Одессаның әзілімен, Астананың айбынымен – Еурододаға!

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2711

"Астана" футбол клубы бас бапкерлік тізгінін Украина маманы Роман Григорчукке ұстатты.

Одессаның әзілімен, Астананың айбынымен – Еурододаға!

Қазақ қалай тауып айтады. "Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды" дейді. "Роман Григорчук елорда клубына бас бапкер болады" деген сөз Сарыарқа төсінде сарышұнақ аяз сақылдап, қасат қардың көбесі сөгілмей тұрғанда-ақ "бұрқ" ете қалған. Бірақ желдей ескен бұл сөздер ресми түрде мәлімденбей, дақпырт күйінде қалған...

Енді, міне, "Астана" футбол клубының президенті Саян Хамитжанов мұның бәрін рет-ретімен өзі айтып шықты.

"Жыл басында Станимир Стойлов Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне ауысып, біз сол кезден бастап білікті маман іздей бастадық. Әрі Роман Григорчукті таңдадық. Сол кезде-ақ біз онымен келісіп, сөз байластық. Әрине, біз оның команда тізгінін ертерек ұстағанын қалап едік. Бірақ Григорчуктің Әзірбайжан клубымен келісімшарты болды. Сондықтан біраз күтуге тура келді. Содан Григорий Бабаянмен бәтуаласып, бас бапкер қызметін уақытша атқара тұруына мүмкіндік бердік. Бірден айтайын, Бабаян клубта қалады, Григорчуктің оң қолы болады", – деді клуб президенті.

Саян Хамтжанов бұдан әрі неліктен дәл осы Украина маманы Роман Григорчукті таңдағандарына егжей-тегжей тоқталды. Біріншіден, оның бір емес, бірнеше клубпен Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққанына қызыққан. Екіншіден, оның бірнеше елде еңбек етіп, сол мемлекеттердің бәріне де және олардың мәдениеттеріне тез бейімделіп кеткендігін ескерген. Үшіншіден, ол – орыс тілді маман, тіл табысулары оңай. Төртіншіден, соңғы қызмет еткен жері – Әзірбайжан, яғни түркі тілді, мұсылман ел. Яғни діліміз де ұқсас. Осының бәрін саралап шығып, "Григорчукпен ерен жетістіктерге қол жеткізуге болады" деген ойға тоқталған. Әрі әзірше екі жылға келісімшартқа отырыпты. Клуб президенті "әрі қарай көре жатамыз" деп, бәрін де уақыттың еншісіне "ноқталап" қойды...

Ал Роман Григорчук ақжарқын, жайдары, ашық адам сияқты. Украинадағы Ивано-Франковск облысында туса да, Одессада төрт жыл еңбек еткен. Содан ба, әзіл-қалжыңға "қаражаяу" емес секілді. Ой-пікірін кең мазмұнды қамтитын жарасымды әзілмен кестелегенді, тұспалдап өткенді қалайтындай. Өз түсінігі мен пайымын эмоциялық бояуы басым сөздермен жанамалай жеткізеді. Мәселен, "Әзірбайжан тарапы "Габаладан" кетуіңізге "Астананың" қомақты қаржы ұсынуы себеп болды, – деп байбалам салды ғой" деген сауалға, "Бәрі де қаражатқа тіреліп тұрған жоқ, әрине. Әйтсе де, ақшаның шексіз құдыретін қалай бағаласақ екен? Бәрі де түсінікті, дұрыс. Асырау сілтеушілік жоққа тән", – деді...

"Мақсат – барлық ойында, барлық жерде жеңіске жету! Үнемі жеңу, жетіле түсу! "Астана" – ойын өрнегі қалыптасқан команда. Сондықтан оны бұзып, түбегейлі өзгеріс енгізу дұрыс емес. Бірақ түзейтін тұстары бар. Мен тек жетілдіре түсуге тырсамын. Мінсіз ештеңе болмайды. Команданың ойын үлгісін ширата түсуге талпынамыз. Мен де, команда да күн сайын шыңдала беруіміз керек. Бұл команда сапындағы ойыншылар мен бапкерлер құрамына да қатысты. Келе сала, өзгертулер енгізбеймін. Бәрімен де біраз жұмыс істеп көремін. Бәрін де іс жүзінде байқап көремін. Содан кейін көре жатамыз. Дәл қазір "үш шепті нығайту керек" деген мағұлмат алып отырмын. Оған да көз жеткізгім келеді. Биылдан бастап Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу қиындай түсті. Әйтсе де, талпынамыз, тырысамыз", – дейді Роман Григорчук.

Ендеше, іске сәт, жаңа бапкер. "Астана" – Қазақ елі жанкүйерлерін Еурокубок додаларындағы ерен жетістіктеріне елеңдетіп және дағдыландырып қойған команда. Станимир Стойлов елорда клубымен үш жыл қатарынан Еуролигалардың топтық кезеңіне шығып, жоғары меже "қойып" кеткен. Одан төмен түссеңіз, атыңызға сын...

ДЕРЕКТЕМЕ

Роман Иосифович ГРИГОРЧУК

Туған күні: 22/03/1965

Азаматтығы: Украина

Бапкерлік лицензиясы: PRO UEFA

Футболшы ретіндегі еңбек жолы: 

1988 – 2000 жылдары ойнаған клубтары: "Прикарпатье" (Ивано-Франковск), "Санкт-Пельтен" (Австрия), "Петрохимия" (Польша), "Сатурн" (Раменск, Ресей), "Кривбасс" (Украина), "Динабург" (Латвия)

Бапкерлік еңбек жолы:

1999-2005 жж: "Динабург" (Латвия)

2005-2009 жж: "Венстпилс" (Латвия)

2009-2010 жж: "Металлург" (Запорожье, Украина)

2010-2014 жж: "Черноморец" (Одесса, Украина)

2014-2018 жж: "Габала" (Әзірбайжан)

Жетістіктері:

2006, 2007, 2008 жж: Латвия чемпионы

2005, 2007 жж: Латвия кубогының иегері

2006, 2007, 2008 жж: Латвияның үздік бапкері

2012/13 ж.м.: Украина кубогының финалына шыққан

2012/13 ж.м.: Украинаның үздік бапкері

2014/15, 2015/16 жж: Әзірбайжан чемпионатының қола жүлдегері

2016/17, 2017/18 жж: Әзірбайжан чемпионатының күміс жүлдегері

2016/17, 2017/18 жж: Әзірбайжан кубогының финалына шыққан

2015/16 ж.м.: Әзірбайжанның үздік бапкері

УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққан жылдары:

2009/10 ж.м.: "Вентспилс" (Латвия)

2013/14 ж.м.: "Черноморец" (Одесса, Украина)

2015/16, 2016/17 жж: "Габала" (Әзірбайжан)

2013/2014 жылдар маусымында "Чернаморец" (Одесса) клубымен УЕФА Еуропа лигасының 1/16-финалына жолдама алған

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу