Қостанай ЖЭК қарызға белшесінен батып отыр

2992

2014 жылы шығын көлемі 34,8 млн теңгеге жетсе, 2016 жылы 173 млн теңгеге өсті.

Қостанай ЖЭК қарызға белшесінен батып отыр

Қарыз хронологиясы

"Қостанай жылу энергетика компаниясы" (ҚЖЭК) МКК жыл сайын төлемдерді жинау қиындап бара жатқанын тілге тиек етті. Биылғы қыста борышкерлерге қатаң шара қолдануға тура келген. Сот орындаушыларымен бірлесіп жасаған рейд барысында мүліктерін алып, тіпті сыртқы есіктерін әкеткен жағдайлар орын алған. Осының нәтижесінде төлемдерді жинау 2016 жылғы 83%-дан 2017 жылы 91%-ға өскен. Бұл тұтынушылардың барлық категориясы бойынша орташа көрсеткіш. Ал тұтынушылардың кейбір категориясы бойынша төлемдерді жинау керісінше мүлдем қиындап кеткен.

Жылу компаниясының мәліметіне сүйенер болсақ, осы жылдың мамыр айының басындағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын Қостанайдың мемлекеттік мекемелері ыстық су мен жылуға 100 млн теңге қарыз, ал облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер 108 млн теңге, сондай-ақ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер 96 млн теңге қарыз. Жылу беру маусымы аяқталған кезде ҚЖЭК-тің 1,5 млрд теңге көлемінде дебиторлық қарызы болған. Егер былтырғы жылмен салыстыратын болсақ, халықтың қарызы бұрынғы деңгейде қалған. Бірақ бұл мемлекеттік мекемелердің қарызымен салыстырғанда елеусіз дүние. Мемлекеттік мекемелердің қарызы 2016 жылдың мамырындағы 123 млн теңгеден 2017 жылдың мамырында 304 млн теңгеге жеткен. Ең көп қарызы бар мемлекеттік мекеме ­- облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мекеме. Олардың былтырғы қарызы 31 млн  болса, биылғы  қарызы 108 млн теңгеге жеткен.

ҚЖЭК мәліметі бойынша, "қарызды жинау, қаржылық-шаруашылық қызметті жақсарту мақсатында" жыл басынан бастап сот орындаушыларымен бірлесіп жасалған рейд саны көбейген. Осыған дейін 79 кәсіпорын мен 745 пәтердің есігі қағылған.

"Алайда төлемдерді жинауды жақсартуға қатысты тұтынушылармен жүргізіліп жатқан жұмысқа қарамастан, дебиторлық қарыз сол қалпында қалған. Кәсіпорын қаражат тапшылығын көріп отыр. Өндірісті қаржыландыру үшін банктен несие алуға мәжбүр болдық", – деді жылу компаниясының басшылығы.

Қарызды қайтарыңыздар

Несие  815 млн теңгені құраған газ жеткізудің қарызын жабуға кеткен. Кәсіпорындағылардың айтуынша, өткен жылу беру маусымында "ҚазТрансГаз Аймақ" АҚ отын жеткізуді тоқтатамыз деп, компанияны бірнеше рет тығырыққа тіреген.

Кәсіпорын басқа да жеткізушілерге қарыз және қарыз көлемі де аз емес. Жылдың басында кәсіпкерлерден шағым түскен болатын. Олар ҚЖЭК 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында алған тауардың ақшасын бере алмай отыр деген еді.  Ақыр соңында жылу компаниясының проблемасы мердігерлердің жұмыс істеуіне кедергі келтірген. Жылу компаниясындағылар бұл жайды мойындап, мұның барлығы қаражаттың жетпеуінен деп отыр. Әлі күнге дейін жеткізушілердің қарызы толығымен қайтарылмаған.

Жылу компаниясының мәліметінше, тауар мен қызмет ұсынатын жеткізушілерге қайтарылмаған қарыз мамыр айының басында 26 млн теңгеден асқан. ҚЖЭК газ үшін – 120 млн теңге, су үшін – 13,2 млн теңге, электр энергиясына – 14 млн теңге қарыз. Жыл басында бұл қарыздың көлемі екі есе көп болып, мамыр айының басында 1,3 млрд теңгені құрады. Осы жылдың басындағы кірістің өсуі оны жабуға мүмкіндік берді.

Дебет пен несиені қысқарту

Егер жылу компаниясының бухгалтериясына тоқталар болсақ, компанияның  2016 жылғы шығыны 173 млн теңге болған. Кәсіпорын мамандарының пікірінше, есептеу құралын жаппай орнатқаннан кейін де кәсіпорынның табысы шығынды жаппаған. Кәсіпорынға бір жыл бұрын басшы болып келген Асқар Бекпағанбетов осы жылдың жылу беру маусымында жаппай үнемдеуді қолға алған.

ҚЖЭК медицина қызметкерін жұмысқа алып, медициналық куәландыру бойынша аутсорсингтан бас тартқан, сонымен бірге техниканың жартысын бензиннен газға көшірген, көлденең компаниялардың төлемдерді қабылдауға қатысты қызметінен бас тарып, банкпен есеп айырысудың жаңа шартына көшкен. Жылу компаниясының мәліметі бойынша, осының арқасында 33 млн теңге үнемделген. Сонымен қатар кәсіпорын монополияға қарсы мекеменің төлемеген 263,1 млн теңге кірісінің өтемақысын қайтарып алған. Бұған 2015  жылы жаппай жылу есептеуішін орнату себеп болған. Бұл ақшаға жалақы бойынша үнемделген 45 млн теңгені және жалпы сомасы 216 млн теңге болатын технологиялық шығындарды азайтуды қосыңыз. Нәтижесінде үнемделген ақша шамамен 557 млн теңгеге жеткен.

Ұсынылатын басқа да қызмет түрлері бойынша қызмет көрсетудің көлемі өсіп, кәсіпорын қазынасын толтыруға бірден бір себеп болды. Монополияға қарсы комитет жылу компаниясына жылу есептеуіштерін орнатуға рұқсат берді. Осылайша компания 2017 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша 966,6 млн теңге пайда көрген. Бұл көрсеткіш соңғы үш жылда бірінші рет болып тұр.

Бүгінгі күні компания шығындарды одан әрі қысқартпақшы. Сол үшін компания мердігерлердің қызметінен бас тартып, жөндеу жұмыстарын өз күштерімен атқаруды жоспарлап отыр. Сонымен бірге жылу берілетін орын-жайлар түгенделіп, қазірдің өзінде ескерілмеген 3,5 мыңнан астам жылу берілетін орын анықталған.  Бұған қоса абоненттермен жұмыс істеу жүйесі жаңғыртылып, абоненттердің жаңа базасы енгізілмекші. Бұл кәсіпорын жұмыскерлерінің санын қысқартуға, яғни айлық жалақы бойынша шығынды азайтуға әкеледі.

ҚЖЭК мәліметі бойынша, кәсіпорын жұмыскерлерінің орташа жалақысы 2017 жылдың I тоқсанында 112 мың теңге болса, басқарушы құрамдікі 180 мың теңгеге дейін жеткен. Ал компанияда бас-аяғы 800 адам еңбек етеді.  Егер кәсіпорын жұмысының 2014 жылдан бергі қаржылық нәтижесін салыстырар болсақ, онда компания тек I тоқсанда ғана пайда көрген. Жыл қорытындысы бойынша 2014 жылдан бергі жұмыс нәтижесі нашар болған. Жыл соңындағы шығындар 2014 жылы 34,8 млн теңгеге жетсе, 2016 жылы 173 млн теңгеге дейін өскен. Биылғы жылғы жұмыс қаншалықты тиімді болатынын айту қиын. I тоқсанда алынған табыс жыл ортасына жетпей біткен. Шығыс пен кіріс балансы шілде айында 200-400 млн теңгеге дейін төмендеген. Осыған қарамастан, төлемдерді жинауға қатысты жағдай еш өзгеріссіз қалып отыр. Төлемдерді жинаудың ең төменгі көрсеткіші қыста барлық есептеудің небәрі 85%-ын ғана құрайды. Ал жазда жинау есептеуден асып кетеді. Бірақ та  жалпы қарызды  айтарлықтай қысқаратады деу қиын.

Кіріс пен шығыстың мұндай жағдайы жыл сайын қайталанып, үйреншікті болып кеткен. Қостанай жылу энергетиктері көктемде пайда көрсе, күзде шығынға батып отырады. Биылғы жылы қолға алынып отырған жаппай үнемдеу саясаты қаншалықты тиімді болатыны жайында бірдеңе айтуға басшылықтың да жүрегі дауаламай отыр. Тек бір жөндеу жұмысының өзіне 175 млн теңге кетеді. Қысыммен тексеру нәтижесінде болатын апаттарды болдырмауға қанша ақша кететіні белгісіз. Қазірдің өзінде шамамен 50 шақты ақауы бар участкі анықталып отыр. 

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Шестакова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу