Кредитке киіну сәнге айналды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
19681

Қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 1 млрд теңге қарыз.

Кредитке киіну сәнге айналды

Банктерге барып, жөн-жосықсыз несие рәсімдеуден ел азаматтары алдарына жан салдырмай тұр. Біле білген адамға бұл жағымды жаңалық емес. Себебі несие рәсімдегендердің басым бөлігі ақшаны бейберекет, мақсатсыз, болмашы дүниеге шашып жүр.

Бұрын адамдар несиеге тұрмыстық техника, автокөлік, баспана рәсімдесе "қажеттілік қой" дейтінбіз. Ел азаматтарының кредитке киінуді сәнге, жоқ сәнге емес, "жаман әдетке" айналдырып алғанын естігенде не айтарымызды білмедік.

Жыл басынан бері несиелерін өтемеген адамдардың екінші деңгейлі банктерге берешегі 1 млрд теңгеге жеткен. Жай берешек болса жарайды ғой, несие рәсімдегендердің дені қарыздың қайтару мерзімін кешіктіріп алған. Осылайша қарыздың үстіне қарыз қосқан. Енді олар берешектерін өсімпұлмен қосып өтейді.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, адамдар көп жағдайда несиені ойланбай рәсімдейді. Олар қатты қажеттілік болмаса да, банктен ақша алғысы келіп тұрады.

"Соңғы кезде кредитке киіну сәнге айналды. Адамдар жаппай қарызға киіне бастады", – деп мәлімдеді қаржы реттеушісі.

Неге бұлай деген сұраққа ел тұрғындары "бөліп төлеген оңай" деп қысқа жауап беретін көрінеді.

Ұлттық банктің дерегінше, биыл өткен жылмен салыстырғанда несие рәсімдегендердің саны 25%-ға көбейген. Сәйкесінше, екінші деңгейлі банктерден алынған қарыз көлемі 10 трлн теңгеге жеткен.

Қарызға белшесінен батқандардың көшін алматылықтар бастаған. Мұндағылар тұрмыстық тауар үшін 6,5 млн теңге несие рәсімдеген. Астаналықтар дәл осындай мақсатқа 700 млн теңге шығындаған.  

Екінші деңгейлі банктерден алынған 10 трлн теңге қарыздың 12%-ы ғана үй салуға және үй алуға жұмсалған. Қалған 88% күнделікті күйбеңнің ұсақ-түйегі мен  киімге кеткен.

Ұлттық банктің нақтылауынша, қазақстандықтардың дені бір қарызды жабу үшін екінші қарыз алады. Сөйтіп несиенің шырмауынан шыға алмай жүреді.

"Екінші деңгейлі банктер клиентке несие рәсімдеуге шектеу қойғанға дейін осылай жалғаса береді. Ел азаматтарының өздерінің қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс есептемеуі оларды тығырыққа тірейді", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.

Отандастарымыздың қарыздың қақпанына түсуіне олардың қаржылық сауатсыздығы мен онлайн-несиенің де ықпалы зор болып тұр. Адамдар үйде отырып, ғаламтор арқылы тауарға тапсырыс бергенді керемет көреді. Іс барысында қарызды қайтару қажет екенін ойламайды. Кілтипанның барлығы осыдан басталады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу