Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Азия чемпионы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3055

Күрес түрлерінен Азия чемпионатының бірінші күні қоржынымызға төрт медаль түсті.

Нұрқожа Қайпанов – еркін күрестен Азия чемпионы

Күрес түрлерінен Қытайда өтіп жатқан құрлық біріншілігі қазақ балуандары үшін табысты болды. Бес салмақ дәрежесіндегі белдесулерден төрт жүлде бұйырды – 1 алтын, 1 күміс және 2 қола. 70 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұрқожа Қайпанов мерейімізді тасытып, алтынмен апталды.

Нұрқожа Қайпанов әуелі Ирак балуаны Карам Шахир Махмудты жолынан тайдырды. Ширек финалда Түрікменстан тарланы Батыр Боржаковтан басым түсті (11:0). Жартылай финалда Иран үміті Алиакбар Емамишогаеиден де айласын асырды (12:2). Финалда жапон жігіті Коджиро Шиганы 9:0 есебімен ұтты.

65 келі салмақта белдескен Саятбек Оқасов күміс медаль олжалады. Ол алғашқы белдесуінде Бахрейн балуаны Хаджы Мохаммад Әлиді тізе бүктірді (9:1). Ширек финалда қырғыз Ерназар Ахметалиевтен үстем түсті (10:0). Жартылай финалда Корея қыраны Ханг Сонг Киммен өткен тартысты белдесуде де бағы жанды (4:4). Алайда финалда Үндістан үміті Бажрангке есе жіберіп алды – 7:12.

79 келіде бақ сынаған Ғалымжан Өсербаевқа бұйырғаны қола жүлде болды. Ол 1/8-финалында тәжік Азамжон Юсуповты жеңді (10:0). Одан кейін өзбек Нодирбек Егамбердиевті жүлдесіз қалдырды (8:0). Өкінішке қарай, жартылай финалда Үндістан балуаны Парвен Ранаға есе жіберіп алды (2:3). Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде жапон Юта Абеден басым түсті (6:0).

97 келі салмақта күрескен Әлішер Ерғали да үшінші орынға ие болды. Ол боз кілемге ширек финалдан бастап шығып, Оңтүстік Кореядан келген Мин Во Сеоны ұтты (6:2). Алайда жартылай финалда Иран саңлағы Реза Әли Язданиден ұтылып қалды (3:9). Ал қола жүлде үшін өткен белдесуде Қырғызстан қыраны Магомед Мусаевтан басым түсті (6:2).

Өкінішке қарай, 57 келі салмақ дәрежесінде сенім артқан балуанымыз Мейрамбек Қартбай алғашқы белдесуінде-ақ жеңіліске ұшырады. Атап айтқанда, Үндістан өкілі Кумар Равиге есе жіберіп алды (4:9). Қарсыласы ширек финалда ұтылып қалып, үшінші орын үшін белесу құқы да бұйырмады.

Бүгін еркін күрес шеберлері 61, 74, 86, 92 және 125 келі салмақ дәрежелерінде белдесіп, тағы да бес медаль жиынтығын сарапқа салады. Әсет Серікбаев жаттықтыратын жігіттеріміз бүгін де сенім үдесінен шығып, отандастарын қуантады деп үміттенеміз. Азия чемпионаты 28 сәуірге дейін созылады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу