"Павлодар" арнайы экономикалық аймағында орналасқан "Металлогамма" ЖШС алюмосиликатты шар өндірісін қолға алды. Шикізат ретінде жылу-электр станцияларынан шыққан күл пайдаланылады.
Аталмыш жоба осыдан 3 жыл бұрын басталды. Осы уақыт аралығында ресейлік инвестор Дмитрий Гребенщиков жобаның жүзеге асуы үшін 1 млрд теңгеге жуық қаржы құйды. Кәсіпорынды жабдықтаудың өзіне 545 млн теңге жұмсалды.
Компания 2016 жылы "Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік" АҚ-ның 277 млн теңге грантын ұтып алды. Сөйтіп былтыр зауытты іске қосты.
"Екібастұз қаласындағы ГРЭС-1 және ГРЭС-2 көмірді жағып, одан электр және жылу энергиясын алады. Ал біз сол көмірден пайда болған күлдің 5%-ын өңдейміз. Одан физикалық-механикалық қасиеттерге толы, ішінде газы бар, өлшемі 500 микрон болатын шар дайындалады. Бір тонна өнім алу үшін екі тонна шикізатты бірнеше сатыдан тұратын өңдеуден өткіземіз. Дайын болған өнім мұнай-газ және құрылыс салаларында жоғары сұранысқа ие. Алюмосиликатты микросфераларсыз мұнай ұңғымаларын бұрғылау мүмкін емес. Сондай-ақ оны тұрғын үйлер мен басқа да ғимараттар құрылысында тығыздағыш материал ретінде қолдануға болады. Яғни шарларды цементке араластырса, кейін ол жылуды жақсы ұстайды. Бүгінде кәсіпорын жылына 3700 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Толық қуаттылыққа көшкен соң бұл көрсеткішті 13,5 мың тоннаға жеткізуді көздеп отырмыз", – дейді кәсіпорын директоры Дмитрий Гребенщиков.
Алюмосиликатты микросфераның барлығы экспортқа жол тартады. Атап айтқанда, дайын өнімнің 90%-ын - Ресей, қалған 10%-ын - Польша, Германия және Испания елдеріндегі кәсіпорындар сатып алады. Былтыр 2,5 тонна шарды сыртқа жөнелтілсе, биылғы тапсырыс 4 мың тоннаны құрап отыр. Жыл басынан бері оның 500 тоннасын шетелдік тұтынушыларға жеткізіп үлгеріпті. Бұл тізімде Қазақстанның болмауын кәсіпкер былай түсіндірді: "Мұнай-газ саласының ерекшелігі сол, келісімшарттар әдеттегідей бір емес, үш-бес жылға жасалады. Біз жобаны бастаған тұста шетелдіктер тарапынан қызығушылық болғандықтан, солармен өзара келісімге келдік. Бұл – бір. Екіншіден, жоғарыда аталған мемлекеттерде тампонажды цемент шығаратын зауыттар бар. Ал Қазақстанда жоқ. Жобаның екінші кезеңі аясында алюмосиликатты шарларды экспорттауды азайтып, құрылысқа қажет құрылымдар мен тампонажды цемент дайындайдын өндіріс орнын салуға ниеттіміз. Сол арқылы өнімнің біраз бөлігін елде қалдыру ойда бар".
"Металлогамма" шикізат ретінде қолданылатын екібастұздық көмір күлінің құрамында алюминий, темір, кремний сынды маңызды компоненттер бар. Бүгінде тек Екібастұз ГРЭС-1 кәсіпорнында 34 млн тонна күл жиналған. Оның 1 млн тоннасын ирандық "Hamadan Mineral Fiber Company" компаниясы өңдеуді көздеп отыр. Жобаның құны – 33,9 млрд теңге.
"Қазіргі уақытта зауыт салынатын алаң қарастырылуда. Шикізат ретінде Екібастұз ГРЭС-1 және Ақсу электр станциясының күлі пайдаланылады. Оларды өңдеу арқылы құрылыс материалдары мен шыны ыдыстар шығару жоспарланып отыр", – дейді "Салават КДМ" ЖШС директоры Дамир Тұрақбаев.
Ресми дерекке сүйенсек, елімізде 500 млн тонна күл үйіліп жатыр. Жыл сайын ол 19 млн тонна көмір қалдығымен толығады. Оның тек 1,9 млн тоннасы өңделеді. Бұлай жалғаса берсе, келесі жылы жиналған күл көлемі 650 млн тоннаға, ал 2030 жылы 1 млрд тоннаға дейін жетуі әбден мүмкін. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларындағы жылу-электр станциялары күлді қайда үйерін білмей әлек болуда. Күл полигондарын қалпына келтіруге 5 млрд теңге, ал жаңасын салуға 10-20 млрд теңге қаражат қажет. Сарапшылар бетон, цемент және құрылысқа қажет құрғақ қоспалар шығаратын отандық зауыттар жылу, электр станцияларының қалдықтарын қолданған күннің өзінде олардың сұранысы тек 8 млн тоннаны құрайтынын айтып отыр. Бұл дегеніңіз барлық көлемнің небары 25%-s. Ал қалған 75% күл ашық аспан астында өңдеусіз қала бермек.
Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы