Коронавиурс: Үстеме ақы алатын дәрігерлер тізімін кім жасайды?

3197

Наурыз айы бойынша 16 мың маман үстеме ақы алады.

Коронавиурс: Үстеме ақы алатын дәрігерлер тізімін кім жасайды?

Былайғы күнде бетегеден биік, жусаннан аласа тірлік кешіп, бірен-саран әріптесінің бассыздығы үшін жиі сын садағына ілінетін медицина мамандарының қоғамдағы орны қаншалықты маңызды екенін COVID-19 індеті көрсетіп берді. Испания дәрігерінің "Сендер үшін әлемнің тірегі футболшылар еді ғой. Соларға миллиондап ақша төледіңдер. Енді жандарың қысылғанда неге бізге жүгінесіңдер? Месси мен Роналдудан барып көмек сұраңдар" деген жанайқайы ғаламторды шарлап үлгерді. Бұл әділетті наразылық Қазақстан қоғамының ішінде де пікірталастар туғызып, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың бұрыннан айтып жүрген ұсынысын өзекті ете түсті.

Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымына сәйкес, бұл жанайқайлар жерде қалмауы керек еді. Солай болды да. Өткен айдың аяғында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев аты жаман аурумен күреске тартылған мамандарға қандай  қолдау көрсетілетінін тікелей эфир арқылы жалпақ жұртқа жария еткен. Министр өз сөзінде індеттің өтінде жүрген медицина қызметкерлері үш топ бойынша қаржылай көмек алатынын айтты. Бірінші топта 3 284 адам 850 мың теңгеден, екінші топта 11 951 адам 425 мың теңгеден, үшінші топта 10 994 адам 212 мың теңгеден үстемақы алатын болған. 

Кейін Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов аталмыш мақсатқа 40,6 млрд теңге қарастырылғанын атады. Үстем ақы алатындардың саны 26,3 мың екенін де айтты. Дәурен Абаев келтірген дерек бойынша есептесек, 26,3 мың маманды ынталандыру үшін  бір айда 10,2 млрд теңге кетеді екен. Қалған 30,4 млрд теңге неше айға жоспарланып отыр деген сұрақ туындайды.

Жалпы ақша жүрген жерде күмән мен сұрақ болатыны заңдылық. Inbusiness.kz соның барлығын жинақтап, министр Елжан Біртановқа жолдады. 

Үстеме ақы алатын мамандардың тізімі коронавируспен ауырғандардың саны артқан сайын өзгеріп отыра ма? Әлде бұл алдын ала есеппен шығарылған сан ба?  Тізім қаншалықты ашық жасалады? Коронавируспен іс жүзінде емес, құжат жүзінде ғана "күреске тартылып" үстеме ақы алғысы келетіндер болса, ондай заңсыздықтың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр? Үстеме ақыға ілінген мамандардың тізімін ашық көздерде, жалпыға қолжетімді түрде орналастырасыздар ма? Біз жолдаған сауалдардың тоқетері осыған саятын.

Министрдің жауабына қарағанда, үстеме ақы алатын мамандардың тізімін коронавируске қарсы құрылған жергілікті штабтар бекітетін көрінеді. Оның құрамына кәсіподақ пен қоғамдық ұйым өкілдері кіріп, тізімнің әділ жасақталуын бақыламақ.

"Тікелей айтқым келеді. Денсаулық министрлігінің арнайы бұйрығы қабылданды. Коронавируске қарсы жұмыс істеп жүрген барлық медициналық қызметкердің тізімдері енгізілетін болады. Сонымен қатар, сыйақыларды бөліп төлеу регламенті бекітілетін болады. Әр өңірде коронавируске қарсы штаб бар. Оны облыстың әкімі немесе орынбасары басқарады. Сол штабтың деңгейінде дәрігерлерге сыйақы төлеу мәселесі ашық түрде қаралады. Себебі біз ол комиссиялардың құрамына міндетті түрде кәсіподақ пен қоғамдық ұйым өкілдерін, басқа да қызметкерлерді ашық түрде кіргізетін боламыз. Әр кезең бойынша, өткен наурыз айы бойынша да осы комиссиялар ашық түрде шешім қабылдайды. Тізім бойынша әр  медициналық қызметкердің қанша алатыны, қандай деңгейде шешім шыққаны ашық болады. Бұл жерде ешқандай мәселе жоқ. Барлық ақпарат дәрігерлердің арасында ашық түрде беріліп, шешім адал болады деп сенеміз", – дейді Елжан Біртанов.

Ведомство басшысы наурыз айында аты жаман аурумен айқасқа 16 мың маман атсалысқанын айтады. Бұл жолы осы мамандар 3 топ бойынша алғашқы сыйақыларын алмақ. Осы тәртіппен үстеме ақы төлеу тамыз айында дейін жалғасуы мүмкін.

"Әрине, бұл есептер біздің болжамның негізінде жасалған. Осы болжам бойынша төсек орындары, қажетті дәрі-дәрмек, қажетті мамандар, бәрі есептелген. Сонымен, жаңағы айтқан регламент бойынша шешім ашық түрде қабылданатын болады. Қай дәрігер, қай маман қандай топқа кіретінін біздің бұйрық негізінде облыстық деңгейдегі комиссия шешеді. Біздің жоспар бойынша наурыз айында 16 мың маман коронавируспен күреске қатысып отыр. Әрі қарай қосымша 10 мың медициналық қызметкер қосылады деп ойлаймыз. Бірақ, әрине, ай сайын өткен айдың қорытындысы бойынша, тізім мен шешім қабылданады. Жалпы тамыз айына дейін есептеп, тізім жасалды. Қажетті қаржыландыру бекітілген. Жетпесе, қосымша ақша жіберіледі. Ал артылса, бюджетке қайтарылатын болады", – дейді министр.

Елжан Біртанов ел медицинасының сапасы сынаққа түскен кезеңде ешбір маманның еңбегі елеусіз қалмайтынын айтады. Әр айдың сыйақысы тізім толық жасалғаннан кейін, келесі айда аударылатындықтан, үстеме ақы кешігіп жатса, алдын ала байбалам салудың қажеті жоқ екенін де ескертті.

"Қазір бюджетке түзету енгізу туралы заң қабылданып жатыр.  Бірақ наурыз айының төлемдері міндетті медициналық сақтандыру қорының айналымдағы қаржысы есебінен жасалады. Сондықтан, індетпен күреске тартылған мамандар сыйақысын алады", – деді ол.

Коронавирус Қазақстан аумағында наурыз айында қаһарына мініп, бір ай бұрын ел билігін төтенше жағдай жариялауға мәжбүр еткенімен, медицина мамандары ақпан айында да сыйақы алған екен.

"Ақпан айында бізде коронавирус тіркелмесе де, 1"А", 1"Б" санатындағы елдерден, Уханьнан, Жапониядан әуе кемелерін қарсы алдық. Осы іске қатысқан жергілікті атқарушы органдардың медицина мамандарына  МӘМС қорының резервінен 2 айлық еңбекақы мөлшерінде сыйақы төледі. Бұған қоса, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының әкімдіктері мамандарына демеушілер есебінен материалдық көмек жасады. Нақты сомасын айта алмаймын. Өйткені ол шешім жергілікті әкімдіктер деңгейінде қабылданған болатын. Сол сияқты облыстық деңгейдегі басқарма басшыларының сыйақы алған-алмағанын да айта алмаймын", – дейді Елжан Біртанов.

Сыйақыдан министрлікке тікелей бағынатын мамандар да құр қалмапты. Елжан Біртанов олардың санын да атады.

"Денсаулық сақтау министрілігіне қатысты айтсақ, Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің санитарлық қызметіне қарайтын аумақтық бөлімдер мен зертханаларда жұмыс істейтін 675 маман ақпан айында 1 айлық еңбекақы көлемінде сыйақы алды. Қазір мемлекет басшысының қолдауының арқасында санитарлық қызмет өкілдерінің сыйақысы да артты. Біз бұған ризамыз, өйткені, дәрігерлер мен мейірбикелер сияқты, реанимотологтар сияқты санитарлық дәрігерлер де індеттің өтінде жұмыс істеп жүр.  6 қаңтардан бері күшейтілген режимде қызмет атқарып келеді. Әуежайлардан жолаушыларды қабылдап, індет ошақтарында, науқастардың туыстарымен эпидемиологиялық тексеру жүргізуде, блокпостарда да солар жүр", – дейді ведомство басшысы.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу