Оқушыларды тамақтандыру үлкен ойынға айналмаса жарады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2785

Астана мектептеріндегі тамақтану процесін ұйымдастыруда шикілік көп.

Оқушыларды тамақтандыру үлкен ойынға айналмаса жарады

Елорда мектептерін тамақпен қамтып отырған жеке кәсіпкерлердің бір тобы Астана қалалық кәсіпкерлер палатасынан көмек сұрай келіпті. Олардың мұндай қадамға баруына мемлекеттік мекемелер тарапынан көрген қысымы түрткі болған.

Палата өкілдерінің сөзінше, жеке кәсіпкерлердің қызметі азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Ал келісімшарт жеке кәсіпкерлік пен мектеп арасында ғана жасалады.

"Былтыр бастамашыл топтар оқу орындарын тамақпен қамтып отырған бірқатар кәсіпкерге қатысты түрлі тексерулер жүргізе бастаған. Топтың құрамында "Нұр Отан" партиясы мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ата-аналар, блогерлер болған. Атап өтерлігі, бастамашыл топтың бұл әрекеті қандай да бір нормативтік актілермен реттелмеген", – дейді палата өкілдері.

Осыдан соң кәсіпкерлер Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағымданған. Айтуларынша, бастамашыл топтың тосыннан жүргізген тексерулерінде жемқорлық белгілері бар болуы мүмкін.

Тиісінше, агенттік Астана қаласының білім басқармасымен бірлесіп, мектептерде мониторинг жүргізеді. Бірқатар кемшілік те анықталған. Бірақ кәсіпкерлер мұнымен келіспей отыр. Өйткені, мониторинг жүргізген топтың құрамында технолог, диетолог секілді мамандар болмаған. Оның үстіне білім басқармасының мектеп басшылығы мен жеке кәсіпкерлік арасындағы келісімшартқа араласуға құқығы жоқ көрінеді. 

"Білім басқармасы бізді мектептердегі тамақтану процесінен шеттетіп отыр. Осылайша нарықта бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлердің беделіне нұқсан келтіруде", – дейді Астана қалалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің кезекті отырысына келген кәсіпкерлер.

Келісімшарт мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған. Мектеп басшылығы келісімшартты ұзартуға тиіс. Бірақ олар мұндай қадамға бармай отыр.

"Өйткені, мектептерге білім басқармасы тарапынан ауызша ескерту берілген. Айтуларынша, кәсіпкерлер кемшіліктерге жол берген. Сол себепті келісімшарт ұзартылмайды-мыс. Алайда, кемшілік бәрінде бар ғой. Сонымен қатар, білім басқармасы жаңа мәзір жасақтау, бейнебақылау камераларын орнату, қолақшасыз төлем жасау құрылғыларымен қамтамасыз ету секілді талаптар қойып отыр. Бұл жұмыстарды аяқтауға 1 сәуірге дейін уақыт берілген. Бірақ, біз бұл уақытқа дейін үлгермейміз. Егер бұл талаптар орындалмаса, жеке кәсіпкерлермен келісімшарт жасалмайды. Осылайша, екі оттың ортасында қалып отырмыз", – дейді "Дауров" жеке кәсіпкерлігінің басшысы Харби Дауров.

Оның айтуынша, ынталы топ мектептердегі тамақтану процесімен айналысатын кәсіпкерлермен келіспей, төрт апталық жаңа мәзір жасаған. Бір қызығы мәзірде қазақша ет, манпар секілді тағамдар да жүр. Кәсіпкерлер жаңа мәзірде тамақтану нормалары сақталмаған дейді.

"Бізге әр бала үшін 338 теңге төлейді. Ал жаңа мәзірдің бағасы 600-700 теңгеден асып кетеді. Бұл біз үшін қосымша шығын. Келісімшартта қосымша шығын туралы ескерілмеген", – дейді Харби Дауров.    

Астана қалалық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Дулат Жекебаевтың мәліметінше, қалада 85 мектеп бар. Мектептердегі тамақтану процесіне 26 жеке кәсіпкерлік тартылған. Бүгінде 30-ға жуық мектеп былтырғы келісімшарттарын ұзартқан. Қалған мектептер қайтадан конкурс өткізбек. Оған дейін қосымша келісімшарттар арқылы жұмыс істей береді.

"Тиісті бұйрықта жеке кәсіпкерлік тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілсе, келісімшарттың ұзартылмайтындығы туралы нақты жазылған. Ал қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген мониторингке сәйкес, мектептерден өте өрескел заң бұзушылықтар анықталды. Басқарма осы мекеменің мониторингін назарға алып отыр. Бізге бәрінен бұрын оқушының денсаулығы маңызды", – дейді Дулат Жекебаев.

Белгілі болғандай, Астана қаласының әкімдігі мектептердегі тамақтану процесін ұйымдастыруға жыл сайын 4 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп отыр. Бұл аз ақша емес. Демек, әкімдік тарапынан қатаң бақылаудың жүргізілуі де заңдылық.   

Балалар мен оқушылардың пайдалы тамақтану саясатын өндіру және бақылау қауымдастығы атқару комитетінің төрағасы Марат Баелевтың пікірінше, бұл жерде негізгі басымдық баланың денсаулығына берілуі керек.

"Президент бір сөзінде бизнеске қол ұшын беру туралы айта келіп, адам мен оның құқығы бәрінен де биік тұратынын еске салғаны бар. Сондықтан бизнес табысты ғана ойламай, қоғамдағы қауіпсіздік жайлы да бір сәт бас қатыруға тиіс. Астана қаласының әкімдігі 1-4 сынып оқушыларын тамақпен қамтуға 3,8 млрд теңге бөліп отыр. Ендеше әкімдіктің кәсіпкерлерге талап қоюға құқығы бар. Қазірдің өзінде кейбір кәсіпкерлер 10-11 мектепке қызмет көрсетіп отыр. Олар бұл саланың монополисіне айналып бара жатқандай", – дейді Марат Баелев.

Деректерге сүйенсек, 2015 жылы тамақтануға қатысты түйткілдер қазақстандықтардың өмірін қысқартатын негізгі себептердің қатарына қосылған. Қазақ тағамтану академиясы жүргізген зерттеуге сәйкес, 1-14 жас аралығындағы әрбір бесінші бала артық салмақтың зардабын тартуда. Бұл Қазақстандағы жалпы балалар санының 21,5 пайызы.

"Денедегі артық салмақты болдырмаудың бірден бір жолы – таңғы тамақты тұрақты түрде ішу. Бүгінде қалада тұратын балалардың 40 пайызы, ауылдықтардың 60-70 пайызы таңғы тамақты дұрыс ішпейді", – дейді Марат Баелев.

Астана қалалық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Ирак Елекеев мектептердегі тамақтану процесімен айналысатын жеке кәсіпкерлерді бір қауымдастыққа бірігуге шақырды. Өйткені, нарықта жеке-жеке әрекет ету мүмкін емес. Сондай-ақ оқушылардың тамақтану процесін қадағалайтын арнайы ұйым құрылуы керек деп есептейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу