Офшордағы қазақ капиталының құтын қашырмау керек

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
3901

Сыртқа кеткен капиталға кешірім жасау науқанының үшінші маусымы  алдыңғыларына қарағанда барынша ізгілендірілген заңдық сипатқа ие болғалы тұр. 

Офшордағы қазақ капиталының құтын қашырмау керек

Отандастарымыздың офшордағы ақшасын Қазақстанға қайтару мәселесі оқтын-оқтын көтеріліп жүр. Тіпті осыған қатысты заң әзірлеу бастамасы да күн тәртібінде тұр. Ал заңгерлер сыртта жатқан қаржыны заңмен немесе мәжбүрлеп қайтару мүмкін емес екенін алға тартуда. Себебі үкімет бұл іске үшінші рет қадам жасаса да, әзірше нақты нәтиже жоқ.

Заңгер Ғалымжан Жайлиннің айтуынша, 2015 жылдары тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде офшорлық аймақ ашу ұсынылған. Осындай аймақты Қазақстанда ашу бастамасын қолдағандардың қарасы көп болған. Бірақ іс жетер жеріне жетпей, тұйыққа тіреліп қалған. Өйткені біздегі арнайы экономикалық аймақтар офшорлық аймаққа балама болатын құрылым ретінде құрылмаған. Деофшоризациялауға жету үшін ең алдымен қолданыстағы заң қайта қаралып, қажетті тұстарына түзету енгізілуі тиіс болған, алайда бізде бұл жасалмаған.

"Қазақстанда офшор туралы заң жобасын дайындауға кіріспестен бұрын, осыған қатысты заң қабылдаған елдердің тәжірибесін зерттеу қажет. Бұл қызметті Ұлттық банкке немесе үкіметке сілтей салуға болмайды.  Жауапкершілік нақты бір құрылымға жүктеліп, оның құзіреті күшейтілуі керек", – деді Ғалымжан Жайлин.

Заңгердің мәлімдеуінше, қазір көптеген мемлекеттер офшорға қатысты ұстанымынан бас тартып, компромистік шешім қабылдауға ниет танытып жатыр. Өйткені олар офшордағы қаржыны үркітіп алудан қорқады.  

"Мысалы, Ресей Федерациясы мәжбүрлі түрде деофшоризациялау үрдісін жылдамдатуға болмайтынын ескертіп, процесті  біршама жеңілдетті. Бұл туралы қазан айында  Ресейдің бірінші вице-премьері Игорь Шувалов президент Владимир  Путинге мәлімдеді. Айта кетейік, биыл наурыз айында ресейліктер деофшоризациялаудың тиімді тәсілдерін мемлекеттік думада  талқылады. Сол кезде офшордағы қазынасының сырын ашқысы келмеген компанияларға 30%  салық салу туралы мәселе көтерілді. Бізге бір елдің тәжірибесін тұтастай көшіріп, сонымен шектеліп қалуға болмайды. Қажет болса, АҚШ-тың тәжірибесін де қолдану керек. Себебі АҚШ үкіметі офшорлық  юрисдикциялармен ақпарат алмасу туралы келісімге қол жеткізу үшін біраз жұмыс атқарды. Бізде бұл мәселе әлі талқылау деңгейінде. Алдағы уақытта қазақ үкіметі арнайы комиссия құрып, офшорға деген тәуелділік деңгейін төмендетуге қол жеткізетін шешім қабылдайды деп үміттенеміз", – деді заңгер Ғалымжан Жайлин.

Ол елімізде офшор туралы заң қабылданса шенеуніктер мен кәсіпкерлердің сырттағы активтеріне қауіп төнетінін айтты.

"Қазақстан офшордағы қаржының қылмыстық немесе заңсыз жолмен табылғанын дәлелдейтін айғақ ұсынса да, қаржы офшорда қала беруі мүмкін. Бірақ бұл түпкілікті жеңіс емес. Себебі Кипр тәжірибесі қаржылық дағдарыс кезінде немесе төтенше жағдайда қапиталдың заңды жолмен табылғанын дәлелдейтін айғақтың  құны көк тиын болып қалатынын көрсетті",  – деді Ғалымжан Жайлин.

Экономист Ерлан Ибрагим деофшоризация экономикалық сипатынан әлдеқашан айырылып қалғанын, қазір саяси түрде ынталандыруға басымдық беріліп жатқанын айтады. Бұл ТМД-ға ғана емес, бүкіл әлемге тән нәрсе екен.

"Қазір Ресей бизнесмендері үшін  барынша тартымды салық алымдары күшіне енген.  Дәулетті адамдар түскен пайдасының тек 13%-ын ғана салық ретіне төлейді. Бұған қоса өзге елдерде өмір сүріп жатқан ресейлік бизнесмендер  Ресейдегі бизнесін тұрған елдерінде жүріп бақылай береді", – деді Ерлан Ибрагим.

Қаржыгер Ілияс Исаев деофшоризация ұлттық агенттігін құру туралы бастама өзін-өзі ақтамауы мүмкін деп қауіптенеді.

"Жаңа заң жобасын талқылаған кезде офшордан капиталды қалай алып шығамыз, қазақ жерінде ақша тауып, пайдасын офшорда жасырып отырған компанияларың жұмысын тоқтату керек пе деген мәселемен шектеліп қалуға болмайды. Ал офшордан қайтарылған қаржымен инвестициялық ахуалды жақсартамыз деген байлам ақылды шешім емес. Офшордан келген ақша экономикаға мультипликативті түрде ғана әсер етуі тиіс. Офшордан қайтқан қаржы шетелдік инвестиция ретінде қабылданса, оның кері кетуі оңай болады", – деді Ілияс Исаев.

Ол Қазақстанда қаржы нарығын дамыта алмасақ, деофшоризацияның тиімділігі аз болатынын баяндады.

"Бiз ұлттық қордағы қаражатты сақтауымыз керек, бізге резерв қажет. Сонымен қатар экономиканы офшоризациялаумен қатар мемлекеттік басқару жүйесінде, әсіресе құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың ықпалын әлсіретуге күш жұмсалуы тиіс. Мемлекеттік тендерді автоматтандыру немесе  цифлы жүйеге көшіру бұл процесті жеңілдетеді. Біз қаржылық бақылауды ретке келтіру арқылы макроэкономикалық саясатты қайта құруға қол жеткіземіз", – деді қаржыгер.

Оның ойынша, офшордан келген капиталды көзге шұқи беруге болмайды. Керісінше Ресейдегі тәрізді жеңілдік қарастыру жағына назар аударған жөн.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев аталмыш заң келер жылы қабылданса да, офшорға тығылған ақшаның бірден қайтпайтынын алға тартты.  Ол бұл мәселе Қазақстан үшін бірнеше ондаған жылдарға созылуы мүмкін екенін баяндап, қалай болғанда да істі кешеуілдетуге болмайтынын айтты.

"Бұрын біз көлеңкелі бизнес, көлеңкелі экономика тек ел шеңберінде  деп келдік.  Қазір ол мемлекетаралық деңгейге жетті. Шетелдік басылымдар америкалық BNY Mellon банкі ҚР Ұлттық қорының 22 млрд  долларын бұғаттап тастағанын жазды.  Бұған Молдова кәсіпкері Анатолий Стэти мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің  үстінен түсірген шағымы себеп болды. Бұғатталған қаржы көлемі ҚР Ұлттық қорының 40%-ын құрайды. Осыған дейін Еуропада Қазақстанға тиесілі компаниялардың акциялары ұсталған.  Кейін Амстердам соты сол банктің голландиядағы филиалына ҚР Ұлттық қорының қаржысын қайтарып алуға рұқсат берді", – деді Досым Сәтпаев.

Сөз арасында саясаттанушы Қазақстанның ҚХР, РФ сынды мемлекеттермен сауда айналымында да көлеңкелі тұстар қылаң беріп жүргеніне алаңдаушылық білдірді.

"Қазір шетелдегі дипломатиялық корпустарымызда инвестициямен айналысатын арнайы штат ашу мәселесі көтеріліп жатыр. Бұл дұрыс шешім. Себебі офшордағы қазақ капиталына қатысты дау шықса, ол тек бізге емес, стратегиялық байланыс орнатқан елдердің де имиджіне кері әсер етеді. Сондықтан заң қабылдардың алдында қаржылық қадағалаумен айналысатын мемлекеттік құрылымдардың өкілеттілігін көтеру керек", – деп түйді ойын Досым Сәтпаев.    

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу