Қытайдың солтүстік-шығысында 108 миллиондай адам қайтадан карантинге оралып жатыр. Себебі аймақта инфекция ошақтары тағы да табыла бастаған. Мұны мамырдың 18-інде "Блумберг" хабарлады. Америкалық агенттіктің дерегінше, бүкіл елде экономика қайта ашылып жатқанда, Цзилинь провинциясының қалаларында пойыздар мен автобустар тоқтап, мектептерде сабақ доғарылып, ондаған мың адам карантинге жабылды. Қатаң шектеу шаралары "эпидемия артта қалды" деп, арқаны кеңге салған халықтың көңілін су сепкендей басқан.
"Адамдар қайтадан сақтана бастады. Далада ойнайтын балалар да маска тағуға міндеттелді. Дәрігерлер вирустан қорғайтын киімді қайта киді. Өкінішті. Себебі мұның бәрі қашан аяқталатынын білмейсің", – дейді Ляонинь провинциясының Шэньян қаласының тұрғыны Фань Пай "Блумбергке" берген сұхбатында.
Цзилинь провинциясының Шулан қаласының үкіметі WeChat әлеуметтік желісі арқылы мәлімдегендей, ол өз аймағында вирустың тарауын тоқтату үшін өте қатаң шара қолдануға әзір. Бұнда дауасы жоқ ауру табылған тұрғын үй кешендері жабылып, әр отбасынан бір адамға ғана ең қажетті тауарларды сатып алу үшін екі күнде бір мәрте үйден екі сағатқа шығуға уақыт берілмек.
Цзилинь қаласының өзінде де әлеуметтік алшақтау мен карантин күшейтіліп жатыр. Жалпы алғанда, ақпан-наурыз айларында - эпидемия өршіген шақта, Цзилинь провинциясында тек 127, Хубэйде 68 мың адамнан коронавирус табылды. Осындай айырмашылыққа қарамастан, бүкіл Қытайда карантиндік шектеулер бірдей күшейтілді.
Қазір Цзилиньде тура сол кездегідей ахуал. Тауар жеткізу компаниялары тоқтап, дәріханаларда лихорадкаға қарсы препараттарды сатуға тыйым салынған. Себебі бұл дәріні адамдар коронавирустың симптомын жасыру үшін ішуі мүмкін.
"Блумбергтің" өзге бір дерегінше, коронавирус жұқтыру оқиғалары тіркелмеген аудандарда да жергілікті халық қайта оралған карантинге өкпелі.
"Жұрттың бәрінен қайта маза кетті. Бүкіл елдегі жағдай қалпына келіп жатқанда, Цзилинь провинциясы ең қатты зардап шеккен ауданға айналады деп еш ойламаппын",– дейді Ван Юемей.
"Қытай өткен жылдың соңында Уханьда басталған эпидемияға тым кешігіп жауап берді", – деп әлемде үлкен сынға ұшырады. Сондай сындарға енді жол бермеу үшін президент Си Цзиньпин әкімшілігі солтүстік-шығыста коронавирустың тез тарауын тоқтатуға ерте қамданды деген болжам бар. Орталық үкіметтің Уханьдағы эпидемиямен күреске жауапты өкілі – вице-премьер Сунь Чунлань 13 мамырда Цзилиньге барды. Содан кейін Шулань қаласының жоғары лауазымды компартия өкілі өзге бес кадрмен бірге отставкаға жіберілген.
Кейбір бақылаушының ойынша, осы аптада Бейжіңде жыл сайын өтетін саяси кездесу басталады. Соның қарсаңында Қытайда инфекцияны тоқтатуға қысым күшейе түспек. Ол съезд наурызда ашылуы керек еді. Бірақ эпидемияға байланысты сессияны кейінге қалдыруға тура келді. Алқалы жиынға елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған делегат жиналып, үкіметтің күн тәртібінде тұрған жоспарларын мақұлдауға тиіс және орталықтағы басшылық сол кездесу кезінде елде тұрақтылық пен тыныштық орнағанына мүдделі.
Жергілікті дәрігерлер эпидемияның жаңа ошағының қайдан пайда болғанын әзірге нақты білмейді. Дегенмен, болжамдарға қарағанда, қауіпті инфекцияны бұл аймаққа Ресейден оралғандар жеткізуі мүмкін. Айта кетсе, РФ бүгінде Еуропада COVID-19 эпидемиясы ең қатты өршіген елдердің бірі атанып отыр.
"Вирус жұқтыруы мүмкін шетелден оралғандарды карантин орталықтарына орналастыруға жауапты тұлғалар жақсы жұмыс істеуі керек. Өзге мемлекеттерден инфекция тасушылар мен жергілікті індет ошақтары эпидемияны тоқтату жолындағы күреске салмақты еселеп түсіріп отыр", –дейді Қытай Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясының өкілі Ван Бинь жексенбі күні өткен брифингте.
Жаңа табылған індет ошақтары Қытайдың көп бөлігінің вирус алдында осалдығын ескертетіндей. Айта кетсек, бұл мемлекетте эпидемияның бірінші толқыны негізінен Хубэй провинциясымен шарпығаны белгілі.
"Қытайлықтардың көбі бүгінде COVID-19 инфекциясын жұқтыруға бейім. Себебі олардың иммунитеті бұл аурумен күреске жеткіліксіз. Еліміз үлкен проблемаға тап болып отыр. Біздегі жағдай өзге мемлекеттердегі ахуалдан жақсы емес", – дейді CNN телекомпаниясына берген сұқбатында Қытайдың бас эпидемиологы Чжун Наньшань.
Арыс Әділбекұлы