Қытайлармен келісімге келу қиын – кәсіпкер

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
7532

Шетелге жоңышқа экспорттайтын павлодарлық кәсіпкер Қытаймен байланыс орнатудың қиындықтарын атады.  

Қытайлармен келісімге келу қиын – кәсіпкер Фото: pavon.kz

Қазақстандық үш кәсіпорын Қытайға жоңышқа экспорттауға лицензия алды. Олардың қатарында Павлодардың "АРГО" компаниясы да бар. Компания басшысы Олег Литвиненко inbusiness.kz порталына эксклюзивті сұхбат беріп, жоңышқа өсірудің ерекшеліктері, қытайлармен іскерлік байланыс орнатудың және шетелге азық-түлік экспорттаудың қиындықтары туралы сөз қозғады.    

Екі жыл бұрын...

– Осы аптада Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегациямен бірге Қытайға баруым керек еді. Өкінішке қарай, жергілікті ұйымдастырушылардың салғырттығынан жол түспеді. Бірақ баруға міндетті едім. Өйткені осыдан тура екі жыл бұрын облыс делегациясымен Қытайға барғанбыз. Дәл сол сапарда Қытайға жоңышқа экспорттау туралы идея туындады.  

Республика бойынша алғашқылардың бірі болып Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасынан аккредитациядан өтіп, лицензия алдық. Аталмыш құжат бидай, жүгері секілді дәнді дақылдарды, жоңышқаны Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді. Біз Қазақстан бойынша арнайы аттестациядан өткен үш кәсіпорынның бірі болдық. Сол үш кәсіпорын ғана Қытай нарығына жоңышқа экспорттай алады. Жоңышқа – Қытай нарығы үшін маңызды өнімнің бірі. Жоңышқаны Павлодар облысында өндіруге мүмкіндік мол.

"Сауда соғысының" пайдасы

– Қазақстан және ТМД бойынша ең үлкен суармалы алқап біздің шаруашылыққа тиесілі. Алқаптың жалпы көлемі 9 200 гектарды құрап отыр. Екі жыл бұрынғы Қытай сапарынан соң, 9 200 гектардың 5 мың гектарын жоңышқаға арнау туралы шешім қабылданды.

Қытай нарығының ауқымды екеніне көз жеткізіп қайттық. Биыл 2 мың гектар жерге жоңышқа өсірілді. Келер жылы да 2 мың гектардан аса жерге өнім егіледі. 2021 жылға дейін жоңышқа өсірілетін аумақтың көлемі 5 мың гектарды құрайтын болады.

Қытай мен АҚШ арасында "сауда соғысы" жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Бұл соғыстың басталғанына да екі жылға жуықтады. Екі жыл бұрын Қытайдағы жоңышқаны пайдаланатын түпкілікті тұтынушылармен кездестік. Ондағы шикі сүт өндіретін ірі тауарлы-сүт фермаларының біразында жоңышқа өңдейтін зауыттар бар. Бұл жақта жоңышқаға қажеттілік жоғары және олар оны мұхиттың арғы жағынан, Канада мен АҚШ-тан тасымалдайды екен. Бүгінде екі үлкен мемлекет арасындағы "сауда соғысының" салдарынан жоңышқа импортына қатысты мәселе туындаған.

Үш күн бұрын...

– Қытайдың Бас кеден басқармасынан жоңышқаны экспорттауға лицензия алдық. Яғни, Қытайға өнім жеткізуге толықтай құқығымыз бар. Ал үш күн бұрын Еуропалық тәуелсіз ірі зертхананың қорытындысы қолға тиді. Оның қорытындысына сәйкес, біз өсіретін жоңышқаға "профи" мәртебесі берілді. Өнімдерге берілетін төрт мәртебе бар. Оның ең жоғарысы "профи" деп аталады. Біз осы мәртебеге қол жеткіздік.

Биыл 500 тонна экспорттаймыз

– Дәл қазіргі уақытта қытайлық серіктестермен алдын ала келіссөздер жүргізілуде. Өнімді тасымалдау бағасын егжей-тегжейлі есептеп жатырмыз.

Жоңышқаны контейнерлерге салып, темір жол арқылы жеткіземіз. Павлодардан контейнерлерге тиеп алып, діттеген станцияға жөнелтеміз. Әзірше әлеуетті тасымалдаушыларды анықтап, тасымалдау бағасын есептеп жатырмыз. Тек содан кейін ғана алдын ала келіссөздер толықтай аяқталып, жоңышқа экспорттау бойынша тиісті келісімшартқа қол қоямыз.

Биыл жыл соңына дейін кем дегенде 500 тонна жоңышқаны Қытайға жеткізу жоспарланып отыр. Ал 2020-2021 жылдар аралығында Қытай нарығына 50 мың тонна жоғары сапалы жоңышқа экспорттасақ дейміз. Осылайша, Павлодар облысы қазақстандық картоптың ғана емес, отандық жоңышқаның да негізгі орталығына айналмақ.

Жоңышқа өсіруді 2015 жылы қолға алдық. Сөйтіп, өз бетімізше тәжірибе жинақтадық. Жоңышқа өсіру аса қымбатқа түседі екен. Шығынды көп талап етеді. Соған көзіміз жетті. Бірақ, қандай жағдай болмасын оны өсіруге міндетті едік. Өйткені шаруашылықтағы жануарларды жем-азықпен қамту керек болды.

Ал Қытайға барып келген соң, жоңышқа өсірілетін аумақтың көлемін арттыру туралы шешім қабылданды. Жоңышқаға 5 мың гектар жерді арнамақпыз. Оның 4 мың гектарынан жиналған өнімді Қытайға эспорттаймыз. Қалған 1 мың гектарынан жиналатын өнім шаруашылыққа жетіп тұр.

Академик Мейірман "жетекке алды"

– Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігімен жоңышқа өндірісін қолдау туралы келісімді бекіттік. Бұл бұдан былай жоңышқа өсіру бойынша отандық ғалымдармен бірлесіп жұмыс істейміз деген сөз. Соның нәтижесінде Алматы қаласындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен байланыс орнаттық. Бұл жерде әйгілі ғалымдар жұмыс істейді. Біздің жобамызға академик Ғалиолла Мейірман қолдау көрсетуде. Ғылыми жұмыстардың нәтижесінде жоңышқа өсіру бойынша "нарықтағы жаңа ойыншы" мәртебесінен "профи" мәртебесіне өтетін боламыз.

Ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп алдағы жылдарға жоспар құрдық. Жоспарға сәйкес, келер жылы жоңышқаның 80-ге жуық түрін тәжірибе ретінде өсіріп көрмекпіз. Біздің облыстың ауа райы жағдайында қалай өсетінін байқасақ дейміз. Сондай-ақ, өнімді суармалы алқаптарға да, суарылмайтын жерлерге де егіп, сынақтан өткізетін боламыз. Осылайша, жоңышқа өсіріп қана қоймай, арнайы ғылыми жоба да әзірленбек.

Азық-түлік жеткізудің машақаты көп

– Байқағанымыз, Қытай мемлекеті өз тауар өндірушілерінің мүддесін қорғауға ерекше басымдық береді. Азаматтарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарайды. Елеусіз деген мәселенің өзін егжей-тегжейлі тексереді. Қытайға азық-түлік өнімін экспорттау – машақаты көп шаруа. Олардың талаптары қатаң. Сондықтан, жеке компаниялар Қытай нарығына кіре алмайды. Міндетті түрде жергілікті атқарушы органның немесе Ауыл шаруашылығы министрлігінің көмегі қажет.

Сондай-ақ қытайлықтармен келісімге келу қиын. Процесс өте ұзақ жүреді. Ал келісімге келген соң, алаңдаудың реті жоқ. Шаруа өз ретімен шешіле береді. Әлемде "Қытай дипломатиясы" деген термин бар. Бұл сөз осындай жағдайда айтылса керек.

Біз экспортер болғандықтан, тұтынушы емес, сатушының рөліндеміз. Ал сатушының өмірі тәуекелдерге толы. Мәселен, біз азық-түлік өнімін экспорттағалы отырмыз. Қытай шекарасынан азық-түлік өткізу қиын. Өте ұзақ әрі егжей-тегжейлі тексереді. Бір жерден қателік, кінәрат шықса, еңбектің зая кеткені. Біз мұның бәрін біле тұра, тәуекелге барамыз. Бұйыртса, шекарада мұндай келеңсіз жағдайлар болмайды деп сенеміз.

Қытай инвестициясы қызықтырақ

– Қазақстанда қарыз алудың жолдары көп. Бұл жағынан шаруашылықтар үшін ешқандай мәселе көріп тұрғам жоқ. Түрлі деңгейдегі қорлардың нақты көмегін көзбен көріп отырмыз. Бұл ретте, "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қоры, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры, "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі, түрлі аграрлық несие корпорациялары шаруашылықтарға қолдау көрсетуде. Бұған түрлі салалық мемлекеттік бағдарламаларды қосыңыз.

Алайда біздің компанияға Қытай инвестициясы қызықтырақ. Себебі жоңышқа өсіру емес, оны өңдеу процесін қытайлықтардың көмегімен жүзеге асыруға болады. Яғни, біздің өңірде жоңышқа өңдейтін зауыт салу үшін қытайлық инвесторларды тарту керек. Өйткені шөпті шетелге экспорттау тиімсіз. Көлемі үлкен болғанымен, салмағы аз. Оған арақашықтықты қосыңыз. Қытай мен Қазақстан шекарасындағы жақын-ау деген станцияның өзіне дейін 900 шақырымдық жолды еңсеруіңіз керек. Ал Қытайдың өз іші өте үлкен. Тиісінше, арақашықтық та алыстай түседі. Сондықтан біз қытайлық тараптың Павлодар өңірінде жоңышқа өңдеу зауытын ұйымдастыруға қатысты жобаларын қуана-қуана қарастыруға дайынбыз.

Арабтар да алуға дайын

– Жоңышқаға Қытайдан бөлек, Парсы шығанағындағы елдер де қызығушылық танытып отыр. Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігінің арнайы делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінде болды. Сонда ұйымдастырылған алқалы жиынға видео-конференция арқылы біз де қосылдық. Бұйыртса, Павлодар облысына келіссөздер жүргізу үшін араб елдерінен арнайы делегация келмек. Олар жоңышқа өңдеу зауытын салуға қаржы құюға ниетті.

Жоңышқа – жем-шөптің ханшайымы

– Қытайлар жоңышқаны ауыл шаруашылығында ірі қара малға арналған жем-азық ретінде ғана пайдаланбайды. Оны қайта өңдеп, медицина, фармацефтика салаларында қолданады. Алкогольді сусындар өндірісінде де жоңышқа пайдаланылады. Қысқасы, қытайлар түкке тұрғысыз қамыстан қаншама байлық алып отыр.

Бізде суармалы алқаптар дегенде көкөніс өсіру ойға оралады. Иә, көкөніс өсірудің тиімді екені даусыз. Бірақ Қытай нарығына талдау жүргізсеңіз, жоңышқаның өзінен қаншама пайда көруге болатынына көз жеткізесіз. Қытайлардың АҚШ пен Канададан жоңышқаны қандай бағамен сатып алатынын естігенде, жоңышқаның Қазақстандағы экспорттық әлеуеті жоғары тауарлардың қатарына сөзсіз қосыларына сенімді болдым. Сондықтан жоңышқа көкөністерді суармалы алқаптардан ығыстыруы әбден мүмкін.

Хрущевтің "Жүгері – егістіктің патшайымы" деген сөзі бар. Ал "Жоңышқа – жем-шөптің ханшайымы". Аталған өнім мал шаруашылығы үшін маңызды. Әсіресе, сүт өндірісі мен тауарлы-сүт фермасы үшін бірінші нөмірлі өнім саналады. 

Алыстағы АҚШ емес, іргедегі Қазақстан тиімді

– Қытайлар жоңышқаны алыстағы АҚШ пен Канададан емес, іргедегі Қазақстаннан тасымалдауға бейілді. АҚШ пен Канададан өнім импорттау үшін мұхитты бағындыру керек. Бірақ қазір жүкті теңіз порттары арқылы жеткізу өзге тасымалдау жолдарымен салыстырғанда әлдеқайда арзан.

Біз тасымалдауға темір жолды пайдаланамыз. Автокөлікпен тасымалдау тиімсіз. Бұл ретте, өнімді тасымалдау тұрғысынан "Бір жол, бір белдеу" бағдарламасына иек артуға болады. Аталған бағдарламада отандық тауар өндірушілерге жеңілдіктер қарастырылған.

Фархат Әміренов       

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу