Монополист қарызын сот арқылы өндіріп алмақшы

1822

Монополистерге қарсы комитеттің тариф белгілеу нұсқаулығын бұзуы павлодарлықтарды 732,5 млн теңге қарыз төлеуге мәжбүр етті.

Монополист қарызын сот арқылы өндіріп алмақшы

Осы жылдың 1 қыркүйегінде "Павлодарэнергосбыт" ЖШС электрмен жабдықтау қызметінің жаңа тарифін енгізді. Бұрын бір кВт/сағ үшін 9,78 теңге (ҚҚС-сыз) төлеген  жеке тұлғалар бұдан былай 10,21 теңгелік тариф бойынша есеп айырысады. Егер ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облысындағы департаменті сот процесінде ұтылып қалмағанда, бұл 1 қаңтарға дейін іске аспайтын еді.

"Павлодар электржелілік тарату компаниясы" АҚ бас директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Галина Татарьдың abctv.kz-ке мәлімдеуінше, 2013-2015 жылдары компания тарифті салыстырмалы сараптама әдісі бойынша бекіткен.

"Нәтижесінде тариф бекітілді, оның ішінде 2015 жылғы нұсқаулыққа сәйкес ықтимал түзетумен ҚҚС-сыз бір кВт/сағ 3,59 теңге деген тариф бекітілді. 2014 жылдың қарашасында монополияға қарсы комитет біздің тарифті қарап қайта бекітті. Егер қандай да бір көрсеткіш өзгеретін болса, онда біз өтініш береміз, табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті өтінішті қарап тарифті осылай немесе басқаша өзгерту туралы шешім қабылдайды. Осыған орай бізде бір кВт/сағ үшін 3,59 теңге төлейтін тариф бекітілген, ал монополияға қарсы комитет тариф белгілеу әдісін бұзып, оны 3,018 теңгеге дейін түсіріп жіберді. Ақыр соңында компания 2015 жылы төмендетілген тариф бойынша жұмыс істеді", – деді ол.

Компания тарифті бекіту бойынша нұсқаулық сақталмады деп шығындарды қайтарып алу үшін сотқа шағымданды.  

"Сол жылы тарифтердің өсуіне жалақы бойынша біз жыл сайын заңға сәйкес индекстеп отыратын шығындар бабы әсер етті. Өйткені материалдар қымбаттап, электр энергиясының нормативтік ысырабы көбейді. Бізде әртүрлі түсіну қайдан пайда болды? Оған тариф белгілеу әдісін дұрыс қолданбау себеп болды. Бұл қателік пе, әлде беделін пайдалану ма? Ал табиғи монополияларды реттеу агенттігінің департаменті барлығы дұрыс жасалды деп ойлайды. Сот процесі кезінде біздің дәлелдеріміз ескеріліп қабылданды", – дейді Галина Татарь.

ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар облыстық департаменті  басшысының орынбасары Думан Шаханов: "2015 жылы "Павлодар электржелілік тарату компаниясы"  АҚ-ға арналған тарифті бір кВт/сағ үшін 3,018 теңге деп бекітіп, төмендеттік, ал олардың тарифі 3,59 теңге болған еді. Компания бізді сотқа берді. Содан Жоғарғы сотқа дейін бардық, алайда біз сот процесінде ұтылдық та, 3,59 теңгелік тариф қалды. Осының нәтижесінде компанияға 735 млн 526 мың теңге шығын келді. Компания бұл шығынды тарифті арттыру арқылы 4 айдың ішінде қайтарып алмақ болды, ал біз оны бір жылға бөліп тастадық", – деді.

Жоғарғы соттың 2015 жылдың 2 желтоқсанында шығарған қаулысында: "Павлодар электржелілік тарату компаниясы" акционерлік қоғамының "ҚР табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Павлодар облыстық департаменті"  республикалық мемлекеттік мекемесіне қатысты  мемлекеттік органның заңсыз әрекеттеріне шағымдану бойынша азаматтық іс ашық сот отырысында қаралды.  Жоғарғы сот Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешімін күшінде қалдырумен Павлодар облыстық  сот алқасының кассациялық өтініш бойынша шығарған  2015 жылдың 29 шілдедегі қаулысын жоюды қаулы етті. "АЭТК" АҚ өтініші қанағаттандырылсын", – деп көрсетілген.  

Жоғарғы сот 2015 жылы оң шешім шығарғанына қарамастан, барлық тиісті құжаттарды бір ортақ бөлімге келтіруге уақыт керек болды.

"Ақыры біз 2015 жылға қайта оралып, өз тарифімізді қайтарып алдық. Қазір біздің құқығымыз қайта қалыпқа келді. Өз тұтынушылармызға қосымша шот-фактураны ұсындық, бұл заң бойынша жасалып отыр. Ал келісімшартты электр энергиясын көтерме бағамен алатындарға жасаймыз, қазіргі уақытта "Павлодарэнергосбыт" АҚ-пен жасап жатырмыз. Нәтижесінде осы кәсіпорын 1 қыркүйектен бастап жаңа тариф бекітті. Осы уақытқа шейін келген шығынның барлығы жаңа тарифке кірді", – деп атап көрсетті Галина Татарь.

Осының нәтижесінде павлодарлықтар ойламаған жерден тарифтің қымбаттауына тап болды. Бұл қиындықтың басы ғана. Өйткені 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап тариф тағы өсуі мүмкін.  Монополист тарифті көтеруге негіз табады, ал тұтынушы болса екі есе жүктемені мойнына алады. Бұл тариф белгілеу нұсқаулығын бұзған монополист компанияға қарсы комитет жазадан сытылып кетті, ал ауыртпалық қарапайым халықтың қалтасына түсті  деген сөз.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу