Мырзашөлдің қауыны мен қарбызынан Ресей мен Беларусь те пайда тауып отыр

Ақжол Қараспан Ақжол Қараспан
3457

Мырзашөлдің төл өнімі саналатын  "Колхозница" аталып кеткен  сары әңгелегіне де  шет елде  сұраныс мол.

Мырзашөлдің қауыны мен қарбызынан Ресей мен Беларусь те пайда тауып отыр

Соңғы жылдары мырзашөлдіктер қауын-қарбыз өсіруде Орта Азияда көшбасында келеді. Бүкiл республикаға "ақ алтын" өсiрумен танылған Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз егумен түпкілікті айналысып келеді. Мұндағы диқандар шамамен жылына 650-700 мың тоннадан астам қауын-қарбыз  жинайды екен. Соның 450 мың тоннадайы экспортқа жол тартады. Қарап отырсаңыз, жаман көрсеткіш емес.  Пайдаға белшеден батып қалмаса да, күнкөріске кәсіптері жарап-ақ  тұр.

Мырзашөлдіктердің қауын-қарбыз өсіруді жетік меңгергені соншалық, мұнда бақша дақылдарының экспортқа жарамды неше  түрлі сұрыптары өсіріледі. Бұл да болса диқандардың сұранысқа қарай икемделіп алғанының көрінісі.

Биыл мақтааралдық диқандар 28 мың гектар жерге қауын-қарбыз егіпті. Қазірдің өзінде әр гектарына 263 центнерден өнім алуда. Аудан әкімдігінің берген мәліметіне сенсек,  мақтаралдық диқандар былтыр эскпорт пен ішкі нарықты қоса есептегенде 7,6 миллиард теңгенің қауын-қарбызын саудалапты.  Бұл қаржының 70 пайызы шет елдермен арадағы саудадан түскен.

"Ал, биыл егілген қауын-қарбыздың көлемі 1000 гектарға артық, сондықтан да өнім көлемі мен түсетін табыс былтырғыға қарағанда жоғары болады деп күтілуде. Ең бастысы – ауданымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы даму көрсеткіштері жақсарып келеді", – дейді Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Исмаилов. 

Диқаншылық құдды бір карта ойыны секілді. Бірде пайдаға белшеден батсаң, бірде тиын санап, жұмсаған шығыныңды да қайтара алмай қалуың ғажап емес. Бір жылы қауын орасан пайдаға кенелтсе, бір жылы банкрот қылуы тағы да мүмкін. Сондықтан диқандар жылдағы нарықты елеп-екшеп әрекет етіп отырады.   

"Былтырғы жылы қауын-қарбыздың бағасы көтеріңкі болды. Сондықтан бағбандардың бәрі жаппай қауын екті. Қай өнім түрі көп егілсе, сол өнім су тегін болатыны бар.  Осыны ескеріп,  алғашқы өнімдерімізді Ресейге апардық. 20 тонналық бір жүк көлігіне тиелген қауынымыз былтырғы жылы 20 млн теңгеге дейін сатылып, қыруар пайдаға кенелген болатынбыз.  Жол шығыны мен өзге де шығандарды қоса есептегенде шаруаның пайдасы жаман болған жоқ. Десек те, диқандардың көбінің  қауын-қарбызын шетелге тасымалдауға қауқары жете бермейді",  – дейді сегіз жылдан бері қауын егуді кәсіп еткен жетісайлық  Адырбек Дәуренбеков.

Мақтааралдың бау-бақша өнiмдерiнен көл-көсiр пайданы ресейлiк және беларусьтiк кәсiпкерлер де көрiп отыр. Оңтүстiктен жеткен қауын-қарбызды осы терiскейдегi көршiлер Батыс Еуропа мемлекеттерiне тасымалдайды. Бұл жерде олар алып-сатарлықтың орасан пайдасын көреді.

"Мақтааралдың қауын-қарбызына жетер қауын-қарбыз жоқ. Мұнда бұл дақылдар ерте піседі. Оның үстіне, бұл жердiң қауын-қарбызының дәмi ерекше тәтті. Сол себептi Ресей мен Беларусь елінің саудагерлері  осы жердің өнiмiне тапсырыс бередi. Тасымалдап жеткізіп берсең,  таласып-тармасып алып жатады", – дейдi қазақстандық кәсіпкер Бахтияр Тутамғалиев.  

Жалпы,  Орта Азияда қауын-қарбыз егумен айналысатын елдер аз емес. Айталық, Түркiменстан, Тәжiкстан және Өзбекстан елдерi бақша дақылдарын өсiрумен бұрыннан айналысады. Алайда олар қауын-қарбызды экспорттап жатқан жоқ. Сондықтан Мақтаарал ауданының шаруалары кедендiк кедергiлердiң болмауының арқасында өнiмдерiн Ресей мен Белоруссияға оңай экспорттауда. Толағай табыстың бір сыры осында жатса керек.

Биыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 53,4 мың гектар жерге бақша дақылдары егілген. Оның 32 мың гектарында қауын дақылы өсірілсе, 21 мың гектары қарбызға алқабына тиесілі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы маман­дарының болжамынша, биыл да аймақ диқандары 1 млн. тоннаға жуық қауын-қарбыз жинап, көл-көсір өнімге қарық болмақ.

Ақжол Қараспан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу