Микрокредиттердің жылдық үстеме төлемі 56%-дан аспауы керек

6578

Бірқатар микроқаржы ұйымының заңға бағынбай отырғаны анықталды.

Микрокредиттердің жылдық үстеме төлемі 56%-дан аспауы керек

Ұлттық банк 2019 жылғы екінші тоқсанда микроқаржы ұйымдарының әрекетінде анықталған бұзушылықтар туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2019 жылғы екінші тоқсанның қорытындысы бойынша МҚҰ қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына мониторинг және талдау жүргізді, деп хабарлайды бас банктің баспасөз қызметі.

Анықталған бұзушылықтардың қорытындысы бойынша МҚҰ-ға қатысты 13 ықпал ету шарасы қолданылды, оның ішінде – 5 әкімшілік айыппұлдың 4-інде 2 242 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынса, 1-інде әкімшілік құқық бұзушылық туралы ескерту берілді. Тағы 8 шектеулі ықпал ету шарасының 7-інде жазбаша ұйғарым берілсе, 1-інде жазбаша ескерту жасалды.

Ұлттық банктің мәліметінше, жүргізілген талдау нәтижелері  МҚҰ-да   кредиттік досьеде қарыз алушының жеке басын куәландыратын құжат көшірмесінің, микрокредит алуға берілген өтініште қарыз алушының міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету үшін ұсынылған мүлік туралы мәліметтердің болмауы,  микрокредит беру туралы шарттың Қазақстан Республикасы заңнамасының 2-талаптарына сәйкес келмеуі,  ішкі бақылау ережелерінің ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келмеуі,  бухгалтерлік есепке алудың бухгалтерлік есепке алу және қаржылық есептілік туралы ҚР заңнамасында белгіленген талаптарды және бухгалтерлік есепке алу әдістерін (принциптерін) бұза отырып жүргізілуі, нәтижесінде қаржылық есептілік бұрмаланған, кепілге (жылжымайтын мүлікке) және оны іске асыруға нотариат куәландырған келісімнің болмауы, меншікті капиталдың ең төменгі мөлшері бойынша уәкілетті орган талаптарының сақталмауы,  кредиттік бюроға ақпараттың уақтылы берілмеуі,  ақпарат субъектісінің келісімінсіз кредит туралы есептің алынуы,  Қазақстан Республикасы заңнамасының және уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтамауы сияқты бұзушылықтардың орын алғанын көрсеткен.

Сонымен қатар Ұлттық банк МҚҰ қазіргі және әлеуетті клиенттерінің қаржылық сауаттылығын арттыру және заңды құқықтары мен мүдделерінің бұзылуына жол бермеу мақсатында біріншіден, микрокредит беру туралы шарттың мазмұнына қойылатын міндетті талаптарға қатысты ҚР Азаматтық кодексінің 383-бабының 1-тармағына сәйкес шарт тараптар үшiн оны жасасу кезiнде қолданылып жүрген заңдармен белгiленген мiндеттi ережелерге (императивтiк қалыптарға) сәйкес келуге тиiс екенін айтады.

Екіншіден, МҚҰ-ның микрокредит беру мен қызмет көрсетуге байланысты комиссия мен өзге де төлемдерді өндіріп алуына қатысты микрокредит беру туралы шарт микрокредит беру мен қызмет көрсетуге байланысты өндіріп алынатын комиссия мен өзге де төлемдердің толық тізбесін, сондай-ақ олардың мөлшерін қамтуы керек.

Үшіншіден, МҚҰ туралы заңның 5-бабына сәйкес микрокредитті бергені, оған қызмет көрсеткені және оны өтегені (қайтарғаны) үшін микроқаржы ұйымына төленуге жататын сыйақыны, олар бар болса - комиссиялық және өзге де төлемдерді қамтитын, қарыз алушының шығыстарын ескере отырып есептелетін, микрокредит бойынша анық, жылдық, тиімді, салыстырмалы түрде есептелген сыйақы мөлшерлемесі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі болып табылады, деп жазады бас банк.

Бұл ретте шекті мөлшері бекітілген, ол микрокредит беру туралы шарт жасасқан күнгі сыйақы мөлшерлемесін өзгертудің және (немесе) микрокредит беру мен қызмет көрсетуге байланысты жаңа комиссиялар мен өзге де төлемдерді өзгертудің не енгізудің 56 пайызынан аспауы тиіс.

Төртіншіден, МҚҰ туралы заңның 3-бабына сәйкес микроқаржы ұйымы бір қарыз алушыға беретін микрокредит республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің сегіз мың еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде ғана берілуі керек.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу