Жалпы көрсеткішке сүйенсек, бұл бағытта өсім бар. Ұлттық банктің есебінше, биылғы қаңтар-шілде айларында қолма-қол емес төлемнің үлесі 23 есеге немесе 476 млрд теңгеге дейін өскен. Мұның ішінде ең көп өскені - интернет арқылы төлем жасау 42,9 есеге немесе 3,8 трлн теңгеге дейін.
Алайда сарапшылардың айтуынша, Қазақстанда қолма-қол емес төлем жүйесін бұдан да жоғары көрсеткішке жеткізуге болады. Ол үшін, ең бірінші, халық пен бизнес үшін тиімді, қолжетімді, арзан жасап және ең бастысы қауіпсіздігін арттыру керек. Өйткені қолма-қол емес төлем туралы түсіндіру жұмыстары аз әрі алаяқтық оқиғалары жиілеп кеткендіктен тұтынушылар арасында күдік басым.
DAMU Capital Management компаниясының басшысы Мұрат Қастаевтың айтуынша, қолма-қол емес төлемнің белсенді дамуы қылмыстың, жемқорлықтың, көлеңкелі капитал айналымының азайып, салықтың өсуіне алып келеді.
"Алайда оған күшпен көшіруге болмайды. Өйткені қолма-қол төлемге қысым жасалады әрі көлеңкелі айналымды көбейтеді. Сондықтан, мемлекет қолма-қол емес төлем жүйесінің тиімді, жылдам, арзан болуына күш салуы керек. Сонда ерікті түрде пайдаланушылар саны артады", – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, мұны бәсекелестікті арттыру, төлем бизнесін реттеуді жеңілдету, банктік комиссияларды субсидияландыру, төлем инфрақұрылымына инвестиция салу, алыс ауылдарда дамыту керек. Бұл үшін ауылдарда интернеттің болуы маңызды.
"Финам" сарапшысы Алексей Корневтің айтуынша, қазір тұрғындар қолма-қол емес төлем қызметін тұтынуда банктік қызметтерді ең сенімді деп санайды және белсенді қолданады.
"Өйткені банктер ұдайы реттеушінің назарында, әрі өздері де клиент санын арттыру мақсатымен барынша жетілдіруге тырысуда. Әрі соңғы кезде электронды төлем жүйесі арқылы жасалатын алаяқтық оқиғаларын азайту үшін техникалық жағын жетілдіруде. Өйткені мұндай жағдайлар олардың атына сын", - дейді ол.
Оның пікірінше мемлекет қолма-қол емес төлем қызметін дамыту үшін қауіпсіздікті арттыруға мән беруі керек.
IFC Markets сарапшысы Дмитрий Лукашов та қауіпсіздік басты мәселе дейді.
"Қолма-қол емес төлемнің ерекшелігі - инкассация жоқ, есептеу, басқа да операциялар жеңіл. Бұл бизнеске жақсы. Оның жеңілдігі, жылдамдығы, адамдар үшін ыңғайлы. Алайда қауіпсіздігіне көңіл бөлсе, қолданушы саны артар еді", - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда қазіргі кезде 17 төлем жүйесі бар. Ұлттық банк есебінше I тоқсанда төлем карталары арқылы қолма-қол емес 12,9 трлн теңгенің 668,3 млн транзакциясы жасалған. Өткен жылдың ұқаса кезеңімен салыстырғанда транзакция көлемі екі есеге өскен.
Қазіргі кезде Қазақстанда 17 төлем жүйесі, оның ішінде Ұлттық банктің де ақша аудару, төлем карталарының жүйесі бар.
Құралай Құдайберген