Мақсат – мұнайды көп көлемде өткізу

2960

2017 жылы Каспий құбыр желісі консорциумы бойынша мұнай экспорттау 25%-ға өскен, ал биылғы жылы тағы бестен бірге өсуі мүмкін.

Мақсат – мұнайды көп көлемде өткізу

Қазақстан өзінінің шалғайда орналасқанына қарамастан, мұнай мен газ қорына бай болғандықтан әлемдік нарыққа шығудың жолын әрдайым іздеу үстінде. Бюджеті мұнай сатудан түсетін табысқа тәуелді ел үшін экспортқа мұнайын көптеп шығару маңызды еді.

Қазақстандық мұнайды тасымалдаудың басты бағдары Каспий құбыр желісі консорциумы (КҚК) болған, қазір де осы бағыт негізгі болып қалып отыр. Консорциумның өткізу қабілеті төмен болғандықтан, өндіру көлемі артып келе жатқан қазақстандық мұнай өндіруші компанияларға тасымалдаудың бұл жүйесіне кіру оңай болған жоқ.

КҚК қуатын екі есе арттыру (жылына 37 млн-нан 67 млн тонна мұнайға дейін) идеясын мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған болатын. Мемлекет басшысы Ресейдің сол кездегі президенті Борис Ельциннің келісімі мен қолдауына сүйене отырып, бұл жобаның бастау алуына себепкер болған еді. Бұл туралы қазақстандық мұнай саласының ардагерлері сан рет айтқан да болатын.

Міне, 2011 жылы басталған КҚК-ны ұлғайту жобасы өткен жылдың соңында аяқталып, мұнай тасымалдаудың көлемінде бірден көрініс тапты. КҚК-ның бас директоры Николай Горбань Астанада өткен баспасөз-конференциясында осыны мәлім етті.

"2017 жыл КҚК тарихындағы табысты жыл болды. Басты өндірістік көрсеткіш мұнай айдау болып табылатындықтан, ол 2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 25%-ға өскен", – деді Николай Горбань журналистермен кездесуде.

Ол 2017 жылдың соңында Қалмық елінде тәжірибелі-өндірістік 2-МАС іске қосылып, осылайша КҚК-ның қуатын жылына 67 млн тоннаға дейін ұлғайту жобасы аяқталғанын атап кетті. Енді барлығы Қазақстан мен Ресейде жұмыс істейтін мұнай өндірушілердің өзіне байланысты болмақ. Тап қазіргі уақытта КҚК жүйесінде қуаттылықтар артылып отыр.

2017 жылдың қорытындысы бойынша әлемдік нарыққа 51 млн тонна шикі мұнай тасымалданған. Бұл 2016 жылы 44,3 млн тонна болған көрсеткіштен 10,8 млн тоннаға көп деп нақтылап кетті консорциум басшысы.

Оның айтқан ақпары бойынша 2017 жылғы 55,1 млн тонна мұнайдың дәл 50 млн тоннасын Батыс Қазақстанның кен орындарындағы ірі мұнай өндіруші компаниялар өндірген.

"Қазақстандық мұнайдың негізгі көлемі, яғни 28,8 млн тонна мұнай – Теңіз кен орнынан, ал Қарашығанақтан – 10,6 млн тонна, Қашағаннан 7,4 млн тонна тасымалданған", – деп нақтылады консорциум басшысы.

2018 жылы КҚК 67 млн тонна мұнай тасымалдамақ, оның 60 млн тоннасы қазақстандық мұнай болады. Қалған жеті миллион тонна мұнайды жүйеге ресейлік өндірушілер жеткізетін болады. Осылайша, консорциум шикі мұнайды тасымалдау көлемін осы жылы тағы 12 млн тоннаға арттыруды жоспарлап отыр.

Елдің көп сенім артып отырған Қашаған кен орнының осы жылғы пайдасы 13 млн тоннаны құрайтын болады, бұл былтырғы жылғы 7,4 млн тонна болған көрсеткіштен екі есе жоғары. Қарашығанақтан 12 млн тонна, ал Теңіз кен орнынан 28 млн тоннаға жуық мұнай тасымалданады деп күтіліп отыр. Қалған жеті миллион тоннаны еліміздің басқа кен орындары қамтамасыз етуге тиіс.

Консорциум басшысы осы жылдың сәуір айында Қашағаннан жеткізілетін мұнайдың көлемі азаятындығы туралы мәселеге түсініктеме беріп кетті.

"Сәуір айында Қазақстаннан 5,1 млн тонна мұнайды айдау жоспарымыз бар. Бұл жоспар өзгеріссіз қалады, жүк тасымалдаушылар бізге әзірше қандай да бір айтарлықтай азайту болатындығы туралы мәлімдеген жоқ. Алайда жақында Қашағанда мұнай өндіру біршама төмендегенін білеміз, бірақ Қашағандағы өндірушілер бұл жағдайды бір ай ішінде ретке келтіруге тиіс", – деді Николай Горбань.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу