Министр Қазақстанды сөз бостандығы бар ел деп таниды

Асқар Момынов Асқар Момынов
2728

Мамандар Қазақстандағы БАҚ нарығы 500 млрд теңгені құрайды деп есептейді.

Министр Қазақстанды сөз бостандығы бар ел деп таниды

Қазақстандағы сөз еркіндігінің деңгейін он балдық көрсеткішпен есептейтін болсақ, онда оның деңгейі сегіз бал деп санайды ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев. Ол бұл туралы  Алматыда өткен медиақұрылтайда айтты.  

Медиақауымдастық өкілдері мен жиналған сарапшыларды БАҚ туралы заңға енгізілген түзетулер қызықтырды. Журналистер түзетулер тәуелсіз медиаларды тұншықтыруы мүмкін деген қорқыныштары бар екенін тілге тиек етті. Ал министрдің бұл мәселеге қатысты пікірі басқа болып шықты. Оның айтуынша, заңға енгізілетін түзетулер көпшіліктің күшімен қабылданады. Түзетулер енгізілмес бұрын мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың мақұлдауынан өтеді. Бұл – ұжымдық жұмыс, пікірталас барысында көп нәрсе өзгереді. Әзірлеушінің нұсқасы қалмауы  мүмкін деп сендірді ол.

"Органдар жаңа жағдайда жұмыс істеу керек. Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың  БАҚ-пен жұмыс істеу тиімділігіне байланысты бонустық жалақы жүйесін енгізу жоспарлануда. Осының аясында оларды жазалау да  қарастырылады. Бұл бірте-бірте іске асатын эволюциялық тәсіл. Қазір түзетулер талқыланып жатыр, депутаттар БАҚ-тың сұранысы үшін 15 күн емес, жеті жұмыс күнін енгізуді ұсынып отыр", – деді министр.

Сонымен қатар ол мемлекеттік органдар қоғамдық пікір туғызған жағдайларға жылдам пікір білдіруге тиіс болатынына тоқталды.

Министр Америка құрама штаттарында мемлекеттік органдар БАҚ сұранысына 20 күнде, Германияда – 15, Швецияда – 30 күнде жауап беруі мүмкін, ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымдарының басқа елдерінде мемлекеттік органдардың сұранысқа жауап беру міндеті мүлдем жоқ екенін айтты.

"Жауапкершілік нормасын енгізу үшін сапалы жауап беруге мүмкіндік беру қажет. Ал егер барлығы бұрынғыша қалатын болса, онда формалды жауап көбейе береді", – деді министр.

Министр мемлекеттік органдарды журналистердің сұранысына ынталандырудың ең жақсы тәсілі – медианың сұранысын елемейтіндерге қарсы "көптеген сот процестерінің" болатындығы деп атап кетті. Сондай-ақ министр сөз еркіндігіне көңілі толмайтын журналистерге  елде "сөз еркіндігі өте жоғары, шамамен он балдық көрсеткіштің сегізін құрайды", – деді ол.

Министр Мұхтар Әбілязов сөйлеген кезде әлеуметтік желілердің қайта-қайта тоқтап қалуына да жауап берді. Министр ешқандай жоспарлы шектеу болмағанын, мұның барлығы техникалық проблемалардан туғанын тілге тиек етті.

"Әбілязов Қазақстандағы интернетті басқармайды. Интернетті ауадан емес, кабель желісінен аламыз. Кейде техникалық кедергілер болуы мүмкін. Мұндай жағдай жиі болады. Бізде интернет алуға құқы бар халықаралық байланыс операторларының саны бесеу ғана", – деп түсіндірді министр. Сондай-ақ ол Қазақстандағы ресейлік Meduza интернет-порталының бұғатталу себебін анықтауға уәде берді.

Министр 2018 жылдан бастап "Хабар" арнасында мүлдем жарнама көрсетілмейтінін айтты. Алайда ол ол жарнама болмаса телеарна ақшаны қайдан алады, бұл мемлекет тарапынан қаржыландыруды арттыру деген сөз бе, ондай болса қосымша қаржыландыру қандай қор көздерінен алынады деген сауалдарға жауап бермеді.

Бұған дейін "Хабар" телеарнасы" АҚ басқармасының төрағасы Ринат Кертаев арнадағы жарнамаға тыйым салу бастамасына қарсы шыққан болатын. Оның сөзінше, жарнамадан түсетін табыс заманауи техниканы сатып алуға, оны жаңғыртуға және жөндеуге пайдаланылады, ал мемлекет техника сатып алуға қаржы бөлмейді.

Дәурен Абаев Қазақстанның латын қаріпіне көшуі БАҚ нарығына қалай әсер ететіндігіне де тоқталды. Ол ешқандай қиындық туындамайды деп сендірді. Себебі латын қарпі негізіндегі жаңа әліпбиге көшу бүгін-ертең емес, 2025 жылға дейін іске асырылмақ.

"Жеті жылда адамдар үйреніп кетеді деген ойдамын. Тіпті 40 жастың үстіндегі адамдар да үйренеді деп үміттенемін. Латын қаріпіне көшу бастамасы 2012 жылдан бастап талқыланып келеді. Психологиялық тұрғыдан қорқыныштың болуы да ықтимал. Егер сіз қазақ тілін білсеңіз, онда ешқандай мәселе туындамайды. Кейбіреулер мәтіндерді қазірдің өзінде-ақ латыншаға аудара бастады. Бұл – ауқымды жұмыс. Онда барлық дүниелер назарға алынады", – деді Дәурен Абаев.

Медиақұрылтайға қатысқан сарапшылар Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі медианың үлесі өте аз (2,6%) әрі төмен қарай сырғып келе жатқанын мәлімдеді. Мәселен АҚШ-та бұл көрсеткіш 5-6%-ға жеткен.

"Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаевтың айтуынша, Қазақстанның ақпарат нарығы шамамен 450-500 млрд теңгені құрайды. Тұтыну сұранысы құрылымының негізгі бөлігін бизнес құрап отыр. Нарықта сатылатын ақпарат тұрғысынан алып қарасақ, отандық өндіріс шамамен 400 млрд теңгені құрайды. Мәселен 2015 жылдың қорытындысында медиа саласы экономика саласы секілді 482 млрд теңгеге бағаланды деді ол.

"2009 жылдан бастап саланың номиналды өсімі шамамен 70%-ды құрады. Ал нақты өсім екі есеге азайды. Контенттің ұлғаюы байқалды, есесіне оның құны күрт төмендеді. Яғни шынайы өрнек жақсарғанымен, баға факторы өндірістің төмендегенін көрсетіп отыр. Біз саланың табыстылығын 17-19%-ға бағалаймыз. Мемлекеттік тапсырыс БАҚ-тың жалпы түсімінің шамамен 40%-ын құрайды", – деген деректерді келтірді Рақым Ошақбаев.

Медиаменеджер Арманжан Байтасовтың сөзінше, ірі мемлекеттік тапсырыс, жемқорлық деңгейінің жоғарылығы және сот жүйесіне тәуелділік БАҚ-тың дамуын тежеп отыр. Оның пікірінше, мемлекет пен журналист арасындағы дауда сот үнемі БАҚ өкілдеріне қарсы болады.

Рақым Ошақбаевтың сөзінше, кінәнің бір ұшы ой-сананы өсіріп, өзгертуге талпынбайтын БАҚ-та жатыр. Оның айтуынша, Қазақстандағы медианарық даму үстінде және дәстүрлі медианы цифрландыру қарқынды жүруде.

Өз кезегінде NBS-ның телевизиялық продюсері Барбара Рейлтц цифрландырудың кемшіліктері де барын атап өтті. Әлеуметтік желілердегі жалған жаңалықтар көлемінің өсуінен қоғамның теледидарға деген сеніміне селкеу түседі. Алайда шара қатысушылары бұдан қашып құтылу мүмкін емес дейді. Себебі 2020 жылға қарай әлеуметтік желілердегі бейне трансляциялар әлемде өндірілетін контенттің 90%-ын құрамақ.

Internews-тің Қазақстандағы өкілдігінің директоры Ержан Сүлейменовтің сөзінше, шын мәнінде Қазақстанда БАҚ нарығы және оның экономикаға әсері жүйелі түрде зерттелмейді. Оның айтуынша, мұндай зерттеулер жүргізбейінше, инфрақұрылымдық жобаларға бюджеттік қаражатты бөлу және жеңілдетілген салық нормаларын енгізудің қажеттігі туралы сөз қозғаудың өзі қиын. Нарықтағы медиаресурстың меншік иесі ретінде мемлекеттің үлесі туралы нақты ақпарат жоқ. БАҚ-ты бюджеттік қаржыландыру көлемі әлі күнге дейін құпия сақталып отыр. Оның ойынша, бұл құпияның ашылуы екіталай.

"10 жыл ішінде "Медиақұрылтай" еліміздің медиа нарығындағы маңызды оқиғаға айналды. Медиа саласының жүйелік мәселелері талқыланатын тұрақты алаң ретінде танылды. Біз жыл сайын жергілікті және халықаралық сарапшылардың сараптамаларын, өзекті мастер-кластар мен networking, өткір әрі жоғары сапалы контент ұсынамыз. Осыдан 10 жыл бұрын туындаған идеямыз саланың маңызды оқиғасына айналғанына қуаныштымын", – деген пікір білдірді жиында қазақстандық баспасөз клубының президенті Әсел Қарауылова.

Гүлназ Ермағанбетова, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу