Құрылыстың өзіндік құны үй бағасын ұстап тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
9660

Баспана саудасының күрт көбейгені де бағаны орнынан қозғай алар емес.

Құрылыстың өзіндік құны үй бағасын ұстап тұр

"2019 жылғы наурызда өткен аймен салыстырғанда абаттандырылған тұрғын үйлерді алып сату бағалары 0,4%, жаңа тұрғын үйлерді сату 0,3%, абаттандырылмаған тұрғын үйлерді алып сату 0,2%-ға өсті", деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігі статистика комитеті. Ведомствоның мәліметінше, абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу бағасы ақпан айымен салыстырғанда наурызда өзгеріссіз қалды.

Осы қарқын сақталатын болса, биыл жыл соңына жейін үй бағасы былтырғыдан 3,5-4,0% қымбаттауы мүмкін. Жалпы, 2017 жылдан бері үшінші жыл қатарынан үй бағасы геометриялық прогрессиямен өсіп келе жатқаны байқалады. Мәселен, 2017 жылы жаңа үйлердің бағасы 1,3% қымбаттаса, 2018 жылы көрсеткіш 2,6%-ға ұлғайған. Ал биыл жыл соңына дейін жоғарыда аталған 3,5-4,0% аралығына жетіп қалуы әбден мүмкін. Өйткені, қазірдің өзінде, үш айдың қорытындысы бойынша жаңа үйлердің бағасы былтырғы желтоқсандағымен салыстырғанда 0,9%-ға қымбат.

2011 жылдан бері тек 2016 жылы ғана жаңа үйлердің бағасы арзандаған еді. Теңгенің девальвациясы мен жылжымайтын мүлікті тек ұлттық валютамен саудалау керек деген заң шыққаннан кейін жаңа үйлердің бағасы сол жылы 3,6% арзандаған. Ал оның алдында 2011-2015 жылдары бес жыл қатарынан жаңа үйлердің бағасы бір жылдары 7-10%-ға дейін қымбаттаса, кей жылдары тіпті бағаның 16%-ға өсіп кеткен кездері болған.

Кей құрылыс заттары тіпті арзандап жатыр

Статистика комитетінің мәліметінше, құрылыстың өзіндік құны жыл басынан бері былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай қымбаттамаған.

"2019 жылғы наурызда өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда құрылыстағы баға индексі 100,1%-ды құрады", деп жазады комитеттің ресми сайты. Яғни, құрылыс құны бар болғаны 0,1% қымбаттаған, ал соның ішінде құрылыс-монтаж жұмыстары керісінше 0,3% арзандап кеткен. Тек бағаны ұстап тұрған машиналар мен жабдықтар бағасы және өзге де жұмыстар мен шығындар екен.

Ал құрылыс компаниялары сатып алған материалдар, бөлшектер мен конструкциялардың бағасы былтырғымен салыстырғанда мүлде өзгеріссіз қалған.

Бар болғаны силикат және қож кірпіштер 3,9%, қыш тақтайшалар мен тақталар 2,7%, ғаныш картон 1,3%, фиброцемент 1,1%, цемент 1% қымбаттапты. Ал электржарықтандыру жабдықтары 5,5%, бояулар мен эмальдар 2,5%, ғаныш 0,5%, құрылыс ерітінділері 0,4%, құбырлар 0,1% арзандап кеткен.

Жалпы, өткен жылдың соңынан бері құрылыстың өзіндік құнының өсімі тұрақты түрде төмендеп келе жатыр.

Сауда қызғанымен баға әсер ете алар емес

2019 жылғы наурызда тұрғын үйді сатып алу-сатудың тіркелген мәмілелерінің саны 19 132 құрады. Бұл өткен аймен салыстырғанда 4,5% аз болғанымен, -ға кеміді. өткен жылғы алғашқы үш айдың көрсеткішімен салыстырғанда 16% артық.

Баспана саудасы республиканың барлық өңірінде өскен. Соның ішінде Алматы қаласы мен Жамбыл, Атырау облыстарында айтарлықтай ұлғайса, Қарағанды облысында болмашы 1% ғана өсім бар. Ал елордадағы жаңа үйлердің саудасы 17% көбейген.

Осылайша, мемлекеттік ипотекалық бағдарламаның қолжетімді баспана "тарата" бастағанынан кейін сауданың көбейгенімен, баспана бағасы орнынан қозғалар емес. Құрылыстың өзіндік құнының төмендеуі негізінен саладағы импорттың азайып, ішкі өнімнің нарықты жайлай бастағанынан да болса керек.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу