Нан бағасын көтерген бизнесмендерді жазалау басталады

9574

"Ас атасы" нан құнын қымбаттатқан 49 кәсіпорын әшкереленді. 

Нан бағасын көтерген бизнесмендерді жазалау басталады

Кейінгі кезде әлеуметтік желілерде нан бағасының күрт көтеріліп жатқаны талқылануда. Осыған орай "бүгінде ұн өндіруші диірмендер мен наубайханалардың тариф саясаты Үкімет тарапынан бақылауға алынып отыр ма? Егер олардың баға өсіру бойынша өзара ымыраласқаны анықталса, қандай шаралар қабылданады, әлде мемлекет бәрін бәсекелі ортаға тапсырып, нарықты қадағалаусыз қалдырды ма деген сауалдар тууда.  

Бұл сұрақтарға ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов жауап берді.

Бас экономист Үкіметтің "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, бірінші сұрыпты бидай ұны және 1-ші сұрыпты ұннан жасалған бидай наны әлеуметтік маңызды тамақ түрлері қатарына жатқызылғанын ескертті.

Тиісінше, олардың көп қымбаттауына билік жол бере алмайды.

Тәртіп бойынша жергілікті әкімдіктердің әрқайсысы жыл сайын өз өңіріндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бөлшек саудадағы бағасының "шекті шамасын" бекітеді. Оны бизнесмендер "сигналдық қызыл жалауша" атайды. Биылдан бастап, әкімдер бұған Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министрлігінің келісімін алуға міндетті.

"Егер ӘМАТ-тардың нарықтағы бөлшек саудадағы бағалары сол шекті шамадан асып кетсе, әкімдіктер 90 күннен аспайтын мерзімге "бөлшек сауда бағаларының рұқсат етілген жоғарғы мөлшерін" бекітеді. Бағалары одан артып кеткендердің барлығы әкімшілік жазаға тартылады", – дейді Руслан Дәленов.

Қазіргі заңнама жергілікті билікке нарықты тіпті "қолмен реттеуге" рұқсат ететін көрінеді.   

"Заңнама жергілікті атқарушы органдардың ӘМАТ бағаларын уақытша реттеуді енгізуі мүмкіндігін де қарастырады. Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі монополияға қарсы заңнаманың сақталуына бақылауды жүзеге асырады. Ал заң бойынша нарық қатысушыларына бағаны қымбаттату бойынша ымыраласуға, үстем немесе монополиялы жағдайын теріс пайдалануға, сондай-ақ адал емес бәсекелестікке тыйым салады. Бірақ антимонополиялық бақылау баға қымбатшылығына тосқауыл қою құралы болмайды", – деді ведомство басшысы.

Ол бүгінде ұн мен нан бағасы шынымен қымбаттап жатқанын растады.

Министрліктің статистика комитетінің дерегінше, жыл басынан бастап, қазан айының соңына дейінгі аралықта ұн бағасы 22,8%-ға көтерілген. Ал нан бағасы былтырғыдан 11,3%-ға өсіп кетіпті.

Экономика министрі бұған биыл егін шығымдылығының төмен болуы кесірінен бидай бағасының жоғарылауын айыпты санайды. Осының алдында Үкіметте биыл құрғақшылық салдарынан Қазақстанның 2 млн тонна астық жоғалтқаны жария етілген болатын.

Ақыр соңында осы үшін билік бизнесті қыспаққа алуда. Ұлттық экономика министрлігінің бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті іс-қимылға кірісті. Комитет егер нарықтағы ойыншылардың, яғни кәсіпкерлердің қызметінде Қазақстан заңнамасын бұзу белгілері анықталса, "монополияға қарсы ден қою шаралары" қабылданатынын, қарапайым тілмен айтсақ, ескерту жасалып, тергеу жүргізілетінін қаперге салды.  

Комитет жақында ұн мен әлеуметтік нанды өндірушілерге "бәсекені қорғау саласында бұзушылықтар белгілерінің барлығы туралы" 49 хабарландыру қағазын жолдаған. Егер бағасын төмендетпесе, "қымбаттату бойынша ымыраласты" деп қудалануы ықтимал.

Ақпарат құралдары және ғаламтор арқылы нан бағасын көтеруге мәжбүр екені жөнінде мәлімдеме жасаған тағы 7 бизнесменге комитет олай жасамағандарың жөн деген сыңайда ескертпе бағыттапты. Егер 10 күн ішінде түзелмесе, осы кәсіпкерлердің барлығына қатысты тергеу басталады.   

Министр Руслан Дәленов өз жауабында бәсекелестікті қорғау саласындағы заңды бұзған нарық қатысушылары айыппұл түріндегі әкімшілік жазаға тартылатынын, ал жекелеген жағдайларда, атап айтқанда, егер олардың өзара келісіп баға көтергені әшкереленсе, кәсіпкерліктің тапқан табысының 3-тен 5%-ға дейінгі көлемі тәркіленетінін еске салды.

Бүгінде еліміз бойынша ірі 9 ұн мен әлеуметтік нан өндіруші комитет ескертпесіне құлақ асып, өз бетімен бағаларын бұрынғы қалпына дейін төмендеткені белгілі болды. Қалғандарын иліктіру жұмыстары жалғастырылуда.

Сарапшылар жағдайға бизнесмендер емес, Үкіметтің өзі кінәлі деген пікір айтады. Олардың байламынша, мәселе нан бағасының қымбаттағанында емес, халықтың әл-ауқаты мен табысының тым төмен болуында.

"Мен-ақ жаманатты көрінейін, бірақ маза бермей жүрген бір ойды айтқым келеді. Жаңалықтардан "Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев нан бағасының өсуіне жол бермеу үшін жұмыс тобын құрды", "Ақмола облысының билігі нан бағасын ұстап тұруға уәде етті", "СҚО-да әлеуметтік нан бағасы көтерілмейтін болды" дегенді оқисың. Бар жерде аймақ әкімдері нан құнын қымбаттатпау үшін ерен ерлік жасап, орасан күш жұмсауда. Нағыз әлеуметтік суперқаһармандар. Алайда егер шамалы ойданатын болсақ,"біз шынымен де нарықтық экономикада өмір сүріп отырмыз ба, егер солай болса, атқарушы биліктің бизнестің баға қалыптастыруына араласуы нонсенс емес пе деген сұрақ туады. Біз мұны КСРО кезінде бастан өткердік емес пе?", – дейді қоғам белсендісі, заңгер, белгілі блогер Аида Жексен.

Ол АҚШ-та болғанда гидтерден "Америкада әлеуметтік маңызды азық-түлік бағасын губернаторлар бақылай ма?" деп сұрағанын еске түсірді. Олар қазақстандықтың өздерінен не білгісі келіп тұрғанын түсінбепті. Тек ашып айтқаннан кейін ғана таңданыстарын жасырмаған және билік бизнестің ісіне араласа алмайтынын жеткізген.

Дамыған елдерде мемлекет жағдайы кедейшілік шегінен төмен адамдарға тамақ алуы үшін талон және жәрдемақы береді. Мәселен, Құрама штаттарда жылына орташа есеппен 50 мың доллардан аз табыс табатындар осындай көмектен үміттене алады. Әрине, әр штатта бұл меже әртүрлі. Мәселен, голливудтық жұлдыздар тұратын Калифорния штатында табысы жылына 100 мың доллардан кем адамдарға жәрдемақы мен талон беріледі.   

"Онда неге бізде бәрі керісінше? Қазақстан халқының кедей екенін, "кірпіш" нан арқылы тіршілік етіп отырғанын мойындау және азаматтар табысын арттыруға кірісу орнына мемлекетке салық төлеп отырған, өз бетінше табыс табуға тырысқан кәсіпкерлерге бар жүктемені арта салуға тырысады", – дейді Аида Жексен.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу