Маман – біліксіз болса жаман

2461

Павлодар мұнай-химия зауытының дәнеркерлеушісі елімізді жанар-жағармай тапшылығына ұрындырыпты.  

Маман – біліксіз болса жаман

Жыл сайынғы күрделі жөндеу жоспарына сәйкес, 20 қазанда Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутек өндіру құрылғысында дәнекерлеу жұмысы жүргізілді. Іс барысында дизель отынын гидротазалау үдерісіне қажет құрылғы істен шықты. Салдарынан өнім өндіру көлемі күрт кеміді.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-ның мұнайды тасымалдау, қайта өңдеу және маркетинг бойынша атқарушы вице-президентінің міндетін атқарушы Данияр Тиесовтің айтуынша, орашолақтыққа біліксіз маман жол берген.

"Дәнекерлеу арнайы болаттан жасалған бірегей бөлшекте жүргізіледі. Сондықтан бұл істі жоғары білікті маман қолға алып, арнайы құралмен  қамтылуға тиіс еді. Жауапты міндет технологиядан бейхабар қатардағы дәнекерлеушіге жүктеліпті. Салдарынан бірегей бөлшекте жарық пайда болған. Оқыс оқиға туралы басшылыққа дер кезінде хабарланбаған,  жергілікті шеберханада қаптама дайындалып, жарық қолдан бітелген. Бұл мәселені одан әрі ушықтырған. Бұған қатысты ақпарат ұлттық компанияға 10 күннен соң ғана түскен", – деді Данияр Тиесов.

Оның сөзінше, іс насырға шапқан соң Малайзиядан күрделі дәнекерлеу жұмыстарын жүргізетін арнайы бригада шақырылған. Шетелдік мамандар тығырықтан шығудың жалғыз жолы - жаңа бөлшек сатып алу екенін айтқан. Қажетті бөлшек әлемнің бірнеше зауытында, соның ішінде Ұлыбританияның Донкастер қаласында жасалады екен.

Қазір Ұлыбританияда құны 425 мың еуроны құрайтын ұзындығы 11 метрлік бөлшек дайындалып жатыр. Шетелдік мамандар тапсырысты 6 желтоқсанда аяқтайтындарын айтып отыр. Қажетті бөлшек әуе көлігі арқылы Павлодарға жеткізіледі. Оны орнатуға 10 күн, іске қосуға 3-5 күн уақыт қажет болады.  

"Осы оқиғаның салдарынан Павлодар мұнай-химия зауыты тәулігіне 4-4,5 мың тонна емес, 600 тонна ғана өнім өндіріп отыр. Жуыр арада көрсеткіш 1000 тоннаға дейін жеткізіледі. Бірақ бұл өнім сұранысты толық өтемейді. Қажетті бөлшек Ұлыбританиядан жеткізіліп, орнатылғанға дейін Ресейден күніне 4 мың тонна дизель отыны тасымалданады. Компания 3 млрд теңге шығын шегіп отыр. Соған қарамастан "ҚазМұнайГаз" жанар-жағармай бекеттеріндегі бағаны 155-157 теңге аралағында сақтап тұр",– деді Данияр Тиесов.

Еске сала кетейік, Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстары аяқталды. Енді павлодарлық өндіріс орны К4 классты АИ-92, АИ-95 маркалы бензинін нарыққа шығарады.

Зауыттың бас инженерінің міндетін атқарушы Дүйсенбек Көжекбаевтың сөзіне сүйенсек, қазіргі таңда тәулігіне 15 мың тонна мұнай өңделіп, 3 мың тонна жанармай, 600 тонна дизель отыны өндіріліп жатыр. Кәсіпорынды жаңғырту жұмысына 630 млн АҚШ доллары жұмсалған.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу