Құрылыс сапасына қатысты мәселені жел "көтерді"

6741

Елорда билігі жосықсыз құрылыс салушылармен ымырасыз күрес бастады.

Құрылыс сапасына қатысты мәселені жел "көтерді" Фото: Мария Матвиенко

Мамырда соққан дауыл құрылыс сапасын бақылауда жіберілген олқылықтарды әшкере етті. Елордада ауа райының дүлей мінезіне төтеп бере алмаған жүздеген үй, құрылыс саласындағы бақылауды күшейту қажеттігін айғақтағандай еді. Бұл жайында Астана әкімдігінде өткен жиналыста қала басшысы Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

"Салынған үйді кімдер қабылдайтынын қараңыздар, барлығы жекеменшік компания. Тапсырыс беруші, бас мердігер – жекеменшік компаниялар, техникалық қадағалаушы – қазір бұл да жекеменшік компания, авторлық бақылау да жекеменшік компания. Заң бойынша қазір әкімдік салынған үйді қабылдауға құқы жоқ. Барлық жауапкершілік бизнесте. Осы бағытта ҰКП-мен жұмыс жасап жатырмыз, жағдайға заң арқылы бақылауды күшейту, ұйымдарды өзіндік реттеу сияқты әртүрлі  механизмдер арқылы ықпал етуге уағдаластық жасалған болатын. Бұл жосықсыз бизнесмендерді нарықтан кетіруге тиіс және бұған біз қолдау жасаймыз. Бұл жерде бизнесті тексеру туралы әңгіме болып отырған жоқ, тек тәртіп орнату сөз болып отыр. Тексеріп, ретке келтіру керек, өйткені әр үйде жүздеген отбасының тағдыры тұр", – деді Әсет Исекешев.  

Еске салар болсақ, мамырдың орта шенінде екілене соққан қатты жел елордадағы тұрғын үй ғимараттарына нұсқан келтірген болатын, оның ішінде жаңа салынған үйлер де бар. Атап айтсақ, 2017 жылы пайдалануға берілген "Олимп Палас" тұрғын үй кешенінің қымтағыш қабаты жартылай түсіп қалған. "Хайвил" (2015 жыл) ТК-ның тақтайшасы мен қымтағыш қабаты опырылған. "Миллениум парк" (2014 жыл) ТК-ның қасбетінің сыртқы витражы бүлінсе, "Саранда" (2013) ТК-ның металл жабынды шатыры құлаған.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, 22 мамыр мен 26 мамыр аралығында қалалық мониторинг орталығына тұрғындардан 212 өтініш түскен. Оның 68-і ғимараттың шатыры мен қаптамасының бүлінгені жайында болған. Жосықсыз құрылыс салушыларға 15 маусымға дейін барлық кемшілікті орнына келтіруге уақыт берілді. Осыдан кейін мемлекеттік органдар үйлерді қабылдау мәселесі бойынша арнайы тексеріс жүргізеді.

"Заң бойынша әкімдік қабылдауға тиіс емес. Бірақ біз техникалық бақылау мен авторлық бақылаудың қайда қарап отырғанын білгіміз келеді. "Олимп Палас" ТК бойынша авторлық және техникалық бақылауды кім жүргізді? Олар аттестаттан айырылды ғой, солай ма? Міне, әрбір факты бойынша осылай жұмыс істеу керек. Егер айтарлықтай қателіктер бірнеше рет қайталанатын болса, лицензиясынан айырып, сотқа беру керек. Оларды тексеретін прокуратура мен ондаған мемлекеттік орган бар. Енді осы жұмыс атқарылатын болады", – деді қала басшысы.

Ал ПИК-ке үйлерді үнемі техникалық тексеруден өткізіп, ғимараттардың жағдайын апатты жағдайға дейін жеткізбеу тапсырылған еді. 1 желтоқсанға дейін 486 ПИК-тің үйлерге қызмет көрсету сапасы тексеріледі. Бұл ретте тексерістен өтпей қалған ПИК-термен барлық келісімшарт бұзылады.

"Қызмет көрсететін барлық ұйымдарға, ПИК-ке айтылған барлық ескертулерді, үйдің қасбетінің тақтайшаларын СНжЕ, тұрғын үй қорын ұстау ережесіне сай  ретке келтіруді тапсырамын. Біздің қалада ғимаратты апатты жағдайға дейін жеткізетін жайттар кездесіп жатыр. Аудан әкімдері мен қалалық ортаның сапасы басқармасы бақылауға алсын. Көрсетілген мерзімде кемшілікті жоймайтын болса, тексеріс жүргізіп, материалдарды сот органдарына жіберу керек. Сонымен қатар қаржының мақсатқа сай жұмсалуына тексеріс жүргізіп, орын алған заң бұзушылықты ІІД, МКД органдарының қарауына жіберу қажет", – деп қорытындылады Әсет Исекешев.  

Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу