Құрылыс қарқыны бәсеңдеді

8867

Ұлттық банк Қазақстан экономикасына 3,5 трлн теңге болатын ұзақмерзімді несие ұсынбақшы, оның үштен бірі ипотекаға бағытталады.

Құрылыс қарқыны бәсеңдеді

Қазақстанның құрылыс саласындағы өсім жыл бойына ала-құла болды. Сектор биылғы жылдың I тоқсанында жыл көлемімен есептегенде 5,9% өсімнен кейін жартыжылдықтың соңына қарай нөлге жақындаған. Бұл туралы үкімет отырысында 2018 жылдың бес айындағы әлеуметтік-экономикалық даму мен республикалық бюджеттің орындалуын қорытындылаған ұлттық экономика министрі (ҰЭМ) Тимур Сүлейменов мәлім етті.

"Биылғы жылдың I тоқсанында 5,9 пайызға дейін өскен құрылыс саласының өсу динамикасы қаңтар-мамыр айының қорытындысы бойынша нөлдік мәнге, 0,3 пайызға дейін төмендеді", ­­­– деп атап кетті ҰЭМ басшысы.

Оның айтуынша, баяулауға Павлодар мұнай-химия зауытын жаңғыртуға қатысты, магистралды құбыр желісі мен өндірістік нысандар құрылысы бойынша, сондай-ақ "Абу-Даби Плаза" көп функциялы кешені құрылысындағы жұмыстардың азаюы себеп болған.

ҰЭМ мәліметі бойынша, Астана, Павлодар және Атырау облыстарында құрылыс саласында айтарлықтай қарқын жоқ. Дегенмен бұл өңірлердегі жағдай алдыңғы аймен салыстырғанда жақсарған. Атырау облысында жағымсыз көрсеткіш 8,2%-дан 3,1%-ға, Павлодар облысында 35%-дан 18,6%-ға, Астанада 23,8%-дан 22,8%-ға қысқарған.

Құрылыс саласында әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу да маңызды орын алады. 2018 жылдың бес айындағы мемлекеттік бюджеттің орындалу қорытындысын баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов республикалық бюджетте 1,05 мың жергілікті нысанды салуға 477 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Оның қазынашылық органдарында 311 млрд теңгенің міндеттемесі тіркелген немесе бұл бір жылға жоспарланғанның 65%-ы.

"166 млрд теңгенің міндеттемесі қабылданған жоқ, оның ішінде 68 млрд теңге жалғасып жатқан жобалар және 95 млрд теңге жаңа жобалар. Жаңа жобалардан биылғы жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 37 млрд теңге сомасының қорытындысы шығарылды. Бұл ретте 3,4 млрд теңге үнемделген. Тек 72 млрд теңгеге байқау жарияланды", - деп ақпарат берді Ұлттық банк басшысы.

Сонымен бірге 2018 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 23 млрд теңге болатын 95 нысан құрылысына байқау әлі жарияланбаған. Бұл құрылыс нысандары Астанада 7,6 млрд теңгеге, Алматы облысында 4,4 млрд теңгеге, Павлодар мен ШҚО-да 3,5 млрд теңгеге, Маңғыстауда 2,7 млрд теңгеге, Қостанайда 2,4 млрд теңгеге жоспарланып отыр.

Ипотекалық несие беру қарқынын жандандыру үшін Ұлттық банк қандай шара қарастырып жатқаны жайлы бас банктің төрағасы Данияр Ақышев әңгімеледі. Оның айтуынша, мемлекет басшысының бастамасын іске асыру аясында Ұлттық банк экономикаға ұзақмерзімді несие беруді қамтамасыз ету мен ипотекалық несие беруді дамыту арқылы баспананың қолжетімділігін арттыруға жұмыс жасап жатыр.

Заң жүзінде банктердің қорландыру мерзімін ұзартатын құралдарды енгізу жоспарланып отыр. Мысалы, жинақтау депозиттерін енгізу банктерге ұзақ және болжамды қорландырудың болуына мүмкіндік береді.

"Ұзақмерзімді несие беруді дамыту мақсатында бірқатар шаралар іске асатын болады. Атап айтсақ, "7-20-25" бағдарламасы аясында банктер ипотекалық несие беруге жұмсайтын 200 млрд теңгені жақын арада алатын болады. Келешекте сома триллион теңгеге жетеді, ал бұл банктердің ипотекалық портфелінің қазіргі көлемін екі триллион теңгеге дейін өсіруге мүмкіндік береді", - деп атап кетті Данияр Ақышев.

Сонымен қатар БЖЗҚ қаражатын банк облигацияларына салу бағдарламасын іске қосу аясында банктер 200 млрд теңгені бес жылға алады. Облигацияларды орналастыру нарық ойыншыларының міндетті тепе-тең қатысуын қарастыратын болғандықтан, банктер тарту сомасын екі есе өсіреді.

"1,2 трлн теңге – бұл сауықтыру бағдарламасына қатысатын банктер беретін несие сомасы. Бүгінгі күні 865 млрд теңге қайта қаржыландырылған, одан 170 млрд теңгеге жаңа несие берілген. Сауықтыру бағдарламасы аясында банктер 15 жылға 654 млрд теңгеге шоғырландырылған қарыз алған. Бұл қаражат жақын арада несиелеуге бағытталуы мүмкін. Триллион теңге – Қазкоммерцбанктің қаржы министрлігінің МҚҚ-ны сатып алған сомасы. Бұл қаражат банктің несие беруіне жұмсалады", ­– деді Данияр Ақышев.

"Жалпы қаржылық сауықтыру бағдарламасы, "7-20-25" бағдарламасы, БЖЗҚ-ның облигациялық бағдарламасы аясындағы жаңа қарыздарды ескеретін болсақ, банктердің ұзақ қорландыруының жалпы сомасы алдағы бір жарым-екі жылда 3,5 трлн теңгеге артады", – деп қорытындылады Ұлттық банк басшысы.

Ұлттық банк басшысының сөзінше, бұл көрсеткіштер бір жағынан ұзақмерзімді несие ресурстарының айтарлықтай ұсынысын қамтамасыз етеді, ал басқа жағынан алатын болсақ, экономикадағы инфляциялық қысымды күшейтуге әкелмейді.

Гүлназ Ермағанбетова, Ботагоз Омар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу