Коттеджде тұратындар үкіметке қол жайып отыр

3486

Олардың жеке бизнеспен айналысып, табысын жасырғаны әшкере болды.    

Коттеджде тұратындар үкіметке қол жайып отыр

Павлодар облысында бес бірдей отбасы иелігінде коттеджі мен бірнеше көлігі болып, өз ісімен айналыса тұра бірнеше ай бойы атаулы әлеуметтік көмек алған. Ал енді бірі жұмыс орнынан төмен жалақы алатыны туралы анықтама тапсырған. Шын мәнінде, айлығы 180 мың теңгені құрайды екен. Қазіргі уақытта құзырлы органдар мұндай әрекет салдарынан мемлекетке келген шығын көлемін анықтап, қитұрқы әрекетке барғандарды жауапқа тарту жолдарын қарастыруда.

Пысықайлардың істері мұнымен бітпейді. "Лексус" маркалы көлігі мен облыс орталығында жер үйі бар азамат өзін көпбалалы, аз қамтылған отбасының отағасы деп таныстырып, жергілікті "Мейірімділер клубы" қоғамдық бірлестігі арқылы балаларына оқу қажеттіліктерін алған.

"Бұл отбасы көмекке мұқтаж жандар тізіміне қала мектептерінің бірінде жұмыс істейтін әлеуметтік педагогтың ұсынысымен енгізілді. Құжаттарға қарасақ, әкесінің жалақысы - 25 мың теңге, анасының айлығы – 31 мың теңге. Отбасында төрт бала бар. Сондықтан қайырымдылық акциясы аясында клубымызға демеушілер әкелген кеңсе тауарларын отағасына табыстадық. Кейін әлгі отбасының аз қамтылған емес, табысы әжептеуір шаңырақ екенін өз көзімізбен көрдік. Бұдан соң, мектептерде аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың тізімі қалай құрылады, әлеуметтік педагогтар олардың үйлеріне бара ма, отбасының табысы туралы анықтама тексеріле ме деген заңды сауалдар туындайды деп ашынады клуб өкілдері.

Осы іспетті жағдайлардың алдын алу үшін атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаумен айналысатын мамандар жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізбек. Бірақ осындай шаралардың кейбірі қарапайым халыққа таяқ болып тиюде. Мәселен, Ақсу қаласына қарасты Қызылжар ауылының тұрғыны Айгүл Сахаба үш баланы тәрбиелеп отыр. Жолдасы – құрылысшы, табысы – 42 мың теңге. Бұл сома отбасыны асырауға жетпегендіктен, Айгүл сәуір айында атаулы көмек алуға өтініш білдіріп, 4 ай бойы уақытылы алып келген. Енді мемлекеттен алған 364 мың теңгені қазынаға қайтаруға мәжбүр. Себебі ақпан айында қорадағы бес сиырын сатыпты.

"Маған қажет құжаттар тізімін берді. Соған сәйкес, жолдасымның қаңтар, ақпан және наурыз айларындағы жалақысы туралы анықтаманы тапсырдым. Ал мал саны, сатылғаны туралы ақпарат талап етілген жоқ. Бұлай боларын білсем, анықтаманы қолдарына ұстатар едім. Шенеуніктердің пайымынша, ақпанда сатқан 5 сиырдан түскен ақша алғашқы тоқсанның табысына кіреді. Сондықтан  аз қамтылғандардың тізіміне ілікпейміз әрі 4 ай бойы мемлекеттен заңсыз түрде ақша алып келген екенбіз. Әкімдіктегілер 364 мың теңгені бөліп төлеуге болатынын айтты. Бірақ оған да шамамыз келмейді. Айлық небәрі 42 мың теңге, үйді несиеге алғанбыз, балалардың тамағы, киімі, оқуға дайындығы бар. Енді не істерімізді, ақшаны қалай қайтарарымызды білмейміз",– дейді Айгүл Сахаба.

Ақсу қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Елена Бобчихина тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Яғни өтініш берушінің төрт түлікке қатысты талапты білмеуі мүмкін емес дейді.

"Атаулы әлеуметтік көмекті алған кезде мал болмаған шығар. Бірақ алғашқы тоқсанда болды ғой. Демек оны сатудан түскен қаржыны да кірістер тізімінде көрсетуі тиіс еді. Оған қоса, сиырларды сатқаннан түскен ақша бірнеше ай күнелтуге жетеді",– дейді Е.Бобчихина.

Оның айтуынша, өткен жылы Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтарда тұратын 44 аз қамтылған отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, қазір олардың саны 521 отбасыға жетті. Кейін 70 отбасының құжаттарды дұрыс толтырмағаны белгілі болды. Сөйтіп, мемлекеттік төлемақыдан қағылды. Егер бірнеше ай бойы алған ақшаларын ерікті түрде қайтармаса, әкімдік сот арқылы өндіріп алуға мәжбүр болады.

Жалпы, жыл басында облыстың аз қамтылған отбасыларына атаулы әлеуметтік көмек төлеу үшін бюджеттен 1,6 млрд теңге қарастырылған. Ал жаңа форматқа сәйкес, бұл сома 3,3 млрд теңгені құрап отыр.  

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу