Мейірім Нұрсұлтанов – Кәсіпқой боксқа дер кезінде ауыстым

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5428

Америкада жаттығып жүрген боксшыларымыздың бірі Мейірім Нұрсұлтановпен тілдесіп, көкейдегі сауалдарымызды көлденең тарттық.

Мейірім Нұрсұлтанов – Кәсіпқой боксқа дер кезінде ауыстым

Дәл қазір мұхиттың арғы бетінде бір топ қазақ жігіттері тер төгіп, жаттығып жүр. Бәрі де – кәсіпқой бокс шаршы алаңында бақтарын сынап жүрген саңлақтар. Солардың арасында Мейірім Нұрсұлтанов та бар (6-0, 5 KO). Кәсіпқой бокс рингінде әлі жеңіліп көрмеген, биыл жазда 25-ке толатын дарынды боксшымызды сөзге тартқан едік.

– Мейірім, қазақ жанкүйерлері сіздің шаршы алаңдағы өнеріңізге "Астана Арландары" сапындағы жекпе-жектеріңізден таныс. Жалпы, осы WSB жобасындағы тәжірибеңіздің кәсіпқой боксқа пайдасы тиді ме?

– Әрине, "арландардағы" тәжірибемнің кәсіпқой бокста көмегі көп тиіп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, мен WSB жобасында үш маусым өнер көрсеттім. Осы уақыттың ішінде 13 жекпе-жек өткіздім. Сол кезде де "Астана Арландарын" білікті бапкерлер жаттықтырды. Сергей Корчинскийден де, Марат Жакиевтен де үйренгенім, олардың берген ақыл-кеңестерінен түйгенім көп болды. Ең әуелі бұл жоба маған күш-жігерімді бірнеше раундқа қалай бөліп жұмсауды үйретті. Кәсіпқой боксқа түбегейлі ауысқаннан кейін маған 6 немесе 8 раунд жұдырықтасу аса қиын бола қойған жоқ. Сондықтан "Астана арландары" командасына және оның бапкерлер құрамына алғыстан басқа айтарым жоқ. Мен сияқты, өз боксшыларымызды шыңдап, қияға ұшыра берулеріне тілектеспін. Алдағы маңызды кездесулерінде жеңіске жетулеріне тілектеспін.

– Қазір промоутеріңіз кім? Қандай компаниямен келісімшартқа отырдыңыз?

– "Main Events" компаниясымен келісімшартқа отырғанмын. Промоутерім – Кэти Дува. Ал менеджерім – Эгис Климас. Менің қарсыластарды іздеп-табатын осы кісі. Ал жекпе-жектерімді промоутерлерім ұйымдастырады.

– Кәсіпқой боксқа ауысқан бетте жеке жаттықтырушыңыздың міндетін туған ағаңыз Мерей Ақшаловтың атқарып жүргенін байқап қалып едік. Қазіргі бапкеріңіз кім?

– Негізі, менің бапкерім – Марко Контрерас. Барлық жекпе-жектеріме осы маман дайындайды. Бірақ өткен жылы, Астанада Қанат Исламның қатысуымен өткен бокс кешіне мені ағам Мерей Ақшалов дайындады. Әйтсе де, осындағы бапкерлерім Астанаға да келген болатын. Ал ағам Мерейді барлықтарыңыз да білесіздер. Өзі де бұрын жұдырықтасқан. Жиған-терген тәжірибесі жеткілікті. Астанадағы кездесудің алдында ақыл-кеңестерін айтып, қарсыласымды егжей-тегжей зерттеуге көмектесті. Жалпы, Мерей маған әрбір кездесудің алдында өз ойын, ақылын айтып отырады. Шынында да, ол маған көмектесіп отыруға тырысады. Енді, әлем чемпионы деген атағы бар ғой. Ал жалпы, жаттығу кезінде және АҚШ-тағы кездесулерде қасымда үнемі Марко жүреді, өзі дайындайды.

– Кәсіпқой бокс рингінде алты жекпе-жек өткіздіңіз. Бесеуінде нокаутпен жеңіске жеттіңіз. Қайсысы қиын болды? Исмаэл Буэно мен Эрик Мун тым оңай қарсыластар емес сияқты еді ғой...

– Осы кездесулерімнің ешқайсысын да оңай болды деп айта алмаймын. Иә, бастапқы бес кездесуде қарсыластарымды нокаутқа түсірдім. Бірақ соңғы кездесулерім қиындау болды. Исмаэл Буэно – әзірше, кәсіпқой бокстағы ең тәжірибелі қарсыласым. Эрик Мунда қарымды екен. Бірақ шамам жетті. Жалпы, әзірше ең қиын қарсыласым соңғы кездесудегі Алехандро Торрес болды. Мексикалық боксшы. Екеуміз құрдаспыз. Былайша айтқанда, Мексиканың "бокс мектебі" – мүлде өзгеше. Оларды төбелеске үйретеді. Мұны өздері "Мексикан стайл" деп атайды. Бастары "мықты", құрыштан құйғандай, соққы өтпейді. Сол себепті оларды құлату – қиындау. Қанша төпелеп ұрсаң да, тізгін тартпайды. Керісінше, алға қарай ұмтыла береді. Торреспен алты раунд жұдырықтастым. Спаррингтерде мексикалық боксшылармен кездесіп жүретінмін. Бірақ дәл осы жекпе-жекте "Мексикан стайлдың" қандай болатынын сезіндім. Енді осы жекпе-жекте жіберген қателіктерімді саралап жатырмын, соларды қайталамай, түзеуім керек. Түйгенім, мексикалық боксшыларға қарсы басқа айла-тәсіл қолдану қажет екен...

– Былтыр төрт жекпе-жек өткізіп едіңіз. Биыл, әзірше, шаршы алаңға бір-ақ рет шықтыңыз. Жыл соңына дейін қанша жекпе-жек өткізбексіз?

– Денсаулығым сыр бермесе, ай сайын, тіпті апта сайын жұдырықтаса берер едім. Бірақ бұл – кәсіпқой бокс. Биыл нақты қанша жекпе-жек өткізетінімді білмеймін. Ол менеджер мен промоутерлерге байланысты. Жалпы, мен ешқайда асығып отырған жоқпын. Әр кездесуге тиянақты, жан-жақты дайындалып, өзімнің бар өнерімді көрсетіп, шыңдала түскім келеді. Жыл соңына дейін 3-4 кездесу өткізсем, жақсы болар еді деп ойлаймын.

– Кәсіпқой бокста орта салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрсіз. Салмақ қуу машахаты болып тұра ма? Басқа салмақтарда бақ сынап көру ой-жоспарыңызда бар ма?

– Шыны керек, мен ылғи салмақ қуамын. Көбінесе 4-5 келіге дейін салмақ қуып отырамын. Кейде тіпті 8 келі, тіпті одан көп салмақ қууға тура келеді. Бірақ бұл боксшыға үйреншікті жағдай ғой. Кез-келген боксшы салмақ қуады. Ал басқа салмаққа ауысу әзірше жоспарда жоқ. Қазір 160 фунтта (72,574 келі) өнер көрсетіп жүрмін. Осы салмақ дәрежесінде жоғары жетістіктерге қол жеткізгім келеді. Әуелі осы мақсатыма жетіп алайын. Салмақ ауыстыруды содан соң ойластыра жатармын.

– Кәсіпқой боксқа тым ерте ауысқан жоқсыз ба? Әуесқой бокс рингінде қалып қойған арман-мақсаттарыңыз бар ма?

– Жасырмаймын, әуесқой бокста орындалмаған мақсаттар болды. Бірақ бәрі де артта қалды. Сондықтан өткенді көпсітудің қажеті бола қоймас. Енді тек кәсіпқой бокстағы арман-мақсаттарымды ойлаймын. Бұйыртса, олардың барлығына да қол жеткізуге тырысамын. Ал кәсіпқой боксқа ерте ауыстым деп ойламаймын. Мен әуесқой бокста елім үшін, Отаным үшін аянған жоқпын. Қолымнан келгенін барлығын істеп, өзімнен не талап етілді, соның барын орындауға тырыстым. Бар күш-жігерімді, қабілетімді соған жұмылдырдым. Әуесқой бокстан да алғаным да, түйгенім де аз емес. Кәсіпқой боксқа дер кезінде, дәл уақытында ауыстым деп ойлаймын. Бұйырса, кәсіпқой бокста әлем чемпионы атануды мақсат тұтамын. Сол үшін үздіксіз жаттығып, шүмектетіп тер төгіп жүрмін. Чемпион болатын күн де алыс емес деп сенемін.

– Ораза айында тілеуіңді періштелер қабыл етсін. Мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспіз. Арманыңыз орындалсын!

P.S.: Америкадағы боксшыларымызбен тілдесіп, сұхбат әзірлеуге көмектескен, қазір сол күрзі жұдырықты жігіттеріміздің жанында жүрген әріптесіміз Уәлихан Қосанбайға алғыс білдіреміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу