Мамырда кремний зауытының қадасы қағылады

Бек Темір Бек Темір
2561

Екібастұз қаласында тың технологиямен қаруланған жаңа зауыт бой көтеріп, 2019 жылы 600-ден астам адамды жұмыспен қамтымақ.

Мамырда кремний зауытының қадасы қағылады

Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласында бой көтеретін техникалық кремний зауыты Павлодар облысында соңғы жылдары өткізілген инвест-форумдардың жемісі. Аталмыш алқалы басқосу шетелдік инвесторларға аймақтың тек қана экономикалық әлеуетімен қатар, индустриялық қолайлылығы мен қуатын таныту мүмкіндігі туындатып отыр. Бұрнағы жылы өткізілген инвест-форум нәтижесінде 500 миллиард теңге, ал былтырғы келелі басқосудан кейін 320 миллиард теңге мөлшеріндегі келісімшарттарға қол қойылған болатын. Мұның барлығы мемлекет басшысының   индустрияландыру картасы бойынша берілген тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынған келелі істер.

Жалпы, қазіргі күні тек қана Қазақстан емес, сол секілді әлемде кремнийге деген сұраныс жоғары. Металлургия саласында бұл қат затты тапқанша, құстың сүтін табу жеңіл шығар. Сондықтан да мамандар  болашақ зауыттың шығаратын өніміне халықаралық нарықта  сұраныс көп болады деген сенімде. Бұл ел нарығымен қатар шекара сыртына "Қазақстанда өндірілген" деген таңбасы бар тағы да бір импорттық өнім шығады деген сөз. Әрине, "арық сөйлеп, семіз шыққаннан" асқан  абырой жоқ. Дегенмен осы күні жаңа зауыттың құрылысы үшін қажетті жағдайлардың бәрі жасалған. Жақында облыстық әкімдікте өткен индустриялық-инновациялық даму басқармасының алқа мәжілісінде мәлім болғандай, кремний зауыты Екібастұздың атағын аспандататын жобалардың бірі болмақ. Оны "ANSA Silicon" ЖШС жүзеге асырмақ. Алғашында келешек кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты жылына 35 мың тоннаны құраған. Алайда жергілікті биліктің инвесторларға жасаған игі ұсыныстарынан кейін зауыттың жылдық қуатын 135 мың тоннаға дейін жеткізу туралы ортақ мәмілеге келген. Ең бастысы жаңа өндіріс орнының қабырғасын көтеру арқылы аймаққа 38 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылады. Кезең-кезеңмен салынатын зауыттың жыл өткен сайын жобалық қуаты да арта бермек. Осы қарқынмен 2019 жылы үшінші кезеңі аяқталып, толықтай өндірістік әлеуетке ие болады деген жоспар бар.

Бір айта кетерлігі, жаңа зауыттың жобалық қуатының артуына байланысты инвесторлар аймақ басшылығынан ұсынылған жер учаскесін кеңейту жағын қарастыруды сұраған. Жобаның индустриялық маңыздылығын ескерген билік бұл ұсынысты жан-жақты қарастырып, проблемалық жайттарды бір ізге келтірген. Павлодар облысы әкімінің орынбасары Николай Дычконың сөзіне қарағанда, қазіргі күні жергілікті билік тарапынан қажетті қосымша жер учаскесі мәселесі шешімін тапқан. Бүгінде Екібастұз ГРЭС-1 жанынан 70 гектар аумақ бөлінген. Сонымен қатар зауыт тікілей электр станциясына қосылуға техникалық шарттарды алған. "KEGOC" АҚ желілері бойынша транзитсіз тікелей электр энергиясына қарқ болатынын ескерсек, бұлдағы көп инвестордың қолы жете бермейтін үлкен көмек екенін айта кету керек. Техникалық кремний өндіретін зауытқа аумақ бөлу кезінде қажетті шикізаттар кеніне жақын жерлер де қарастырылған. Мәселен, кварцит Қарағанды облысынан жеткізіледі, мұнай коксы Павлодардан әкелінеді. Ал ағаш жаңқасы Ресейден алынбақ. Қысқа сөзбен қайырғанда барлық жағдай қарастырылған. Білекті түріп,  белді буып, сағыздай соза бермей мамырда алғашқы қадасын қадау  ғана қалды. Қазіргі жоспар осы. Қалғанын уақыт көрсетеді.

Бек Темір, Павлодар

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу