Мектеп асханаларына тықыр таянды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2743

Кейбір мектептердің асханалары мен олардың ас мәзіріндегі былықтардан ата-аналар түгілі, шенеуніктер шошып отыр.

Мектеп асханаларына тықыр таянды

Бұл түйткілдің барлығын растаған "Атамекен" палатасы бүкіл Қазақстан бойынша мектептегі тамақтандыруды ұйымдастыратын бірыңғай әрі ортақ комбинат ашу идеясымен үкіметке шықты.

Басқаны айтпағанның өзінде, астаналық мектептердің асханаларында да төбе шашты тік тұрғызар жөнсіздіктер анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша білім беру органы елордадағы сегіз мектептің директорын тәртіптік жазаға тартуға мәжбүр болды.  

Жаппай инспекция нәтижелерімен жұртшылықпен Астана қаласының білім беру басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин бөлісті.

"Биылғы сәуір айының басынан бері білім беру басқармасының бастамасы бойынша құрамына белсенді ата-аналар кірген арнаулы комиссия бас қаладағы барлық мектептерге тамақтандырудың сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты бақылау-мониторинг жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша 84 мектептің 62-сіне ешқандай ескерту жасалған жоқ. Тағы 14 білім беру ұйымына байланысты бірқатар сын-ескертулер енгізілді. Олар асханалардағы тазалықтың сақталмауына, өрт кезінде шығуға арналған есіктердің алдына ескі-құсқы заттар үйіліп, жабылып тасталғанына, оқушылардың су ішуі тиісінше ұйымдастырылмағанына қатысты болды", – дейді Әнуар Жанғозин.

Ал қалған сегіз мектепте көргендері комиссия мүшелері мен жауапты тұлғаларды айран-асыр етіпті. Басқарма басшысының айтуынша, оларда орашолақтыққа жол берілген. Атап айтқанда, оқушылар мен мұғалімдерді өрттен қорғау дұрыс қарастырылмаған, асханалар мен тамақ сақтау орындарының санитарлық жағдайы көңіл көншітпейді, дайын өнімдер асты дайындаудың технологиялық картасына сай емес. Тамақ ыдысқа талап етілетін көлемнен әлдеқайда аз салынады. Оның үстіне асхана қызметкерлерінің өндірістік гигиенаны сақтамайтыны әшкереленген. Тамақ сақтау талабы да өрескел бұзылған.   

"Тексеріс қорытындысы бойынша сегіз мектеп директорына тәртіптік жаза кесілді. Барлық мектептерге қысқа мерзім ішінде кемшіліктерді тегіс жою жөнінде тапсырма берілді", – дейді білім басқармасының басшысы. 

Оның айтуынша, келесі жаңа оқу жылына қарай комиссия құрамына кіретін ата-аналар үшін тамақтандыру ұйымдарына мониторингті қалай сапалы жүргізуге болатыны туралы арнайы оқыту семинарын өткізу жоспарланған. Демек ендігі тексеріс кезінде асханалар жіті әрі бұдан да мұқият зерделенеді. Осылайша бұл шара науқандық емес, тұрақты сипат алады.  

"Ата-аналардың бастамашыл тобының жұмысы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында да жалғасады. Яғни балабақшалар да қоғамдық мониторингпен қамтылады. Біз белсенді ата-аналарға атқарған жұмыстары мен ынтымақтастығы үшін алғыс білдіреміз!" – дейді Әнуар Жанғозин. 

Өз кезегінде ел бойынша оқушылардың әкелері мен шешелері әлеуметтік желілер арқылы мектеп асханаларына деген көңілтолмастығын ашық білдіруде. Олардың біразы перзенттерінің білім ордасынан шаршап қана емес, сондай-ақ қарындары қатты ашып оралатындарына шағымданады. Сонымен қатар қазақстандықтар бұл асханалардың тамақты үлкен көлемде қоқысқа лақтырып, ысырап ететініне де наразы. Өйткені түскі ас дәмсіз, тіпті жеуге жарамайтындықтан, оны тұтынудан балалар жиреніп, бас тартады екен. Елордалық бір оқушының анасы осы орайда мектепте шәкірттердің негізінен тек нанды ғана жейтінін айтады. Ол тіпті facebook-та білім ұйымындағы ахуалға ашынысын ашық білдіріп, түсірген суреттерін қоса жариялады.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бұл түйткілді проблеманың барлығын растайды. Сондықтан оны шешудің өзге жолдарын ұсынуда.

Палатаның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов мұның бір шешімі жалпықазақстандық оқушыларды тамақтандыру комбинаты боларына сенімді. Бұл әлемде бар тәжірибе.

"Мектептердегі тамақтануға қатысты кәсіпкерлік әрі әлеуметтік мән-маңызға ие бір үлкен бастама бар. Біз бұл проблеманы білеміз, түсіністікпен қараймыз және ата-аналардың алаңдаушылығына толық қосыламыз. Сондықтан алдын ала ақылдасып, талқыға салып, бұдан былай әрбір мектепке кәсіпкерлер өз бетінше жеке-жеке кірмегені жөн деген ұйғарымға келдік. Өйткені мектепте бизнес ашып, тамақтандырумен айналысатын компаниялардың барлығы бірдей реестрге кірмейтініне қатысты факті анықталды. Олардың кейбірі санитарлық нормаларды орындауға, тамақтың нәрлілігін, калориясын қамтамасыз етуге қауқарсыз. Ендеше бүкіл ел үшін бір комбинат құрып, мектептегі тамақтандыруды соның реттеуіне тапсырған жөн деп санаймыз. Билеуші партия да бұл бастаманы қолдауға дайын", – дейді Абылай Мырзахметов.

Ол парламент қабылдаған заң бойынша мектеп асханалары мемлекеттік сатып алулар жүйесінен шығарылғанына назар аудартты. Басқаша айтқанда, ол бір көзден сатып алуға тәуелді емес. Демек, жалғыз комбинаттың саланы монополияландырып алмауын қарастыруға болады. Ол үшін комбинат өзі тамақ жасамайды, оны тек өзге жеткізушілерден сатып алады. Яғни ұлттық оператор функциясын атқармақ.

"Мектептегі тамақтандырумен айналысқысы келетін барлық компанияларға енді осы бірыңғай комбинатқа тамақтарын жеткізіп тұруына мүмкіндік беретін арнайы бағдарламаны жүзеге асыруға болады. Бұл ретте комбинатта зертхана болады, ол сонда өзгелер жеткізген өнімдердің сапа мен басқа да талаптарға қаншалықты лайықтылығын тексереді. Ал оқушыларды тамақтандырудың бүкіл үдерісі комбинаттың "бірыңғай жеткізу орталығы" арқылы бақылауға алынады", – деп түйді "Атамекен" КҰП жетекшісі.

Бұл ұсынысты ұлттық компаниялар да құптайды. Мәселен, "Шымкент" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы бірыңғай комбинатты құру идеясын қолдады.

"Қазір көптеген мектептерде тамақтандыру жүйелі жолға қойылмаған. Ал егер жақсы бір комбинат болса, біз тек оқушылардың ғана емес, сондай-ақ ауруханалардағы, әскердегі тамақтандыруды да жүйелендіре алар едік. Әрбір мектеп, әрбір балабақша бірыңғай стандарттағы және сападағы түскі тамақты бір жерден алып кетіп отыратын болады", – дейді "Шымкент" ӘКК" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Айтмұхаммед Алдажаров. Рас, бұл бастама ОҚО орталығына арналған. Ол "Ontustik" арнайы экономикалық аймағында жүзеге асуы ықтимал екен.

Бұдан бөлек, ата-аналарды кері байланыстың жоқтығы қапаландырады. Елімізде тіпті көптеген мейрамхана-дәмханалардың да интернет сайттары жоқ, олай болса, мектеп асханаларының интернет ресурстары туралы айтудың өзі қиын. Салдарынан, оқушыларға асханалардың күн сайын не беретінін білу күрделі іс. Балалардың барлығы бірдей әке-шешесіне білім ордасы қабырғасында не жегенін баяндап отырғысы келмейді. Бұл салада қандай кемшіліктер барлығын білуді қалаған адамды асхана қызметкерлерінің ішке кіргізуі неғайбыл. Сондықтан ата-аналардың топ құрып, комиссия сайлап, ұжымдық ревизия жүргізуі шарасыздықтан туған амал болып отыр.  

Елорда тұрғыны Гүлбану Әбенова екі баласының екі түрлі мектепте білім алып жатқанын айтады. Бірақ ол екі ұйымды да біріктіретін бір жайт бар көрінеді: асханаларының түскі асы мүлдем татымсыз.

"Жарма-гречканы көп береді, содан бірде сапалы ма екен деп, дәм таттым. Тіпті жеуге жарамайды! Әрі шикі, әрі тұзы жоқ. Оған қоса берілген "етті тефтельдер" дегені үгітілген нан мен картоптан жасалған бірдеңе. Тек үсті фаршқа ұқсас әлдененің жұқа қабатымен жабылған. Салат дегені – сәбіз бен қырыққабат, онысы да сүйсіне жеуге еш жарамайды. Балғын емес, сола бастаған сол өсімдіктерді турай салған. Компоты құбыр суының дәмі бар қоңыр сұйықтық. Тек нан ғана жақсы болып шықты. Балалар соны жеп келген және нанның ғана қосымша үлес-порциясын беруді сұрайды екен. Содан 2-3 сынып оқушыларының бәрі ашқұрсақ жүреді", – дейді ол.

Гүлбану Әбенова оқушылар тамақтанып болған соң, тәрелкелерде шеті бұзылмай қалатын тамақтарды жинағанда, "бөшке" толы ас қалып, қоқысқа төгілетінін байқапты. 

Еліміздің өзге өңірлеріндегі ата-аналардың да ойлары осы арнада тоғысады. Мәселен, Шолпан Әли ел қаржысы қоқысқа кетіп жатқанына қапаланады.

"Ал балалар кілең аш жүреді. Біз осыдан кейін дені сау ұлт құру туралы қалай айта аламыз?! Балалар қайдан мықты, ақылды, күшті болып өссін. Сонша азық-түлікті ысырап етуде. Шынында бұл ұят  нәрсе. Мектепте осылай болғанда, қарттар үйлерінде, балалар үйлерінде, әскерде жағдай қандай?" – дейді ол.

Бұл тақырыпқа қатысты түсініктеме берген Қазақ тағамтану академиясы оқушылардың тамағына бөлінетін шығысты екі еселеу қажеттігін атап көрсетеді. Әйтпесе қарны аш оқушылар күн сайын жақын дүкендерден фаст-фуд сатып алып, пайдалы емес өнімге жаппай көшуде.

"Қазіргі уақытта мектептерде тамақтану нормативтерін ешкім бақыламайды, тиісінше, оны ешкім орындамайды. Санэпидстанса тек ара-тұра мектептердегі асханалардың тазалығын қадағалайды. Ал ата-аналарға өз баласының түскі асын зерделеуге асханалар рұқсат етпейді. Бүгінде Алматының мектептерінде түскі ас орташа есеппен 250 теңге тұрады. Ал оқушылардың сапалы ас мәзірі бұдан әлдеқайда қымбат: бастауыш сыныптар үшін 650 теңге, жоғарғы сыныптар үшін 950 теңгедей болады. Әрине, жергілікті билік балаларға осынша  қаржы бөлмейді. Ендеше ата-аналар мен қамқоршылар кеңесі жас ұрпақтың қамын ойлайтын демеушілерді іздеп, мектептерде лайықты тамақтандыру ұйымдастырудың өзге де жолдарын қарастырулары керек деп ойлаймын", – дейді Қазақ тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский.

Оның байламынша, қосымша қаржы таба алмаған мектептерде ең құрығанда ас мәзіріне сапалы сүт қосу керек. Сонда жасөскін ағзасының кальций мен микроэлементтермен толығуына шамалы да болса жағдай жасалады.

Бірінші және екінші сынып оқушыларын тегін тамақтандыруды 2007 жылы елбасы ұсынған болатын. 2008 жылдан бастап бұл мүмкіндікті үшінші және төртінші сынып шәкірттері де иеленді. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, осы бағытта 700 мыңнан астам бала қамтылған. Енді мәселе сапаға тірелуде.

Саламатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының ұлттық орталығы жариялаған дерек бойынша Қазақстанда соңғы он жылда балалар арасында анемия, зат алмасу процесі, асқазан-ішек жолдарының аурулары секілді тамақтану факторымен байланысты дер түрлерінің саны өсуде екен. Бұл мектептердегі пайдалы, теңгерімді ыстық аспен қамтамасыз ету мәселесі өзекті бола түспек.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу