызстаннан көлік алғандар ЕАЭО-дан шығуды талап етті. 

Көлікті тіркеуге мәжбүрлеу одақ талабына қайшы ма?

Демалыс күндері екеніне қарамастан, еліміздің мамандандырылған ХҚКО-ларында жұмыс еуразиялық одақ мемлекеттерінде сатып алынған көліктерді уақытша тіркеу және сары түсті 18 нөмірін беру басталды. Бірақ қарбалас пен дүрбелең байқалмайды.

Осының алдында бастамашыл топ билік бұл ниетінен қайтпаса, кең ауқымды наразылық акцияларына көшетінін жариялап, тиісті бейнеүндеуді әлеуметтік желілер арқылы таратқан болатын. Онда олар Еуразиялық экономикалық одақ құрылғанда, біріншіден, тауарлар мен капитал еш шектеусіз еркін қозғалатыны, екіншіден, мемлекеттер арасындағы кедендер жойылатыны мәлімделгенін еске салды. Ал енді олардың байламынша, алыс шетелден емес, ЕАЭО өз мүшесінен әкелінген көлікті Қазақстан кедендік рәсімдеуге мәжбүрлеуде.

Азаматтардың тағы бір тобы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазған. Олар тіркеуді талап еткен "ҚР жол жүрісі туралы" заңы ЕАЭО кеден кодексіне сәйкеспейтінін алға тартып, оны жоюды сұрайды.

"Ата заң бойынша халықаралық келісімдер ұлттық заңнан жоғары тұрады. Сондықтан Армения, Қырғызстан, Беларусь және Ресейден автокөлік сатып алған азаматтар заңды сайланған Мемлекет басшысы, ұлт ұстыны, Конституция кепілі және соңғы үміт ретінде Тоқаевқа шағыммен жүгініп отырмыз. Егер ол осы шараны тоқтатса, қайшылықты жойса, онда Қазақстандағы 200 мыңдай отбасы өміріне тыныштық орнар еді. Әйтпесе, Еуразиялық одақ елдерінен тасылған автомобильдерімізді пайдалануға тыйым салып тастағалы жатыр", – деп ашынады хат авторларының бірі Вероника Балғазина.

Президентке хаттың көшірмесі ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтың қолына түсті.

"Бірден айталық, жол қозғалысы туралы заңнамамыз Еуразиялық одақтың кеден кодексінің нормаларына қайшы келмейді. Өйткені ол кодекс тек одақтың кедендік аумағына көлік құралдарын енгізуге байланысты құқықтық қарым-қатынастарды ғана реттейді. Ал Қазақстанның "Жол жүрісі туралы" заңы Қазақстан аумағы аясындағы құқықтық қатынастарды реттейді. Мысалы, автокөліктерді мемлекетімізде тіркеу есебіне қою мәселелерін егжей-тегжейлі пысықтайды. ЕАЭО заңнамасында ол жоқ", – деді Руслан Дәленов.

Министр Армения мен Қырғыз республикасынан тасылатын машиналар мәртебесі ЕАЭО кеден кодексінде нақты көрсетілгеніне назар аудартты.

"Оның 126-бабы 6-тармағына сәйкес, әкелу баж салығының төмен ставкалары қолданылған тауарлар "шетелдік тауар" мәртебесін алады және олар одақ тауары мәртебесін иеленгенге дейін кедендік бақылауда ұсталады. Бұл талаптың автокөліктерге де тарайтыны Армения мен Қырғызстанның ЕАЭО туралы шартқа қосылуы туралы келісімге қосымшада нақты айтылды. Тиісінше, олар ұйымға кіргенімен, осы екі елдегі биылға дейін болған төмен кедендік баж салығымен енгізілген көліктердің барлығы – одақ үшін бәрібір шетелдік тауар. Олар одақтың ішкі тұтынысына арналған тауарға айналуы үшін баж алымдары мен салықтары төленуге тиіс", – деді Руслан Дәленов.

Армян және қырғыз автокөлік сатушылары қазақстандық клиенттеріне ол көліктердің "шетелдік тауар" мәртебесіне ие екенін және "ЕАЭО ішкі тұтыныс үшін шығарудың кедендік рәсіміне орналастырылғанын" түсіндіруі керек еді. Бірақ не олар мұндай ақпаратты жасырып қалған, не айтқанның өзінде қазақстандықтар су-тегін арзандығына қызығып, басқасына қол сілтеген.

Министрдің айтуынша, Армения басшылығының табандауымен армян азаматтары баж салығы сомасы арасындағы айырманы төлеуден босатылған. Бірақ олар "көлігін одақтың өзге елдеріне сатпауы, пайдалануға және басқаруға бермеуі" керек. Сатса не берсе, сол елде кедендік декларациялаудан өткізілуге шарт. Армян алаяқтарына алданған қазақстандықтар қазір осы рәсімді бастан өткергелі жатыр.

Министр әлгі келісімнің барлығын Қазақстан ратификациялағанын, тиісінше одақ алдында декларациялау және кедендік баж салығын төлеттіру бойынша міндеттемесі барын ескертті.

Айтқандай, кедендік баж салығы ЕАЭО ортақ қазынасына түседі де, кейін әр ел арасында қайта бөлінеді. Ресей барлық түсімнің 85,06%-ын, Қазақстан небәрі 6,95%-ын, Беларусь – 4,86%-ын, Қырғызстан – 1,9%-ын, Армения – 1,22%-ын алады.

Бас экономист қазақстандықтарға Армения мен Қырғызстаннан шетелдік жаңа көліктерді сатып алуға кеңес берді.

"Көлікті бастапқы мемлекеттік тіркеу кезінде алым төлеу қажет. Бұл ретте Салық кодексі бойынша дифференциялы шкала бекітілген, яғни машина неғұрлым жаңа болса, алым соғұрлым аз. Мысалы, зауыттан шыққанына 2 жыл толмаса, ол автомобиль үшін 0,25 АЕК немесе 663 теңге ғана төлейсіз", – деді Руслан Дәленов. 

Бұған қоса, техпаспорт алу үшін 3 314 теңге, мемлекеттік нөмір алу үшін 7 423 теңге төлеу қажет.

Ал егер көлік одан ескі болса, алым-салық ауқымы күрт артады. Наразылық танытып жүргендердің көбі – көнерген көлік әкелгендер. Бастапқы тіркеу алымы 2017–2018 жылы өндірілген, яғни 2-ден 3 жыл өткен көліктер үшін – 50 АЕК-ті (132 мың 550 теңге), 2016 жыл және одан ескі машиналарға – 500 АЕК-ті (1 млн 325 мың 500 теңге) құрайды.

Мұның сыртында шетелдік нөмірлі көлік иелері 2021 жылғы 1 наурызға дейін "Оператор РОП" ЖШС сайтында утилизациялық алым төлеуге міндетті. Бұл сома да авто қозғалтқышының көлеміне байланысты:

Қозғалтқышы 1 мың текше сантиметрге дейінгі автомобильдер үшін 50 АЕК (132 мың 550 теңге) сомасы 3 коэффициентіне көбейтіледі, сонда барлығы 397 мың 650 теңге төлеуі қажет.
2 000 см3 дейінгілер үшін 50 АЕК х 7 = 927 мың 850 теңге.
3 000 см3 дейінгілер үшін 50 АЕК х 10 = 1 млн 325 мың 500 теңге.
3 001 см3 және одан жоғарылар үшін 50 АЕК х 23 = 3 млн 48 мың 650 теңге.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу