Коронавирус ВИЧ тәрізді енді ешқайда кетпеуі мүмкін

6029

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әлемді COVID-19 инфекциясымен бірге өмір сүріп үйренуге үндеді. 

Коронавирус ВИЧ тәрізді енді ешқайда кетпеуі мүмкін

Бүгінде әлем тұрғындарын мазалаған өзекті мәселелердің бірі коронавирус қашан кетеді? Ол ешқашан кетпеуі де мүмкін. Сәрсенбі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Төтенше жағдайлар директоры Майк Райан ескерткендей, COVID-19 инфекциясын енді мүлде жою оңай болмайды.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің мәліметінше, жер шарында коронавирус жұқтырғандар 4,4 миллионнан асып, 300 мыңдайы қайтыс болды. Және де осынша адамның өмірін жалмаған вирустың соңы көрінбейді.

"Меніңше, мәселенің ашығын айтқан маңызды: бұл вирус та өзге вирустар тәрізді біздің қауымдастықтар арасында өмір-бақи тіршілік етіп, ешқайда кетпеуі мүмкін", - дейді Райан.

Сонымен қатар, Райан СПИД-ке себепші ВИЧ инфекциясын мысалға келтіріп, бұл кеселмен адамзаттың ондаған жылдар бойы бірге өмір сүруді үйренгенін атап өтті.

"ВИЧ ешқайда кеткен жоқ. Біз оның шарттарына бағындық, оған қарсы терапияны да, одан сақтанудың тәсілдерін де таптық. Ал, адамдар бұл вирустан бұрынғыдай қорықпайтын болды. ВИЧ-ке шалдыққандарға салауатты әрі ұзақ өмір сыйлайтын жағдайға жеттік. Әрине, мен екі инфекцияны салыстырып отырған жоқпын. Бірақ, реалист болғанымыз жөн. Меніңше, жаңа вирустың қашан жоғалатынын ешкім болжай алмайды", - дейді Райан.

Коронавиурсқа қарсы 100 вакцина

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазір әлемде коронавирусқа қарсы 100 шақты вакцина жасалып жатыр. Егер сол препараттардың біреуі жетілдіріліп, тиімділігін көрсетіп, әлемге тарайтын болса, "бұл вирустың тамырына балта шабуға" үміт бар.

Дегенмен, ДДСҰ мамандары ескерткендей, вакцина планетаны инфекциялардан сақтауға әрдайым кепілдік бере алмайды. Бұған мысал ретінде олар ондаған жылдар бұрын жасалған тиімді әрі қауіпсіз вакцина болып тұра, Самаода екпе салынбаған балалардың жаппай қызылшаға шалдыққанын келтірді.  

Калифорнияда орналасқан Gilead фармацевтикалық компаниясы Veklury деген антивирустық препаратты жасау үшін бірнеше компаниямен келісімге қол жеткізді. Осыған дейін  remdesivir сауда маркасымен танылған бұл дәрі әлемнің 127 елінде науқастарды коронавирустан емдеуге қолданылмақ.

Еуропада да COVID-19-ға қарсы вакцина сынақтан өтіп жатыр. ЕО Медицина агенттігі жұма күні мәлімдегендей, антивирустық дәрі "бір жылда" дайын болуы мүмкін.

"Егер бәрі жоспардағыдай жалғасатын болса, жаңа екпе алдағы жылы мақұлданып қалады", - дейді осы агенттіктің вакцина бөлімінің басшысы Марко Кавалери.

Британдық ғалымдар болса, COVID-19 вакцинасын алғаш рет адамдарға сынап көрді. Тәжірибе нәтижесі келесі айда белгілі болады. Мұны осыдан бірер күн бұрын Оксфорд университетінің медицина профессоры және үкіметтің коронавируспен күрес күштерінің мүшесі, сэр Джон Белл мәлімдеді.

Біріккен Корольдікте сынақ сәуірдің соңында басталып, жаңа препарат жүздеген адамға салынған. Жалпы алғанда, бұл тәжірибеге 1110 адам қатыспақ. Зерттеушілер тобы қыркүйекке дейін осы вакцинаның 1 миллиондай дозасын шығарудан үмітті. Дегенмен, Британ үкіметінің аға ғылыми кеңесшісі айтқандай, адамдарды таза ауа мен күннің шуағы да коронавирустан қорғай алады.

Жапония COVID-19-ға қарсы вакцинаны шілде айында клиникалық тексеруден өткізе бастайды. Мұны дүйсенбі күні премьер-министр Синдзо Абэ парламенттің бюджет комитеті алдында сөйлеген сөзінде хабарлады. Және де ол вакцина жасау жұмыстары Токио университетінде, Осака университетінде және Инфекциялық аурулар ұлттық институтында жүргізіліп жатқанын жариялады.

Тағы бір сөзінде жапон министрлер кабинетінің жетекшісі вакцина сынақтарының шетелдерде басталғанын атап өтіп, вакцинациялау бағдарламасының таяу арада басталатынына үміт білдірді.

Ассамблеяға үміт

Дүйсенбі-сейсенбі күндері ДДСҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы өткізеді. Виртуалдық жиын қарсаңында әлемнің әйгілі адамдары ірі державаларды коронавирусқа қарсы вакцина дайын болғанда, оны планетаның барлық тұрғындары үшін қолжетімді етуге шақырды.

Бұл туралы ашық хатқа әлемнің 140-тан астам лидері мен сарапшылары қол қойған. "Вакцина жетілдіріліп, кең көлемде өндіріліп, барлық елдердің тұрғындарына тегін таратылса екен. Адамзат бүгінде осал, соған қарамастан, ол COVID-19-ға қарсы тиімді әрі қауіпсіз дәрі іздеп жатыр. Бар үмітіміз – жанға батқан ғаламдық пандемияны тоқтату", - деп жазылған хатта.

Айта кетсек, коронавирус былтыр желтоқсанда Қытайда табылып, жер шарының 188 елі мен территориясына тарады. Одан ең көп зардап шеккен аймақтар – АҚШ пен Еуропа.

АҚШ демекші, оның президенті Дональд Трамп осы аптада Қытаймен байланысты үзетінін ескертті. Ақ үй басшысы Бейжіңді ешқандай нақты дәлел келтірместен, коронавирусты зертханадан таратты деп айыптап келеді. Коммунистік мемлекет болса, мұны мойындаған емес. Сонымен қатар, Трамп Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын Қытайдың ығына жығылып, эпидемияның қауіптілігін әу-баста жасырды деп кінәлап, оны қаржыландыруды тоқтатқаны белгілі.

ДДСҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус мәлімдегендей, дүйсенбіде ашылатын ассамблея 1948 жылдан бергі ең маңызды жиын болайын деп тұр. Бейжің мен Вашингтон арасындағы тайталасқа қарамастан, дүние елдері онда пандемияға бірлесіп жауап беруге үндейтін резолюцияны консенсуспен қабылдаудан үмітті.  

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу