Қыс маусымында Қазақстанда жол-көлік оқиғасы 6%-ға өседі

5690

Олардың көбісі Алматыда тіркеледі. Бұл жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының (ЖҚҚҚ) Алматыда жол-көлік оқиғасынан (ЖКО) зардап шеккендерді бүкіләлемдік еске алу кезінде өз нәтижелерін таныстыруда белгілі болды.

Қыс маусымында Қазақстанда жол-көлік оқиғасы 6%-ға өседі

Жыл сайын қарашаның әрбір үшінші жексенбісінде әлем жол апатынан қайтыс болғандарды еске алады. ЖКО-дан опат болғандарды еске алу күні жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселесіне қоғамның назарын аудару үшін БҰҰ-ның бас ассамблеясының қарарымен 2015 жылы бекітілген. Өкінішке қарай, біздің елдегі адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғасының статистикасы әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі. "Ортақ жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы жағдайды өзгертетін кез келді деп есептейді.

Автомобиль – әлемдегі ең қауіпті көлік, әрі статистика көрсетіп отырғандай, егер әуе апатынан жыл сайын 1 мың адам қайтатын болса, ал көлік апатынан 1,24 млн адам көз жұмады, деп атап өтті мәселенің маңыздылығына тоқталған "Апатқа жол жоқ" жобасының жетекшісі және ЖҚҚҚ өкілі Алексей Алексеев.

"ЖКО кезіндегі алған жарақаттар 15 жас пен 29 жас арасындағы адамдардың қыршыннан кетуіне басты себеп. Жақында Астанада Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының (БДҰ) баяндамасында жаңа мәліметтер келтірілген. Бүгінгі күні Қазақстан автокөлік апаттары салдарының ауырлығы бойынша бірінші орында тұр. Біздің елдегі адам өлімінің коэффициенті 100 мың адамға 24,2-ден келеді, яғни Еуропа елдеріне қарағанда Қазақстанда жол-көлік апатынан ажал құшу 11 есе жоғары. Еліміздің жолдарында бір жылда қайтыс болғандар саны бір шағын қаланың халқына тең, яғни 3000 адам. Ал 30 мыңнан астамы ауыр жарақат алады екен. 2018 жылдың тек алты айының өзінде елімізде 6743 ЖКО болған, онда 9400 адам зардап шегіп, 783-і қайтыс болған. ЖКО көп болған жер – бұл Алматы қаласы. Мұнда 3277 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Содан кейінгі орында 917 ЖКО болған Алматы облысы тұр", – деп түсіндірді Алексеев.

Оның айтуынша, Қазақстан жолдарында апаттың көп болуының басты себебі – жолда жүру ережесін сақтамау. Тас жолдарда бұл қарсы келе жатқан көлікке соқтығысу, ал қалада бағдаршам белгісін, қозғалыс қатарын, жол белгісін сақтамау, сондай-ақ көлікті мас күйінде жүргізу деп жалғастырды ЖҚҚҚ өкілі.

Статистикаға сүйенсек, 2011 жылдан бастап Алматы қаласында адам өліміне әкелетін апаттардың саны төмендегені байқалады. Алайда 2018 жылы тек бір 10 айдың ішінде Алматыда 3500-ден астам ЖКО болып, онда 4000 адам зардап шеккен. Ал қайтыс болған адам саны 114 болған. Бұл өткен жылдың осындай кезеңіндегіге қарағанда сегіз адамға көп.

"Жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып кеткен 69 оқиға адам өліміне әкелген. 20 жүргізуші көліктің кедергіге (ағаш, баған және т.б) соғылуынан қайтыс болған. Ал қалған жағдайда жолаушылар көліктердің соқтығысуынан немесе көліктің басқа бір затқа соғылуынан көз жұмған", – деп Алматы қаласының әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев көрсеткішке тоқталып кетті.

БДҰ жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылданбайтын болса, 2020 жылға қарай ЖКО нәтижесінде адам өлімі 80%-ға өседі деп отыр. Сондықтан да бүкіл әлем жолдарындағы апат санын азайту үшін БДҰ мен БҰҰ-ның бас ассамблеясының бастамасымен жол қозғалысы қатысушыларының қауіпсіздігін арттыру және ақпараттандыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

"Апатқа жол жоқ" жобасы аясында М36 Алматы-Астана республикалық трассасы бойынша үлкен автожарыс болды. Сарапшылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен бірқатар шаралар өткізілген, оның ішінде белгілерді және МемСТ және СНжЕ-ге сәйкес арнайы жабдықтардың көмегімен жол төсемін тексеру жүргізілді. 2019 жылы бұл жұмыс тағы жүргізіледі деп жоспарланып отыр.

"Біздің қаладағы ЖКО санын азайту үшін мемлекет тарапынан көп жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтсақ, инфрақұрылым ауыстырылып, жол белгілері, жерүсті және жерасты жаяу жүргіншілер өтетін жолдар салынып, бағдаршам мен жол белгілерінің көрінуі жақсартылып жатыр, сондай-ақ көптеген көшеде бір бағыттағы қозғалыс, BRT және басқа жолақтар пайда болуда. Тап қазіргі уақытта Алматыда 104 футер- және бейнетіркеу орнатылған. "Сергек" бейнежүйесімен, "Жол Ақ" бейне тіркеу бағдарламасы сынақтан өтуде. "Қауіпсіз жол қозғалысы" автоматты ақпарат жүйесі бойынша келесі жылы тағы 142 бекет орнатылады", – деп Мұраталиев атап кетті.

Дүйсенбі, 19 қараша күні өткен баспасөз конференциясына Екатерина Парафиева қатысты. Естеріңізде болса, 2017 жылы болған үлкен ЖКО-дан кейін ол екі аяғынан айрылған болатын, алайда оқиғадан соң оның өмірге деген құштарлығы жоғалған жоқ, керісінше қоғамдық пайдалы іспен айналысуға бел буған.

"Өзімнің басымда болған оқиғадан кейін, адамдарға жолда абай болу керектігін айтқым келеді. Менің жол апатына түсуіме, тек мен ғана кінәлі болған жоқпын. Барлығы көзді-ашып жұмғанша 30 секундтың ішінде болды. Люкке түсіп кеткен дөңгелекті қарау үшін апат белгісін қоймақ болып машинадан шыққанда соққы алып, екі аяғымнан айрылдым . Айдың-күннің аманында өмірім бір сәтте өзгеріп кете барады деп ойламаппын. Бұған жүру режимін асырып жіберу немесе телефонмен сөйлесіп келе жатқан жүргізуші себеп болды ма, білмеймін. Мәселе кімнің кінәлі екенінде емес, ең бастысы одан әрі өмір сүруге деген құлшынысым жайлы. Қазір жолдағы қауіпсіздікке қоғамның назарын аударуды өзіме мақсат еттім", – деді ол жиналғандарға.

Қазақстандағы "Апатқа жол жоқ" әлеуметтік жобасы апаттың көптігіне қоғамның назарын аудара отырып, ЖҚЕ-ні сақтау туралы ақпарат беру мен алдын алу арқылы жүргізушілердің мәдениетін арттырып, елдегі жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

"Ортақ жол" жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығы – жол-көлік оқиғаларын ескерту және қазақстандықтардың құқықтық сауаттылығын арттыру арқылы жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін өсіру мақсатындағы қоғамдық ұйым. 2014 жылдан бастап қауымдастық жол қауіпсіздігі бойынша EASST (Eastern Alliance for Safe and Sustainable Transport) халықаралық ұйымының мүшесі, ал 2017 жылдан жол қауіпсіздігі бойынша Жаһандық альянс мүшесі. 2018 жылдан бастап неміс концернімен бірлесіп Continental және Subaru Kazakhstan дөңгелектерін шығарады және Қазақстанда "Апатқа жол жоқ" әлеуметтік желісін іске асыруда.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу