Қытай Керекуге көз тікті

19343

Алдағы үш жылда қытайлық кәсіпкерлер Павлодар облысына 2,5 млрд доллар қаржы құймақшы.   

Қытай Керекуге көз тікті

Жақсы ма, жаман ба білмейміз, бірақ соңғы уақытта Павлодарда өтетін іскерлік жиындарда қытайлық кәсіпкерлер жиі төбе көрсететін болды. Өңірде қытай қаржысына салынып жатқан кәсіпорындар туралы да жиі естіп жүрміз. Бірқатар жоба бойынша екіжақты келіссөз жүргізіліп жатыр. Соған қарағанда аспанасты елін біздің аймақ айрықша қызықтыра бастаған секілді. Ресми дерекке сүйенсек, алдағы үш жылда қытайлық кәсіпкерлер Павлодар облысына 2,5 млрд доллар инвестиция салмақшы.

Жалпы, қытай кәсіпкерлерінің біздің өңірге келе бастағанына көп бола қойған жоқ. Аймақта бірлескен жобалар енді ғана қолға алына бастады. Атап өтерлігі, олардың барлығы дерлік ірі жобалар. Мәселен бір ғана жобаның құны 1 млрд долларды құрайды.

Қытайлық кәсіпкерлер Павлодардың химия-металлургиялық кешенінде бірқатар жобаны жүзеге асырмақ. Соның бірі – легирленген болат, титан, кремний және ванадий оксидін өндіру. Зауыттың құрылысы 2020 жылы басталады деп күтілуде. Ал оған дейін жобалау жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, биыл 7 млрд теңге жұмсап, өндірісті жобалау жоспарланған. Ол үшін Қытайдан арнайы мамандар келеді. Әзірше патент алуға өтінім жолданған. Құжат осы жылдың қазанында қолға тимек.

Легирленген болат, титан, кремний және ванадий оксидін өндіру үшін жаңа технологияны пайдалану жоспарлануда. Шығыны аз, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз өндірісті мамандар бірегей жоба деп бағалап отыр. Біз сөз етіп отырған зауытты инвесторлар бір жыл ішінде салып шықпақ. 2021 жылы өнімнің алғашқы партиясы қолға тиеді деген жоспар бар. Ал оған дейінгі уақыттың көп бөлігін геологиялық барлау және қорларды бағалау жұмыстары алмақ.

Осылайша Павлодар химия-металлургиялық кешенінде пигментті титан диоксиді, кремний диоксиді, ванадий пентоксидті және легирленген болат өндіру бойынша арнайы кластер құрылады. Атап өтерлігі, мұндай жоба Жамбыл облысында да жүзеге асырылуда.

Дәл осындай инвестициялық келісімдерге мемлекет басшысының Қытайға жасаған ресми жұмыс сапары барысында қол қойылған болатын. Дәлірек айтсақ, жобалар қазақстандық "TENIR Logistic" ЖШС мен Қытайдың "FERRO MINING HK CAG Limited" компаниясы арасында бекітілген келісім аясында жүзеге асырылуда.

Қытайлық тараптың қатысуымен қолға алынатын ірі жобаның бірі – Павлодардағы электролиз зауытының үшінші кезеңінің құрылысы. Облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасы таратқан мәліметке сүйенсек, жобаға 487 млн доллардан астам инвестиция тартылады. Бұл жоба да 2021 жылы іске қосылуы тиіс.  Ал биыл бизнес-жоспар әзірлеу, технологияларды таңдау секілді дайындық жұмыстары басталады.

Бұдан бөлек қытай бизнесмендері "ERG" АҚ-на қарасты жаңа электр станциясының құрылысына қатыспақ. Сондай-ақ бұған дейін жазғанымыздай, қытайлар Жетекші ауылында май зауытын іске қосады. Байқап отырғандарыңыздай, Павлодар облысындағы ірі жобалардың құрылысына қытай кәсіпкерлері қатысуда. Мамандар қытай жобаларының өндірістік процесс тұрғысынан алғанда аса қиын әрі ауқымды болғанымен, аз уақыт ішінде жүзеге асырылатынын айтады.

Мамандардың пікірінше, Қытайға арналған экспортты дамыту Қазақстан үшін әлеуетті бағыт. Сондықтан бұл олқылықтың орнын толтыруға асыққан жөн. Мәселен биыл қытайлық екі компания – YEMA Group пен Шэньси провинциясының Қазақстандағы өкілдігі павлодарлықтармен экспортты дамыту бойынша келіссөз жүргізді. Осы орайда қытайлық тарапты ауыл шаруашылығы өнімдері қызықтырып отыр.

"Қытай Қазақстаннан ет, ұн, жануарларға арналған азық-түлік секілді өнімдердің жеткізілгенін қалайды. Олармен кездескенде экспортқа басымдық берілді. Қытай нарығы отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің дамуына жол ашпақ. Сондықтан біз Қытайға арналған экспортты мемлекеттік саясаттың әлеуетті бағыты ретінде қарастырып отырмыз. Бұл қадам Қазақстан экономикасына өсім әкелуі мүмкін", – дейді Павлодар облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрболат Сейітмағамбетов.

Әрине Қытайға арналған экспорт азық-түлікпен ғана шектеліп қалмасы анық. Өйткені олардың қызығып отырған басқа да салалары бар. Ал біз жоғарыда атап өткен өндіріс орындары қытайлық кәсіпкерлердің қатысуымен Павлодар өңірінде қолға алынған жобалардың алғашқы қарлығаштары ғана. Себебі алдағы уақытта бұдан басқа да жобалар жүзеге асырылады. Мәселен қытайлар күл мен шлак қалдықтарын өңдеуге, техникалық қарасора өсіруге ниетті. Бүгінде аталған жобалар бойынша келіссөз жүргізілуде.

Павлодар облысында күл мен шлак қалдықтарының көп екені жасырын емес. Қытайлық кәсіпкерлер аталған қалдықтардан бірнеше өндіріс жасауға ниет білдіріп отыр. Егер өндіріс қолға алынатын болса, Ақсу жылу-электр станциясының ұзақ жылдар бойы жинақталған қалдығы шикізат ретінде қолданылмақ. Ал техникалық қарасора өсіруді көздеп отырған қытайлық кәсіпкердің біздің өңірде қағаз өндірісін жолға қоймақ ойы бар.

Осы орайда Павлодар облысы қытайлық инвесторларға несімен тартымды деген заңды сауал туындайды. Біз бұл сұрақты Нұрболат Сейітмағамбетовке қойдық.

"Инвесторлар өңірдің табиғатына аса көңіл бөле бермейді. Оларды басқа факторлар қызықтырады. Мәселен Павлодарда республиканың өзге аймақтарымен салыстырғанда сауатты инженерлер мен техникалық мамандық иелерін табу қиындық тудырмайды. Өйткені біздің облыс кезінде инженерлік-техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын барлық өндірістік базаны сақтап қалды. Сөз болып отырған мамандардың барлығы  еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Инвесторлар шетелден маман алдырып, шығынға батқысы келмейді. Сондықтан олар ең алдымен өңірдің кадрлық әлеуетіне назар аударады. Бұл бір. Екіншіден, қытайлық инвесторларды электр энергиясы бағасының төмендігі қызықтырады. Олар Қазақстандағы ең арзан электр энергиясы Павлодар облысында екенін біліп алған. Өңірдегі бір киловатт энергияның құны 2,5 центке де жетпейді. Дәл осы цифрды айтқанда, шетелдіктер үнемі таң қалады. Шалыс естідік пе дегендей, қайталап сұрайды. Бүгінде облыста пайдаланылмай тұрған 1200 мегаватт электр энергиясы бар. Біз осыны реттей білуіміз керек", – деп жауап берді басқарма басшы.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу