"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен пандемия құрсауындағы туризмді дамыту проблемалары талқыланды. Бейнеконференция түрінде өткен жиынға туризмнен нәпақасын айырып жүрген кәсіпкерлер мен саланы дамытуға жауапты мемлекеттік орган өкілдері қатысып, пікір алмасты.
Туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспеков Мәдениет және спорт министрлігі Үкіметке туризмді дағдарыстан шығаруға бағытталған ұсыныстар пакетін дайындап жатқанын айтты. Ол құжатта салаға салынатын салықтарды жыл соңына дейін шегере тұру, табысын жоғалтқан туризм саласының өкілдеріне 42500 теңге беру, коммуналдық шығындарды субсидиялау туралы тетіктер бар көрінеді.
"Елдегі ішкі туристердің саны 5,3 млн адам болды деген бар. Осының қаншасы отандық туристік операторлардың қызметіне жүгінгенін анықтау керек. Жеңілдіктер мен қолдаулар да осы көрсеткішке қарай қолға алынуы мүмкін. Коронавируспен ауырғандарды МӘМС есебінен сауықтыру лагерлерінде оңалту туралы ұсыныс айттыңыздар. Ертең өзара ақылдасып осы тетіктердің бәрін топтастырайық. Кейін Үкіметке толыққанды құжат ретінде жолдауға болады", – деді Дастан Рыспеков.
Балалар мен жасөспірімдер туризмі қауымдастығының төрағасы Қайрат Сұлтанов карантиндік талаптардың әр өңірде әркелкі болуы кәсіпкерлерді жүйесіздікке душар етіп жатқанын мәселе етіп көтерді.
"Карантин талабы бүкіл республикаға ортақ болғаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Павлодар облысының Баянауылы туристер үшін жабық жатыр. Ал Алматы облысында суға шомылуға рұқсат берілгенімен, күнге қыздырынуға тыйым салынған. Ал Ақмола облысында керісінше. Осындай әркелкілік жүйесіздікке әкеліп, елдің тәртіпті сақтамауына себепші болуда", – деді кәсіпкер.
Ал ішкі және сыртқы туризм қауымдастығының төрайымы Альбина Веймер Көбейтұз сияқты иесіз мекендерге туристік компанияларды жібермесе, жабайы туризм тыйылмайды деген ой айтты.
"Көбейтұзға туристік операторлар бара алмайды, заңда рұқсат жоқ. Соның салдарынан қазір көлеңкелі туризм қанат жайып алған. Ішкі туризмде 3 жыл тәжірибесі бар туристік компанияларға Көбейтұз сияқты орындармен жұмыс істеуге мүмкіндік беру керек. Өйткені жабайы экскурсияларға тыйым салынғанымен, ел құлақ асып жатқан жоқ. Халықтың демалу мәдениетін де осы арқылы көтеруге болады", – деді ол.
Туристік компания өкілдері табысынан айырылған жанның бәрін жарылқап жатқан 42 500 теңгелік төлемнің турзим саласындағыларға берілмейтініне наразы.
"Турзимнен нәпақасын айырып жүрген адамдар наурыздан бастап табыстан қағылғаны белгілі. Бұл жолғы локдаунда біздің саланың өкілдеріне осы өтемақыны төлеуден бас тарту фактілері жиілеп кетті. Мемлекеттік орган локдаун кезінде туризмге жаппай тыйым салынбағанын алға тартып, өтемақы төлеуден бас тартып отыр", – деді "Қазақстан туристік қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Рашида Шәйкенова.
Пандемия кезінде ішкі туризм дамып, отандық операторлардың айы оңынан туады деген болжам желге ұшып, үміт ақталмады. Туристік компания өкілдерінің қарша бораған шағымын бірауыз сөзбен осылай түйіндеуге болады. Ішкі туризмнің дамығаны былай тұрсын, жылдағы бабаларды сауықтыру лагерлері де биыл тыйымнан көз ашпаған. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасты санитарлық-гигиеналық қадағалау басқармасының басшысы Марал Рахымжанова локдаун біткенше балаларды сауықтыру орындарының жұмысы жанданбайтынын қадап айтты.
Туристер мен кәсіпкерлердің ығына жығылып, шешімді қайта-қайта өзгерту індеттің таралуына жол ашуы мүмкін. Марал Рахымжанова бұл уәжіне Шығыс Қазақстанның қазіргі жағдайын мысал етті.
"ШҚО-да кейінгі 1,5-2 айда індет жұқтырғандар саны тұрақты өсіп келеді. Өзге өңірлерде бәсеңдеу басталса, мұнда өршу бар. Сондықтан Үржар ауданының бас санитарлық дәрігері сенбі-жексенбіде аудан аумағына сырттан кіруге шектеу қойды. Бұл санитарлық шара. Аудан ішіне індет кіргізбеу үшін жауапты тұлға олай істеуге құқылы", – деді маман.
Жиын барысында ішіндегі жабайы туризм мен көлеңкелі кәсіпкерліктің жолын кесу үшін экускурсиялық сапарларға, Ұлттық парктердің туристік маршруттарына рұқсат берілу керек деген ұсыныс қайта-қайта көтерілді. Ол үшін қала сыртына турист тасымалдайтын автобустарды жеке рәсімдеп, Ұлттық парктердің жұмысын жандандыру туралы Мемлекеттік комиссияға ұсыныс енгізілетін болды. Бұл ұсынысты Мәдениет және спорт министрлігі де қолдап отыр.
"Біз де Ұлттық парктерді ашу керек деп санаймыз. Ұлттық саябақтарға экускурсия ұйымдастырудың тәртібін дайындап жатырмыз. Саяхат туристік оператор өкілінің бақылауымен ұйымдастырылуы керек. Туристердің бәрінде медициналық маска мен санитайзерлік құралдар болуы міндетті. Қоғамдық көлікке қойылатын талап осы маршруттарға да қолданылуы керек деп ойлаймыз. Қалааралық сапарларға тыйым салынған. Осының салдарынан Ұлттық парктерге шығу мүмкін емес. Яғни мәселе саяси шешімге тіреліп тұр", – деді Туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспеков.
Есжан Ботақара