Қазақстанның бағаны есептеу одағының конференциясында сала мамандары осындай жанайқайын жеткізді.
"Бағаны есептеу мамандары жаңа жүйенің шикілігін көріп жатыр. Мәселен құрылыс материалдары мен қызметінің құнын белгілеу жағында бағаны есептеу дұрыс жолға қойылмаған. Нарық бір бағаны айтса, мемлекеттік база екінші бағаны белгілейді. Бұл мердігер компаниялар үшін тиімсіз. Нәтижесінде құрылыс компаниялары банкрот болудың аз-ақ алдында тұр", – деді "Республикалық инженер-бағаны есептегіштер одағы" ҚБ президенті Татьяна Пяртель.
Бүгінде құрылыс саласында 52 мыңнан аса құрылыс компаниясы тіркелген. Олардың ішінде 28,6 мыңы тұрақты жұмыс істеп келеді.
"Мемлекет араласпасын"
"Атамекен" КҰП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаеваның пікірінше, саланың үздіксіз дамуы үшін мемлекеттің құрылыс саласына араласуы азаюы тиіс.
"Келешекте тұрғын үй құрылысын түгелдей құрылыс саласындағы жеке меншік компанияларға беру керек деп есептейміз. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бағдарламаны қабылдауға белсенді түрде қатысып, жұмыс барысында түзетулер мен өзгертулер ұсынатын болады. Мысалы ұсыныстардың бірі – өздігінен тұрғын үй құрылысымен айналысатын, сол арқылы жүйені жасаушы кәсіпорындарға 2021 жылға дейінгі бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беру", – деп атап өтті Юлия Якупбаева.
Қазақстанда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету 2010 жылы адам басына шаққанда 18,4 шаршы метрден болса, 2017 жылдың басында 21 шаршы метрге дейін өсті, алайда бұл БҰҰ-ның метр стандартынан 9 шаршы метрге аз. Мысалы Ресейде бұл коэффициент 23,4 шаршы метрді құраса, Ұлыбританияда – 70, Қытайда – 39 шаршы метрге пара-пар. Бұл – біз біршама артта қалып келеміз деген сөз.
"Сіздер нарық жағдайының күрделенуі туралы айтасыздар, бірақ тұрғын үйдің түрлі санаты бар – элиталы, бизнес-класс, әлеуметтік. Халықтың басым көпшілігі ипотеканы да, тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі қарызды да өтеуге қауқарсыз. Алматы, Астана қалалары мен Ақмола, Алматы облыстары құрылыс жүріп жатқан негізгі өңірлер. Бүгінде құрылыс саласы дегеніміз не? Бұл – жобалаушылар мен тағы басқаларды қоспағанда 80% орта және шағын бизнестегі 50 мыңнан аса құрылыс компаниясы. Статистика бойынша, 220 мың адам, ал ілеспе салаларды қосқанда шамамен 1 млн адам жұмыспен қамтылған. Егер қолдау шараларын тоқтататын болсақ, олар өңірлердегі тұрғын үй құрылысын арзандатады, ондай жағдайда адамдарды жұмыссыз қалдырамыз", – деген пікір білдірді Юлия Якупбаева.
Бақылау күшейтіліп жатыр
Өз кезегінде мемлекет құрылыс саласындағы бақылауды керісінше, арттыра түсті. Таяуда үкімет отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алу аясындағы құрылыс келісімшартын қазынашылық бақылаудың жаңа үлгісін таныстырды.
Министр Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алу саласында бюджет ақшасын жымқыру фактілері аз емес. Соның салдарынан мемлекеттік тапсырыс бойынша салынатын құрылыс нысандарының сапасы сын көтермейді. Құрылыс компаниялары болса, жобаға сан алуан өзгеріс енгізіп, нысанды пайдалануға беру мерзімін кейінге шегеріп жатады.
Бұдан бөлек құрылыс саласында жалған кәсіпорындар көп. Осылайша сапа да болмайды, салық та төленбейді.
"Қазіргі меxанизмге сәйкес, бюджет қаражаты мердігерлердің банктердегі есеп-шоттарына аударылғанда тексеріледі. Одан кейін қаражаттың жұмсалуы бақыланбайды. Сол себепті оны қолма-қол ақшаға айналдыру жағдайы болып жатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алулар саласындағы құрылыс келісімшарттарына қазынашылық бақылау жүйесін енгізу ұсынылады. Аталған жүйе төлемдердің ашықтығын, салықтардың толыққанды төленуін, құрылыс сапасының бақылануын, бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдалануын және сатып алуларда отандық өнімнің артуын қамтасыз етеді. Сөз жоқ бұл жаңалық құрылыс саласына ауыр тиеді. Дегенмен осының арқасында құрылыс нысандарының сапасын көтеріп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар", – дейді Бақыт Сұлтанов.
Оның айтуынша, жаңа жүйе аясында барлық мердігерлер мен субмердігерлердің есеп-шоттары қазынашылық органдарда ашылады. Ал арнайы супервайзерлер мен инжинирингтік компаниялар құрылыс сапасын бақылайды.
Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын Мемлекеттік кірістер комитеті де қадағалап отырады. Әзірше аталған жүйе негізінде пилоттық жобамен Астана, Ақмола мен Қарағанды облыстарында төрт құрылыс нысанын салу жоспарланған. Осыдан кейін отандық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ол тәжірибені республика бойынша тарату жоспары бар. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған жоспарды міндетті түрде іске асырып, келесі жылдан бастап барлық аймақтарда енгізуді тапсырды.
Дегенмен бұл заң жобасы мердігер компаниялар үшін тиімсіз, тіпті зиянды болып тұр. Компаниялар мемлекеттің бекіткен бағасы нарықтағы шынайы бағадан анағұрлым алшақ екенін алға тартады.
Тағы бір айта кетерлігі, тек баға саясатында ғана емес, сонымен қатар техникалық бақылау саласында да мемлекеттің енгізген жаңалықтары бар. Бірақ бұл өзгерістер туралы мердігер компаниялар ешқандай шағым айтпай отыр. Оның себебі де жоқ емес. Енді құрылыстың сапасын мемлекеттік мекемелер емес, жекеменшік бақылау ұйымдары тексеретін болады. Бұл құрылыс саласын нарықтық жағдайға икемдеудің жаңа жолы болып табылады.
Үшінші жаңалық – құрылыс сапасын бағалауда техникалық талаптардың күшеюі. Осы өзгеріс енгізілгенінен кейін бір ғана Астананың өзінде бағалау ұйымдарының 31 сарапшысы жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта елорда аумағында жауапкершіліктің 1-2 деңгейіндегі техникалық және технологиялық күрделі объектілерде техникалық қадағалау бойынша инжинирингтік қызметтер көрсетумен аккредиттелген 101 ұйым айналысады, олардың құрамында аккредиттелген 442 маман бар.
Астана қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Төлеген Құлышевтың мәліметіне сәйкес, үстіміздегі жылдың алғашқы алты айының және 2016 жылдың қорытындысы бойынша, басқарма технологиялық қадағалау бойынша 31 сарапшыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, оларға 6 ай мерзімге техникалық қадағалау жүргізу құқығына сарапшы аттестатының күшін уақытша тоқтатумен 200 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, техникалық қадағалауда кездесетін негізгі бұзушылықтар жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына тиісті бақылаудың жоқтығы, техникалық қадағалау журналын дұрыс жүргізбеу және нысан құрылысының жағдайы мен барысы туралы есепті ай сайын тапсырмау болып табылады. Сонымен бірге, құрылыс нысаны аяқталған кезде тапсырыс берушіге (құрылыс салушыға) сәулет-құрылыс нормаларына сәйкес келмейтін құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы туралы оң қорытынды шығарып беру фактілері бар. Осының нәтижесінде аталған бұзушылықтар сапасыз көтерілген нысандарды пайдалану кезінде әлеуетті түрде қауіп төндіреді. Атап айтқанда соңғы уақытта құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу барысында конструкциялардың құлауы және бекітпе қалыптардың үзілуі сияқты оқиғалар жиілеп кетті.
Алайда техникалық қадағалау жөніндегі сарапшылар құрылыс алаңдарының жағдайына назар аудармайды. Атап айтқанда, қоршаулардың талапқа сай келмеуі, көлік құралдарының дөңгелектерін жуатын орындардың жоқтығы, құрылыс алаңдарының аумағында құрылыс қоқыстарының үйіліп жатуы.
"Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға сәйкес, аталған бұзушылықтар үшін мердігер ұйымдар да, техникалық қадағалау сарапшылары да жауапты. Мердігердің немесе бас мердігердің талаптарды орындамау немесе тиісті орындамау жағдайында, бұл мәліметтерді бірден тапсырыс берушіге және басқармаға хабарлауды сұраймын", – деп мәлім етті инвестициялар және даму министрлігінің құрылыс істері жөніндегі бас сарапшысы Арнольд Ли.
Бауыржан Мұқан