Мұғалімдер үйінде отырып жұмыс істей бере ме?

13084

Еліміздің білім беру саласы қашықтан оқытуға көшті.  

Мұғалімдер үйінде отырып жұмыс істей бере ме?

Төтенше жағдай жариялануына байланысты, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов университеттер, колледждер және мектептер қашықтан оқыту технологиясын пайдаланатынын айтты.

"Өздеріңіз білесіздер, 16 наурыздан бастап 5 сәуірге дейін балалар көктемгі демалысқа шықты. Осы уақыт аралығында мұғалімдер қашықтан жұмыс істейді. Бұрын мұғалімдер каникул кезінде мектепке келіп, білім беруге қажетті әдістемелік жұмыстарымен айналысатын. Қазір біз бұйрықпен шешім шығардық. Қазір мұғалімдерге үйінде отырып жұмыс істеуіне болады. Жалақысы толық төленеді. Осындай шешімді іске асырып жатырмыз, – деді білім министрі.

Асхат Аймағамбетов каникул аяқталған соң мұғалімдердің жұмыс істеу тәртібі қалай болатынына да тоқталып өтті.

"Каникул аяқталған соң қажет болып қалса, қашықтан оқытуды жалғастыра беру үшін дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл тұрғыда арнайы топ құрдық. Егер 5 сәуірден кейін осындай нақты қажеттілік туындаса, қашықтан оқытуға дайын боламыз. Қазіргі кезде жүйені контентпен қамтамасыз ету, оны толтыру, педагогтерді үйрету, сервистерді тестілеу және т.б. жұмыстарды жүргізудеміз. Бұл жұмыстарды 5 сәуірге дейін аяқтап, қажет болған жағдайда осы форматпен оқытуды ары қарай жалғастыруға дайын боламыз", – деп сөзін жалғады министр.

Оның айтуынша, колледждер мен жоғары оқу орындары онлайн білім беруге көшкенімен, шешуін табуы тиіс мәселелер де жоқ емес.

"Барлық колледждер мен жоғары оқу орындары 16 наурыздан бастап қашықтан оқу технологиялары негізінде білім алуға көшуде. Оқу процесі жоспарына, бағдарламасына сай жүргізіледі. Бүгінгі күні елімізде 790 колледж бар. Барлығы қажетті бағдарламаны иеленіп отыр деп айта алмаймыз. Дегенмен басым көпшілігінде бағдарлама бар. Мұғалімдер де жаңа жүйеге бейімделіп жатыр", – деген Асхат Аймағамбетов жоғары оқу орындарының мәселесіне де тоқталды.

"Жоғары оқу орындарына қашықтан оқыту технологиялары бұрыннан таныс. Күнде пайдаланып жүрген құралдың бірі болғандықтан, сондай қиындық туғызып жатқан жоқ. Алайда білім беру сапасына мониториг жүргізуіміз қажет. "Студенттер оқып жатыр ма, оқытушылар сабағын беріп жатыр ма? Білім сапасы қандай дәрежеде?" деген мәселелер өте маңызды. Сол себепті әрдайым мониторинг жүргіземіз. Күнделікті логиндерін алып, мұғалім немесе студенттің онлайн дәріске кіргенін қарап отырамыз", – деп министр цифрлық білім беру платформалары жеткілікті деңгейде бар екенін тілге тиек етті.

Оның айтуынша, бүгінгі күні ең бастысы цифрлық платформаларды контентпен толтыру қажет әрі ұстаздар мен білім алушылар онымен жұмыс істеуге дайын болуы керек. Ал педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курстарының жартысы онлайн форматқа ауыстырылып, жартысы кейінге шегерілген.

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу