Қыздардың құшағында – Қазақстанда өсірілген 24 миллион тал гүл

3262

Соған қарамастан, отандық гүл индустриясы құлдырауда.

Қыздардың құшағында – Қазақстанда өсірілген 24 миллион тал гүл

Гүл бизнесі – аса табысты кәсіп, ол тіпті тапсырыс көп болғанда, жеткізу үшін жеке ұшақ жалдауға да мүмкіндік береді екен.

Бір жыл ішінде қазақстандық гүл өсірушілер 23 миллион 788,4 мың тал гүл "орған". Әйтсе де, 2018 жыл қорытындысында Қазақстанда нәзік болмыс иелерінің жүрегін жібітер осы құлпырған өсімдіктердің жиналу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда, 2,2 пайызға құлдырап отыр.

Еліміздің ірі гүл бақшалары Павлодар мен Ақмола облыстарында орналасқан. Бұлар өз өнімдерінің көлемін арттыра алды. Атап айтқанда, ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, Павлодар өңірінде былтыр 7 миллион 616,1 мың гүл өсірілген, бұл алдыңғы жылғыдан 22,4%-ға көп. Ақмола облысының көрсеткіші 7 миллион 89,8 мың бірлік, яғни, бір жыл ішінде 16%-ға ұлғайтты.

Алайда көркем көріністі Алматы облысы бұзды: аймақта небары 4 миллион 10,9 мың гүл шықты, яғни, бір жыл ішінде өндіріс 31%-ға құлады. Өйткені елімізде ұлттық валютаның тоқтаусыз құнсыздануы, өсімдік шаруашылығына қажетті гербицид, пестицид және басқа да өнімдердің қымбаттауы, арзан несиелендірудің жоқтығы бірқатар бизнес субъектілерінің дәрменсіз күйге жетіп, қаңтарылып тұрып қалуына соқтыруда.

Өндірісі миллион тал гүлмен есептелетін тағы бір облыс бар: Қарағанды облысы ішкі нарыққа 3 миллион 645,6 мың кесілген гүл беріп, импортты сәл де болса ысыруға ықпал етті.

Жалпы, елімізде гүл өспейтін өңір шамалы. Өзгелердің көрсеткіші келесідей: ШҚО – 889 мың, Түркістан облысы – 478,1 мың, Қызылорда облысы – 87,5 мың, Шымкент қаласы – 61 мың, Алматы қаласы – 52 мың, СҚО-да – 30,3 мың, Астана қаласында – 6,1 мың, Қостанай облысында – 3,1 мың кесілген гүл өткізді.

Отандық осы сала "алпауыттарын" атар болсақ, Павлодар облысында мәселен, Green House KZ жылыжай кешені, Ақмола облысында "Құнарлы" жылыжай кешені және басқалары жұмыс жасауда. Алматы облысында гүл өсірумен "Ecoculture" ЖШС айналысады.

2015 жылы бой көтерген "Green House KZ" кешені Red Naomi сұрыпты голландиялық раушан гүлін өндіреді. Бұдан бөлек, ақ түсті Avalanche және шабдалы түстес Peach Avalanche сұрыптарын да шамалап болса да шығарады. Компанияның хабарлауынша, ол отандық нарықта жетекші орынға ие және Қазақстандағы қызыл раушанның аса ірі жеткізушісі болып табылады. Өнімі Қазақстан өңірлеріне және ішінара Ресейге жөнелтіледі. Ол күніне шамамен 25-30 мың раушан өткізеді екен. Кейде саудасы тәулігіне 35 мыңға дейін жететін көрінеді. Жылына оның жылыжайында шамамен 10 миллион гүл өсіріледі. Рас, бір кемшілігі сол, раушан гүлдерінің биіктігі ең жоғары дегенде 80 сантиметрге дейін ғана жетеді. Ал нарықтағы ірі табыс ауқатты азаматтардың, корпоративтік клиенттердің таңдауы түсетін биіктігі 1–1,5 метрлік раушан гүлдері саудасының еншісінде екені мәлім.

"Құнарлы" жылыжай кешені 2007 жылдан бері ішкі нарыққа кесілген гүл жеткізіп келеді. Өндіріс көлемі – жылына 6 миллиондай раушан гүлі. Rosen Tantau, Lex+, De Ruiter, Terra Nigra, Interplant, Schreurs әлемдік компанияларының сұрыптарын ұсынады.

"Меркур" компаниясы да голландық технологиялар бойынша ірі өндіріс тұрғызды. Mercur Green раушан, гербер және декоративті құрақ өсіреді. Күн сайын 5-тен он мың тал гүлді саудаға аттандырады. Кәсіпорын француздық және голландық селекциялық компаниялардың раушандарын өсіреді.

Қазақстанда бұл бизнес кәсібиленіп келеді. Қазіргі кезде гүл өсірумен негізінен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары айналысады: олардың үлесі 68%-ға дейін жетті. Осы кәсіпорындар 2018 жылы 16 миллион 176 мың тал гүл өткізген. Салыстыру үшін айтсақ, 2017 жылы бұл көрсеткіші 15 миллион 840,8 мың болған.

Тағы 30,4%-дық үлес ауласында не саяжайындағы он сотық жерде гүл егіп, оның өнімін өз бетінше сататын жеке тұрғындарға тиесілі. Бір қызығы, бұл әуесқойлардың да еншісі шамалы артты: 2017 жылы 7 миллион 204,7 мың гүл сатса, өткен жылы бұл көлемді 7 миллион 229,9 мыңға жеткізген.

Ал жеке кәсіпкерлердің, шаруа және фермерлік шаруашылықтардың үлесі бір жыл ішінде 5,3%-дан 1,6%-ға дейін құлады. Дәл осы құлдырау отандық гүл өндірісінің кемуіне әсер еткен. Нақтылай кетсек, бұлар 2017 жылы 1 миллион 289,1 мың гүл берсе, былтыр өнімі 382,5 мың ғана болды.

Айта кету керек, отандық гүл өсірушілердің табысы 2017 жылы 14,4%-ға күрт азайып, небары 6,6 млрд теңгені құрады. Жалпы, бұл саланы біраз жылдан бері тұрақсыздық жайлауда. Мәселен, 2016 жылы табысы 7,1%-ға өссе, оның алдындағы 2015 жылы керісінше, 5,8%-ға кеміп кеткен.  

Тарата айтсақ, 2013 жылы қазақстандық гүл өндірушілердің қалтасына 7 миллиард 24,8 миллион теңге құйылса, 2014 жылы ол 7 миллиард 616,4 миллионға дейін көбейген. Алайда 2015 жылы 7 миллиард 176,9 миллион теңгеге құлдырады. 2016 жылы 7 миллиард 689,6 миллион теңгеге дейін өскенімен, 2017 жылы 6,6 миллиард теңгеге дейін бір-ақ құлап, өндірушілер бір миллиардтай табыстан айырылды.

Әрине, қазақстандықтар гүл сатып алуды азайтқан жоқ, керісінше, бұл сауда қарқын алуда. Қазақтың туған күні, үйлену тойы, мерейтойы, концерті, шығармашылық кеші, марапаттауы, 8 наурыз мейрамы және нәзік болмыс иелеріне қатысты басқа да мерекелік шаралары гүлсіз өтпейді. Қазақстандықтар махаббатын, басқа да сезімдерін паш ету үшін де осы өнімге жүгінеді. 

Осы орайда негізгі сатып алушылар Алматы мен Астана тұрғындары саналады: барлық сауданың шамамен 70–80%-ы соларға тиесілі. Кейінгі кезде Ақтау мен Атырау өңірлері де белсенділігін арттыруда.

Сарапшылардың айтуынша, гүл сатушы сауда желілері өнімнің өндірушіден алған бағасына 150-ден 350 пайызға дейін үстемеақы қосады. Бірақ кез келген бизнесте сияқты, өтімсіз орында орналасқан дүңгіршектер мен сауда нүктелерінде гүл сатылғанға дейін солып қалып, көп пайда әкелмеуі де ықтимал. 

Бұл бизнеспен шұғылданатын ірі кәсіпкерлік нысандары гүл өнімдерін ассортименті шектеулі, әрі жеткізу әлеуеті аз отандық өндірушілерден емес, шетелден, негізінен, эквадорлық жеткізушілерден немесе голландиялық аукционнан алғызады. Өйткені оларда баға төмен, ал таңдау – мол. Оның үстіне голландиялық аукционда Еуропада, Африкада, Латын Америкасында өркен жайған "көркем тауар" ұсынылады.

Нәтижесінде, "жергілікті мазмұнның" үлесі небары 30%-ды құрайды. Қалған 70 пайыздайы сырттан тасылады. Еліміздің осы саладағы импортының 50%-дайы Эквадор, 30%-ын Голландия (Нидерланды), 15%-ын Колумбия, Кения, Израиль иеленеді. Бізге шамалы көлемде 2–5% ауқымында гүлдер Қытайдан және Өзбекстаннан да әкелінеді.

Қазақстанның гүл нарығының көлемін анықтау күрделі. Бірақ сарапшылар бағалауынша, отандық нарықтың ауқымы 130 миллион долларға жетеді.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, импорт құрылымында раушан гүлі басымдыққа ие. Оның негізгі жеткізушілері Эквадор, Голландия және Колумбия. Екінші орында бақытгүл-хризантема тұр. Ол негізінен Голландиядан тасылады. Қалампыр-гвоздика да елімізге үлкен көлемде әкелінеді, оның негізгі жеткізушілері Колумбия мен Нидерланды. Жалпы алғанда, Қазақстан гүлді әлемдегі 31 елден импорттайтын көрінеді.

Дүниежүзілік өсімдік өсірушілер қауымдастығының (АIPH) дерегінше, Қазақстанның гүл нарығы дағдарыстан кейін қалпына келуде. Көтерме жеткізуші компаниялар айналымдарын арттыруда.

Бұл отандық гүл өсіру индустриясының да көтерілуіне ықпал етуге тиіс.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу