Қолма-қол ақшаны шектеді

2531

Bank RBK менеджменті клиенттердің өз ақшасын алуға  ішінара шектеу қойды. 

Қолма-қол ақшаны шектеді

Bank RBK АҚ жекелеген клиенттерге сондай-ақ корпоративтік клиенттерге де ақшаны алуға ішінара шектеу қойды. Бұл туралы abctv.kz-ке банктің байланыс-орталығы мәлімдеді.

Негізінен ақшаны касса және банкомат арқылы алу операцияларына шектеу қойылды. Айта кетерлігі, Алматы қаласында жеке клиенттерге тек 100 мыңға дейінгі соманы беріп жатқан болса, Астанада миллион теңгеге дейін тапсырыс беруде. Бұдан үлкен соманы алдын ала өтініш жазып, содан кейін үш-төрт күннен кейін ғана алуға болады. Банкомат арқылы бір күнде тек 50 мыңға дейінгі ақшаны ала алады. Ал банктің карточкалары бойынша қолма-қол ақшасыз жасалатын операцияларға шектеу жоқ.

Корпоративтік клиенттердің қолма-қол ақшасыз жасайтын операцияларына шектеу қойылды ма деген сауалға банктің байланыс-орталығы жағдайды тек клиенттердің өзіне ғана түсіндіреміз деп жауап берді. Астанадағы банкте ШОБ айналысатын корпоративтік клиенттің бірі abctv.kz тілшісіне корпоративтік клиенттерге шектеу қойылғанын, оларға қойылған лимит 2,2 млн теңге екенін айтты. Дегенмен шындығын айтар болсақ, ол ақшасын алудан бас тартты.

Бұл жағдайдың туындауына не себеп болғанына банк әзірге ресми түсініктеме бермей отыр. Банктің байланыс-орталығы лимит қоюды өткен аптаның соңында туындаған техникалық ақаулармен байланыстыруда. Материал жазылып жатқан кезде Ұлттық банк те бұл жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме бермеді.

Мәселінің мәнісі
Bank RBK проблемалары 2015 жылы теңге еркін айналымға жіберілгеннен кейін белгілі бола бастады. Еске салатын болсақ, сол жылдың тамыз айында ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамы 26,7%-ға дейін түсіп кеткенде, Bank RBK-ның қарыз қоржынының көлемі 10%-ға, 510,5 млрд теңгеге дейін өскен, бұл несие белсенділігінен басқа банк қоржынында валюталық қарыз көлемінің үлкен екенін көрсетуі мүмкін.

1 қарашадағы факті бойынша мерзімі кешіктірілген қарыздың көлемі алты есе (112 млрд теңге) өсіп, 135 млрд теңгеге дейін жеткен. Сондай-ақ өтелмей жатқан қарыздың мерзімі 90 күнге дейін төленбей, 1 қарашада оның көлемі 1,5 (5 млрд теңге) есе өсіп, 14,5 млрд теңгеге жеткен.

Алайда өтелмей жатқан несиелердің үлесі банк секторларының деңгейімен салыстырып қарағанда 6-7% шамасында (2017 жылдың 1 қыркүйегінде – 8,14%, банк арасындағы көрсеткіш 12,8%) болды.

2017 жылдың қаңтарында банктің салымдары басқа жаққа кетіп қалған. Банктің жалпы депозиттік қоржыны 9%-ға, яғни 705,6 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Салымшылардың кетуімен несие қоржынының сапасы да түсіп кетті. Мерзімі кешіктірілген несие көлемі бір айда 2,5 есе өсіп кетіп, 135 млрд теңгеден 217,3 млрд теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш қарыз қоржынының 28,9% -мен сәйкес. Осы жылдың 1 қыркүйегінде бұл көрсеткіш 18%-ға дейін төмендеген.  Қаңтар айында Bank RBK акционерлері оны 12%-ға (11 млрд теңгеге), 93,3 млрд теңгеге қайта қаржыландырған.

Дәл осы кезде KAZ Minerals корпорациясының иесі Владимир Ким Ұлттық банкке ірі банк қатысушысы деген дәреже беруді сұрап өтініш жасады. Бірақ та банктің өтімділігіне қатысты мәселе ушыға бастады.

Әлсіз қоржын және реттеушінің қолдауы
Банктің Delta Bank-те орналастырылған 11,14 млрд теңге депозиті бар. Бірақ бұл депозитте де толықтай өтелмей жатқан несие қоржынына қатысты қиындық туындап тұр. Оның ішінде астық қолхатына  байланысты мәселе де  болуы мүмкін.

Тәуекелдің бар екені көрер көзге көрініп-ақ тұр. Мысалы осы жылы Бас прокуратура тексеріс барысында ел қоймасындағы астықтың жеті миллионы жоқ екенін анықтаған. Ал бұл аз ба, әлде көп пе, оны 2017 жылы жиналатын астықтың көлемі 20-21 млн тонна болады дегеннен көруге болады.

Егер Bank RBK-ның  аралық есебіне сенетін болсақ, онда несие қоржынындағы 846 млрд теңгесінің 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығының соңында жылжымайтын мүлікпен, ақшалай қаражатпен, көлікпен, басқа да активтермен тек 34,3%-ы немесе 290 млр теңгесі ғана қамтылған.

Болашақта түсетін активтер, үшінші тұлғаның кепіл беруі және айналымдағы тауар есебінен берілген несие 62,3% немесе 527,2% болды. Жартыжылдықтың соңына қарай банктің 22 ірі қарыз алушысы қарыз қоржынының  41%-ы  тиесілі болған. Банкте  ірі  сегіз депозитор бар, олардың салымы 221,1 млрд теңге.

1 қыркүйекте банктің жеке және заңды тұлғаларының депозиті 588 млрд теңге. Ал банктің жалпы міндеті 920 млр теңге. Арасындағы 332 млрд теңгені БЖЗҚ-ның қайта қорландыруы (49 млрд теңге), Ұлттық банк қарызы (150,7 млрд теңге), "Даму" КДҚ (13 млрд теңге), Қазақстан Даму банкі (10,7 млрд теңге)  және Аграрлық несие корпорациясына (10,4 млрд теңге) тиесілі.

Айта кетерлігі осы жылдың 30 маусымында аралық есеп алдында реттеуші банкке қарыз берген. Содан кейін бір айдан кейін Владимир Кимге банктің ірі қатысушысы деген дәрежесін алуға ресми келісім берді. 

Ұлттық банк қолдау бағдарламасына қатысады
Жаз уақытында Ұлттық банк елдегі банк секторларының қаржылық тұрақтылығын арттыру бағдарламасын қоғамға таныстырды. Оған жобамен 500 млрд теңге бөлінеді деп отыр. Алайда бағдарламаның көптеген деталін реттеуші әлі күнге дейін ашып көрсеткен жоқ. Бірақ та Bank RBK бұл бағдарламаға қатысу ойы бар екенін ашық айтты.

Бағдарлама аясында банктер 15 жылдық субординацияланған облигацияларын жылдық 4% жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша шығарады.  Аbctv.kz-ке белгілі болғандай,  содан кейін жиналған ақшаны Ұлттық банктің ноталарына салады. Жаңа нотаның пайдасы ашып көрсетілмей отыр, бірақ та оның банк облигациялары мөлшерінен жоғары болатынын жоққа шығармайды.

Бағдарламаға акционерлер бірге қатысады деп жоспарланып отырғандықтан, оның басым бөлігін реттеуші алатыны сөзсіз. Сондықтан да нотаның әкелетін табысы бағдарламаға қатысушы банктердің облигацияларынан кем дегенде екі есе жоғары болатыны айтпаса да түсінікті.   

Басқаша айтар болсақ, ноталар бойынша түсетін пайда есебінен реттеуші банктерге  өз облигацияларына төленетіннен екі есе жоғары ақшалай сыйлық береді. Ал оның мөлшері акционерлер тарапынан қайта қаржыландырғанға дейінгі мөлшерге сәйкес келетін болады. Бірақ та барлық мәселе реттеушінің  осы  жомарттығының есесіне не алатынында болып отыр.    

5 қыркүйек күні Standard & Poor’s агенттігі Bank RBK бөлінген қаражаттың жартысын нақтырақ айтсақ, 245 млрд теңгесін игеруі мүмкін деп жазды. Бұған қосымша акционерлер тарапынан 2019 жылға дейін 39-45 млрд теңгеге дейін қайта қаржыландыру болады деп күтіліп отыр. Алайда рейтинг жасауға негіз болған бұл пайымдар  S&P сарапшыларына банктің  ұзақмерзімді және қысқамерзімді рейтингісін "В-/В"-дан "ССС+/С"-ға дейін төмендетуге еш кедергі болмады.

"Бұл қаражат ұзақмерзімді келешектегі шығындардың жұтылуын арттыру үшін емес, айтарлықтай үлкен қосымша резервтерді қалыптастыру үшін пайдаланылатын болады деп ойлаймыз", – деді агенттіктегілер.

Жанталас немесе уақытша қиындық
Банк клиенттері мен салымшыларының ақшасын алуға шектеу енгізу туралы айтқанымыз банк өтімділігінің тапшылығы қатты сақталып отырғанын көрсетеді. Мұның артында ертең не болады деген сауал тұрары анық. 

Bank RBK-да жүйелі түрде маңызды ойыншы дәрежесі жоқ, бірақ акивтер бойынша банктер ондығына кіріп, рейтингтің тоғызыншы орнында тұр. Банктегі жеке тұлғалардың депозиті осы жылдың  қыркүйегінде  206 млрд теңге болған. Банк БЖЗҚ-ға 46 млрд теңгеге  өз акцияларын сатқан, сонымен қатар зейнетақы қорының 3 млрд теңгесі банк депозитінде жатыр.

Банктің ең ірі акционерлерінің бірі – "Инвест-Қор" ЖШС (20,47%). Бұл серіктестік "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасының қорына" тиесілі. Осыған орай банктің проблемасы мемлекет басшысының имиджіне тиіп кетуі мүмкін.  

6 қазан күні директорлар кеңесінен ірі акционер Фарид Лихудзяев (акциялардың10,24%),  Игорь Мажинов (банктің 5,93% қарапайым акциясына ие), Николай Радостовец, Нұргүл Ертаева және  Данияр Туғанбай шығып кетті. Директорлар кеңесінің жаңа құрамына Марпу Жақыбаева (төраға), Болатбек Жайназаров және Әнуар Сайденов кірді. Басқа ірі акционерлердің құрамда қалғаны жақсылыққа сенім ұялатады.

2017 жылдың  4 қазанында директорлардың кезектен тыс жалпы жиналысы өтті. Жиналыста мемлекеттік қолдау бағдарламасына қатысу, директорлар кеңесінің өкілеттік мерзімін белгілеу, директорлар кеңесінің мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы мәселені шешіп алу үшін 7 қараша күні акционерлердің кезектен тыс жиналысын өткізу жайлы шешім қабылданды.

Қазкоммерцбанкте болған жағдай сияқты реттеуші бұл банкке де қол ұшын созуы ғажап емес. Сонымен қатар акционерлердің дәрежесі де банктің пайдасына жарап тұр. Әзірге тек екі мәселенің шешімі ашық қалып отыр. Оның біріншісі  мемлекеттік қолдаудың мөлшері қанша болады, екіншісі, қазіргі және болашақ  акционерлердің бірігуі банкті құтқара ала ма?

Гүлназ Ермағанбетова, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу