Қытай "Жаңа жібек жолы" бастамасын қорғап мәлімдеме жасады

6146

Ресми Бейжіңнің мәлімдеуінше, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы "қарыздық қармақ" емес.

Қытай "Жаңа жібек жолы" бастамасын қорғап мәлімдеме жасады

Кейбір елдер қарызға көп жыл бұрын батты. Оған Қытайдың "Бір белдеу, бір жол" бастамасы кінәлі емес. "Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, мұндай мәлімдемені дүйсенбі күні Қытай үкіметінің жоспарлау агенттігі төрағасының орынбасары Нинь Цижэ Бейжіңде өткен баспасөз маслихатында жасады.

"Бір белдеу, бір жол" бастамасы аясында Қытай қазір Азияда теміржолдар салып, өзге де ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырып жатыр. Алайда, кейінгі кездері әлем ақпарат құралдарында сол жобаларға қатысты елдердің берешегі артып келе жатқанын жиі айтылып жүр. Оның үстіне, осыдан бірер күн бұрын Малайзия осы бастама бойынша қолға алынған екі ірі жобаны тоқтатты.

Цижэнің сөзінше, президент Си Цзиньпиннің сыртқы саясатының қолтаңбасына айналған бұл инициатива дамушы елдерге қажет. Және де ол жобалардың өзін-өзі ақтауы үшін уақыт керек екен. Сонымен қатар, Цижэ шетел басылымдарының "Бір белдеу, бір жолды" қарыздық проблемалар үшін айыптауын негізсіз деп есептейді.

"Адамдардың тұрмысы жақсарып, экономикалар дамып келеді. Ешқандай "қарыз қармағы" салынып жатқан жоқ", – дейді қытайлық шенеунік.

Азия даму банкінің есебінше, 2013 жылы Сидің инициативасын қош көрген елдерге экономикалық өсімді ұстап тұру үшін 2030 жылға дейін инфрақұрылымдық жобаларға 26 триллион доллардан астам инвестиция қажет болады.  

Аталған халықаралық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, "Бір белдеу, бір жол" бастамасы – көмек емес, іскерлік әрекет. Ал, Қытай үкіметі өкілдерінің айтуынша, бұл жобалар коммерциялық негізде қаржыландырылады. Бейжің оларға қытайлық емес инвесторларды да тартпақ болған. Бірақ, жүздеген теміржол, электр станциялары, автомагистраль жобаларын жүзеге асыруға басқа елдерден аз ғана инвестор қатысып жатыр. 

Америка Құрама Штаттары, Жапония, Үндістан тәрізді мемлекеттер "Бір белдеу, бір жол" бастамасы Қытайды күшейтіп, өздерінің әлемдегі ықпалын әлсіретеді деп алаңдауда.

Кейбір бақылаушылардың сөзінше, Қытай жобалары тым қымбат әрі жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға аз үлес қосып отыр. Сондықтан, Таиланд, Танзания, Шри-Ланка, Непал тәрізді елдер оларды (қытайлық жобаларды) қайта қарау үстінде. Ал, Малайзия премьер-министрі Махатхир Мұхаммед Қытай қаржысына салынуға тиіс 20 миллиард доллардың теміржол құрылысынан және өзге де жобалардан бас тартты. Өйткені, малай үкіметі басшысының мәлімдеуінше, оның елі мұнша қарызды қайтара алмайды. "Біз колониализмнің жаңа түрін қаламаймыз", – дейді 93 жастағы премьер Бейжіңге сапарында қытайлардың да империалисттік ұлтқа айналып бара жатқанын ескерте отырып.

Шри-Ланка болса, былтыр желтоқсанда Хамбантота портын бақылауды Қытайдың қолына тапсырды. Өйткені, бұл мемлекет Бейжіңге 1,5 миллиард доллар заемын дер кезінде қайтара алмаған.

Қытай сауда министрінің орынбасары Цянь Кэминь мәлімдегендей, Бейжің жобаларды "абайлап таңдап", сол елдің несиені қайтару мүмкіндігіне көз жеткізу үшін қаржылық жағдайын зерттеп алады. Сонымен қатар, оның сөзінше, Қытай "жоғары сапалы" жобалардың ашықтығы мен кепілдігін арттыруға дамыған елдер мен халықаралық ұйымдарды тартуға қарсы емес.

"Бұл физикалық нысандар ұзақ мерзімдік рөл ойнайды. Бірақ, олардың қайтарымы қысқа мерзім ішінде болсын деп ешкімге міндет жүктеп отырған жоқпыз", – дейді Кэминь мырза.

Қытай сыртқы істер министрінің орынбасары Чжан Цзюнның айтуынша, "Бір белдеу, бір жол" бастамасына жауапты өкілдер бұрынғы саяси лидерлерден, ғалымдардан, сарапшылардан консультативтік кеңес құрып жатыр. Сонымен қатар, өткен аптада құқықтық кеңес беру мақсатында "халықаралық коммерциялық эксперттік комитет" жасақталған.

Президент Си Цзиньпин алғаш рет "Бір белдеу, бір жол" бастамасын 2013 жылы Астанаға сапарында жариялады. Сарапшылардың ойынша, Қытай осы бастама аясында ғаламдық көлік және сауда желілерін салып, халықаралық аренада жетекші рөлге ие болғысы келеді.

Және де "Бір белдеу, бір жол" бастамасын кейде Тынық мұхиттың оңтүстігінен бастап, Азия, Африка арқылы Еуропаға дейін созылып жатқан ұлан-байтақ кеңістіктегі 70 шақты елде Қытайдың қаржысына салынып жатқан нысандардың қолшатыры деп атайды. Ол жобаларға Сібірде мұнай бұрғылау платформаларының, Оңтүстік-Шығыс Азияда порттардың, Шығыс Еуропада теміржолдардың, Таяу Шығыста электр станцияларының құрылысы және тағы басқалар инфрақұрылымдық жұмыстар кіреді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу