Құрылысы аяқталмаған үйлер жәрмеңкеге шығарылды

4997

Ресми мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша алданған үлескерлердің саны – 9 мың. Олардың басым бөлігі – елорда тұрғындары. 

Құрылысы аяқталмаған үйлер жәрмеңкеге шығарылды

Астана қаласының өзінде проблемалы 42 нысан болса, оған 7 мың үлескер қаржы құйған. Енді құрылыс жұмыстары тоқтап қалған осындай 9 тұрғын үй кешені сатылымға шығарылуда.

Астанада проблемалы нысандарды сатуға арналған жәрмеңке ұйымдастырылды. Мақсаты – аяқсыз қалған үйлерді аяқтап, үлескерлерге тапсыру. Ондай нысандардың қатарында "Алға Самал", "Үміт-Береке", "Жайлау сити", "Араби-2", "Хазірет-Астана", "Столичный-2", "Скай Сити", "Құрылтай" және "Байтау" тұрғын үй кешендері бар. Бүгінде аталмыш үйлерге ақша салған 2 мыңнан астам отбасы өз пәтерлерін тағатсыздана күтумен келеді.

Жәрмеңкеге келген бизнес өкілдеріне аталмыш нысандардың бос алаңдары, жер телімдері мен теxникалық сызба-нұсқалары бүге-шүгесіне дейін түгел көрсетілді.

Жалпы, үлескерлер мәселесі бұған дейін талай көтерілгені белгілі. Кезінде "Арзан пәтерге ие боламын" деген азаматтар соңында сан соғып қалды. Уәдені үйіп-төгіп берген кейбір компания басшылары бір күнде шетел асып кетті. Қашып кете алмай қалғандардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін "Алаяқтық" бабы бойынша "Ақжол" тұрғын үй кешенінің басшысы 101 үлескерден 800 млн теңге көлемінде қаржы иеленгені анықталып, басшысы Ербол Манашевқа қатысты қылмыстық іс сотқа жөнелтілгені белгілі. Сонымен қатар, "Араби-1, 2" және "Самал" тұрғын үй кешендерінің 183 үлескерінен 1 млрд 700 мың теңге көлемінде ақша иеленген "Квартира НС" мекемесінің директоры Медет Бектеміровке қатысты іс, "Столичный-2", "Аниса-1", "Көктал-2", "Абат" тұрғын үй кешендеріне тиесілі "Төленді" компаниясының төрағасы Айдын Байжұмановқа қатысты пәтерлерді екі рет сату фактілері бойынша да іс сотқа жіберілді. Сатуға қойылған проблемалы нысандардың қатарында аталған үйлердің кейбірі бар.

Сонымен, инвесторларға таныстырылған тоғыз үй туралы қысқаша айтсақ. Мәселен, жоба бойынша паркингі бар көппәтерлі "Алға Самал" тұрғын үй кешеніне 1,7 млрд қаржы құйылған екен. Алданған үлескерлердің саны – 38. Бүгінде үйдің қабырғасы түгілі, іргетасы да қаланбаған. Эскиз жобасы, сараптама қорытындысы жоқ үй құрылысын Тұрғын үй кооперативін құру арқылы шешу көзделуде. Сол сияқты "Үміт Береке" кешеніне қаржы құйған үлескерлердің де үміті зор. Кезінде 80 адам үйлі боламын деп сеніп қалған екен. Өкінішке қарай, бүгінде құрылыс та, құйған қаржының да ізі жоқ. Жәнібек Тархан және Жұбанов көшелерінің қиылысында "Араби-2" тұрғын үй кешені бой көтеру керек еді. Эскиздік жобасы 2005 жылы жасалған нысанға 56 үлескер ақшасын салған. Жәрмеңкеде таныстырылған нысандардың кейбірі аяқталуға жақын. Мәселен, Сарыарқа даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында тұрған "Столичный-2" тұрғын үй кешені 70% дайын көрінеді. 190 пәтерлі үйге 170 адам үлескер болған.

"Мәңгілік ел" монументі жанындағы "Байтау" тұрғын үй кешеніне 25 адам қаржы құйған. 2014 жылдың тамыз айында басталған құрылыс 2015 жылы қаржы жетіспегендіктен тоқтатылды. Дәл қазіргі уақытта бір қабаты ғана бой көтерді. Ондағы пәтерлердің саны – 154. Қала әкімдігінің ұйғарымымен "Байтау Gold" тұрғын үй кооперативі құрылды. Құрылыстың 6 %-ы ғана дайын. Алдағы уақытта әлеуеті мол инвесторлар табылса деген тілегіміз бар", – дейді "Байтау Gold" тұрғын үй кооперативінің басқарушы төрайымы Айжан Қуанышқызы.

Ал "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының өкілі Мұрат Әбеновтің айтуынша, тұралап қалған нысандарды сатып алуға арналған жәрмеңкеге 70-ке жуық компания қызығушылық танытқан.

"Қауіпсіздік және жайлы қала" қоғамдық жобасы аясында осы шаралардың дұрыс жүргізілуіне бақылау жасаймыз. Жалпы, бұл формат мәселені шешудің дұрыс жолы. Егер жәрмеңкеге қатысып, кейбір талаптарға келіспейтін компаниялар болса, ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз", – дейді ол.

Білікті заңгер Нұржан Сейтматов бұл алданған үлескерлердің соңы болуға тиіс деп санайды. Себебі, өткен жылдың соңында қабылданған "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңда құрылыс компанияларына деген талап пен тәртіп күшейген.

"Бұдан былай заңда үлескерлердің ақшасын тартудың үш жолы қарастырылған. Біріншісі – кепілдендіру қорының кепілдігін алу, екіншісі – деңгейлі банктердің жобасына қатысу. Ал үшіншісі, тұрғын үй қорының ғимараты салынғаннан кейін ғана үлескерлерден ақша тартуға рұқсат беріледі. Кез келген жағдайда үлескермен тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың типтік келісімі жасалуға тиіс. Үлескерлер болса салушылардың құрылыс құжаттарымен танысуға құқылы. Уәкілетті компанияға жоғары біліктілік талаптары қойылады. Мәселен, құрылыс нарығындағы тәжірибесі кем дегенде үш жыл, ал тұрғызылған ғимараттардың жалпы ауданы кем дегенде тоғыз мың шаршы метр болуы қажет. Егер компаниялар тұрғын үй құрылысына қатысты азаматтардың қаржысын заңсыз тартатын болса, барлық келісімдер жарамсыз деп танылады. Заң талаптарын орындамаған құрылыс салушылар қылмыстық қудалауға түседі. Бұл өз кезегінде үлескерлердің құқықтары мен заңды мүддесін қорғайды әрі тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ететін жаңа тетіктер", – дейді ол.

Дәулет Досқұлов, мемлекеттік қала құрылысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының орынбасары: 

– Бүгінгі шара алғаш рет ұйымдастырлып отыр. Кәсіпкерлер проблемалық тұрғын үйлерді таңдап, құрылысын аяқтауға атсалысады. Олар үлескерлерді баспанамен қамтамасыз етіп қана қоймай, артық шаршы аудандар есебінен пайда табуға мүмкіндік алады. Қала әкімдігі болса құжат жағынан көмек көрсетуге әзір. Жәрмеңкеге шығарылған 9 нысанға үлескерлік құрылыс туралы жаңа заңнама қолданылады. Сондықтан рұқсат қағаздардың барлығы жаңа заң бойынша беріледі.

Темірлан Әділханов, Астана қаласының бөлім прокуроры:

– Жалпы, құрылысы тоқтап қалған нысандарды әрі қарай жүргізудің жолдары бар. Сондай үйлердің бірі – "Expo Town". "ЭКСПО-2017" халық­аралық көрмесіне жақын орналасқан кешен осы уақытқа дейін бос жер күйінде тұрды. Астана қаласы әкімдігінің ұсыны­сымен алданған үлескерлер бірігіп, тұрғын үй кооперативін құрды. Одан кейін қалалық прокуратураға өтініш-хат жолдады. Сот шешімімен құрылысы аяқсыз қалған нысан үлескерлердің пайдасына шешілді. Ары қарай өз бетінше құрылысты жүргізетін инвесторлар тапты. Шынын айтқанда, "Экспо Таун Успех" деп аталатын кооператив соңына дейін күресті. Бүгінде бірінші екі блоктың құрылысы аяқталуға жақын. Олар жобаны өзгерту арқылы жол тапты. Бірінші жоба бойынша 892 пәтер болса, қазір пәтерлердің санын 1395-ке дейін жеткізді. Сөйтіп, тағы бірнеше қабатты қосу арқылы қосымша қаржы тартқаны белгілі. 

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу