Мемлекеттің экономикаға қатысуы азайып келе жатыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3228

Дегенмен, орта және ірі бизнестің тең жартысы әлі мемлекеттің "қарамағында".

Мемлекеттің экономикаға қатысуы азайып келе жатыр

Биыл Қазақстан әлем бойынша экономикалық еркіндік көрсеткіші бойынша былтырғыдан 18 орын төмен сырғып, 59 орынға тұрақтады. Еліміз 64,5 баллмен орташа еркін экономикалы елдердің қатарынан табылды. Жалпы көрсеткішке әсер еткен факторлар – үкіметтің адалдығы, сот жүйесі, мемлекеттік шығындардың тиімділігі, қаржылық әл-ауқат, бизнес пен еңбектің еркіндігі.

2019 жылы еліміз аталған рейтингте 12 көрсеткіш арасында тек 4 көрсеткішті ғана жақсарта алды. Атап айтар болсақ олар мүлік құқығы, қаржылық еркіндік, салық ауыртпалығы мен сауда еркіндігі.

Жалпы, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдың наурыз айы қорытындысы бойынша ел экономикасында жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар саны бір жылда 8,8% ұлғайып, 288,3 мыңға жетті. Өз кезегінде мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттің жартылай қатысы бар кәсіпорындар саны 0,8% төмендеп, 25,7 мыңнан 25,5 мыңға азайды. Осы орайда олардың жалпы көрсеткіштегі үлесі 9,7%-дан 8,8%-ға төмендеді. Айта кетейік, мемлекеттің қатысуы бар компаниялар саны 2017 жылдан бастап азайып келе жатыр. 

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда экономикадағы кәсіпорындардың 97,1 пайызы шағын бизнес субъектілері екен. Осы орайда, шағын бизнестің ішінде мемлекеттің қатысуы бар кәсіпорындар саны былтырғыдан 1,4 пайыз азайып, 20,9 мыңды құрап отыр. Соның ішінде 7,5 пайызы мемлекеттік немесе мемлекеттің қатысуы бар кәсіпорындар.

Өз кезегінде орта бизнестегі мемлекеттің қатысуы керісінше ұлғайып келеді. Мәселен, былтыр орта бизнестегі 3,5 мың кәсіпорынның 56,7 пайызында мемлекеттің қатысуы бар болса, биыл көрсеткіш 57 пайызға жетіп отыр.

Ал ірі бизнеске келер болсақ, мемлекеттің қатысуы биыл 45,4 пайызды құраған, былтыр көрсеткіш 46,6 пайыз болған еді. Жалпы, қазір ішкі экономикада 1,1 мың ірі бизнес жұмыс істеп жатыр.

Жалпы, экономиканың нарыққа қаншалықты бейімделгенін мемлекеттің экономикаға қатысуынан байқауға болады. Қазақстанда бірнеше жылдық жекешелендіру науқаны жүріп жатқанымен, нәтиже айтарлықтай емес. Рас, жалпы көрсеткіште мемлекеттің қатысуы азайып келе жатқанымен, сапасы нашар. Өйткені, мемлекет шағын бизнесті ғана бәсекелес ортаға тапсырып, орта бизнестегі өзінің үлесін керісінше арттырып жатыр. Осы орайда, үкімет тарапынан қабылданып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың қашанда мемлекеттік кәсіпорындар ашуға бастау болатынын, ал ол өз кезегінде мемлекеттің экономикаға қатысуын күшейтетіні белгілі.

Жоғарыда аталған рейтингте Қазақстан Еуразиялық одақ елдері арасында Армениядан кейін екінші орынға жайғасқан. Қырғызстан мен Ресей тиісінше 79 және 98 орындарда болса, Беларусь – 104 орында.

Жалпы рейтингтің көш басындағы үштік – Азия алыптары: Гонконг, Сингапур және Жаңа Зеландия. Одан кейінгі орындарда Швейцария, Аустралия, Ирландия, Ұлыбритания, Канада, БАӘ және Тайвань.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу