ОПЕК пен Ресей жасаған келісім Америкаға тиімді болып шықты

3568

Мұнай бағасы 57 долларға дейін түсуі мүмкін

ОПЕК пен Ресей жасаған келісім Америкаға тиімді болып шықты

Былтырғы жылдың басында әлемнің 24 елі (ОПЕК, Ресей және т.б. мемлекеттер) мұнай бағасын көтеру үшін өндірісті қысқартуға келіскенді. Бірақ, сол пәтуа АҚШ-қа да қызмет етіп, 1-2 жылда өз күшін мүлде жоюы да ғажап емес.

Бүгін Нидерландтың алып қаржы конгломераты - ING Groep NV өкілдері мәлімдегендей, Құрама Штаттар Азияға мұнай экспортын молайтып, "қара алтынның" құнын 60 доллардан төмендетуге жақындап отыр. Осы банктің шикі тауарлар жөніндегі стратегі Уоррен Паттерсонның пікірінше, ОПЕК 2017 жылы өндірісті кемітіп, нарықты артық отыннан арылтып, мұнай бағасын өсіру мақсатына жетті. Соның нәтижесінде, әлемдегі мұнайдың жартысынан астамының құнын көрсететін Brent Лондон биржасында бүгін 65 доллар 45 центке сатылды. Ал, былтыр маусымда оның бағасы 45 долларға әрең жеткен еді. Яғни, содан бері бұл марка 40 пайызға қымбаттап отыр.

ING Groep NV компаниясының болжамынша, 2018 жылдың екінші жартысында мұнай бағасы 57 долларға дейін түсуі мүмкін. Өйткені, Америкада бұл шикізатты тақтатастан өндіретін компаниялар қанша жерден "тәртіпті" болуға тырысса да, олар дүниежүзілік бағаның шарықтауынан әрі қарай шабыттанбауы мүмкін емес. "Біз қысқа мерзімдік саудада бағаның 60 доллардан төмендегенін көруіміз керек. Сонда ғана америкалық өндірушілердің ынтасы төмендемек", – дейді "Блумберг" агенттігіне берген сұхбатында голландиялық банк өкілі Паттерсон мырза. 

АҚШ Саудияны басып озып, №2-ші өндірушіге айналды

АҚШ-та өндіріс қарқын алып тұрғанда, бұл мемлекеттен Таяу Шығыстың дәстүрлі клиенті – Үндістанға энергетикалық шикізат экспорты бұрынғыдан арта түспек.

Royal Bank of Canada, Goldman Sachs Group Inc., BMI Research және Societe Generale SA тәрізді банк сарапшыларының ойынша, әлемде мұнайға сұраныс күшті болып тұрғанда, Құрама Штаттардағы өндірістің қарқынына алаңдау негізсіз. Бірақ, Паттерсонның бұл пікірдің дұрыстығына күмәні бар. Өйткені, қазір АҚШ-та тәулігіне 10 миллион баррель мұнай шығарылады. Бұл – 1970 жылдан бергі рекордтық көрсеткіш. Сонымен қатар, елдің қоймалары шетелден келген шикізаттпен күн өткен сайын толығып жатыр. Және де Американың күндік экспорты соңғы жарты жылда екі есеге артып, орта есеппен 1 жарым миллион баррелге жетті. Ал, елдің энергетикалық компаниялары бұрғылау мұнараларының санын төрт данаға кемітіп, 796-ға дейін түсірді. Бірақ, одан өндіріс қарқыны бәсеңдей қойған жоқ.

Бүгінде Құрама Штаттар мұнай өндіруден Сауд Арабиясын басып озып, Ресейден кейінгі екінші орында тұр.

Таяу Шығыс Азия нарығынан айрылуға жақын
Британияның Wood Mackenzie Ltd. ғаламдық энергетика, химия, кен орындары бизнесін зерттеу компаниясы кеңесшілерінің сөзінше, ОПЕК Құрама Штаттардан сақтануы керек. Себебі, қазір америкалық компаниялар әлемнің өзге аймақтарына қарағанда, мұнайды көбірек тұтынатын Азияның үлкен бір бөлшегін "ұрлап алуға" ниетті.

Болжамдарға қарағанда, АҚШ-тың шетелге жіберетін мұнайының көлемі 2020 жылдың ортасына қарай тәулігіне 4 миллион баррелге жуықтауы ықтимал.

Бірақ, Паттерсонның сөзінше, "Таяу Шығыс Азия нарығын қолдан бермек емес. Дегенмен, қанша тырысса да, Азия оның уысынан шығып кететін тәрізді. Әрине, әлі ресми келісім жасалар, бірақ 2019 жылға жеткеннен кейін ол келісімді көрмеуіміз де мүмкін".

Ресей мен ОПЕК жасаған пәтуаның мерзімі қашан аяқталатыны әзірге белгісіз. Бірақ, Иранның мұнай министрі Бижан Занганенің сөзінше, ОПЕК биыл маусымда өтетін сессиясында мұнай өндірісіне қойылған шектеулерлерді жеңілдетуге уағдаласуы мүмкін.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу