Маңызды мандат

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4199

Қазақстан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мінберінен Орталық Азия елдерінің мүддесін қорғайды. 

Маңызды мандат

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы туралы мәлімдеме жасады. 

"Бұл – Қазақстанның, қазақ дипломатиясының тарихындағы елеулі белес, айтулы оқиға", – деді дипломат.

Ол біздің ел БҰҰ-ға 1992 жылдан бері мүше екенін еске салып, Қазақстан БҰҰ қағидаттары мен ұсыныстарын Еуразия кеңістігінде ғана емес, жаһандық деңгейде ілгерілетуге айрықша үлес қосып келе жатқанын жеткізді.

"Қазақстанды бейбітшілікті, қауіпсіздікті насихаттауға жан-жақты үлес қосып жүрген үлкен еуразиялық мемлекет деп айтуға толық қақымыз бар. Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның күн тәртібіндегі қарусыздану, дінаралық татулық, экономикалық интеграция, бітімгершілік, трансұлттық тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге қарсы күрес сияқты көптеген жаһандық және аймақтық мәселелерді шешуге белсенді атсалысып келеді", – деді министрдің орынбасары.

Ержан Ашықбаев Қазақстан президенті БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне саяси үндеу жолдағанын, сол арқылы Қазақстанның мақсаты мен мүддесін, бағыты мен бағдарын айқындап бергенін баяндады.

"Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы" атты құжатта жеті бағытқа басымдық берілді. Мемлекет басшысы Қазақстанның негізгі ұстанымы ядролық қарусыз әлемді жақындату, жаһандық соғыс қатерін болдырмау және жергілікті жанжалдарды реттеу, өңірлік қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуда Орталық Азияның мүдделерін ілгерілету, терроризмге қарсы күрес, Африкадағы бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелері, қауіпсіздік пен орнықты дамудың арасындағы ажырамас байланысты қамтамасыз ету, қауіпсіздік кеңесі мен бүкіл БҰҰ жүйесін XXI ғасырдың қауіп-қатеріне бейімдеу екенін нақтылап берді. Қазақстанның төрағалығы белгіленген басым бағыттар аясында атқарылып жатыр", – деді Ержан Ашықбаев.

Айта кетейік, елбасының БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне жолдаған саяси үндеуі 2016 жылғы 31 наурыздағы "Әлем. ХХІ ғасыр" атты манифесімен үндеседі және оны ары қарай дамытады.

"Астана қауіпсіздік кеңесінің барлық мүшелерімен тең құқылы негізде ынтымақтаса жұмыс істеуге, халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында ымыраға қол жеткізіп, бәтуаластықтың қалыптасуына септігін тигізуге ниетті", – деп жазылған елбасының БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне жолдаған саяси үндеуінде.

Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Қазақстан қауіпсіздік кеңесімен, қосалқы органдарымен, сондай-ақ БҰҰ хатшылығымен жəне оның тиісті бөлімшелерімен кеңестің күн тəртібіндегі барлық мəселелер бойынша бірлесіп жұмыс істейді. Осы арқылы бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтуға күш жұмсайды.

"БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болған бір жылда Қазақстан кеңестің 270-тен астам  ресми отырысына қатысты. Оның ішінде 78 ашық қарар мен төраға мәлімдемелерінің қабылдануына, 150 ашық брифинг пен 8 шектеулі, 17 ашық пікірталасқа ортақтасты. Мұның сыртында 126 ресми емес консультациялар мен Е-10 Тобының (Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелер бірлестігі) 12 кездесуіне атсалысты", – деді ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары.

Оның сөзінше, Қазақстанның ұйытқы болуымен ұйым тарихында тұңғыш рет қауіпсіздік кеңесіне жаңадан сайланған Кот-д’Ивуар, Экваториялық Гвинея, Кувейт, Нидерланд және Перу мен Польша сынды тұрақты емес 6 мүше мемлекеттің байрағын көтеру салтанаты өткен.  

"Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне төрағалығы барысында Таяу Шығыс, соның ішінде Палестина мәселесі сонымен қатар Сириядағы жағдай талқыланады", – деді Ержан Ашықбаев.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан 2016 жылы 29 маусымда 2 жылға БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде төрағалық қызметін бастады.

2 қаңтар күні БҰҰ ҚК мүшелері Қазақстан төрағалығының бағдарламасын бекітіп, жұмыс жоспарының басты тармақтарын талқылады.

Дипломаттар Қазақстан төрағалығының бағдарламасы сапалы дайындалғанына назар аударды. Атап айтқанда, Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя Қазақстан төраға міндетін мінсіз атқаратынына сенім білдіріп, 18 қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің "Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары" тақырыбындағы жоғары деңгейлі брифингіне РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров қатысатынын хабарлады. Ал АҚШ-тың тұрақты өкілі Ники Хейли мен кеңеске мүше басқа елдердің елшілері Орталық Азия мен Ауғанстан бойынша министрлер деңгейіндегі пікірталасты қамтитын Қазақстанның қаңтардағы бағдарламасы өте мазмұнды екенін атап көрсетті.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу