OPIQ.KZ – қазақстандық оқушылардың электрондық портфелі

14648

Бұл платформаны мектептер үшін толыққанды цифрлық портфель  деуге болады. 

OPIQ.KZ – қазақстандық оқушылардың электрондық портфелі

Қазақстандық OPIQ.KZ - электрондық оқулықтар платформасы. Бұл платформаны мектептер үшін толыққанды цифрлық портфель  деуге болады.

ЮНЕСКО-ның мәліметтеріне сүйенсек, коронавирусқа қарсы күрес барысында дүниежүзінде 1,5 миллиардтан астам оқушы (шамамен барлық оқушының 87%) мектепсіз қалды. Бұл жағдайда электронды оқыту дегеніміз білім берудің ажырамас бөлігіне айналды.

Қазақстандық мұғалімдер, мектеп оқушылары мен ата-аналар алғашқы кезде кенеттен жарияланған карантиннен және білім берудің қашықтықтан оқыту жүйесіне көшкенінен абдырап қалды. Қашықтықтан интернеттің көмегімен қалай оқыту керектігі жайында мұғалімдер мен ата-аналарда алғашқы кезде түсінік те болмағаны құпия емес. "Оқу материалы қалай ұсынылады?", "Бақылау қалай жүргізіледі?", "Балаларды оқуға қалай ынталандырамыз?" деген сұрақтар толғандырды. Бірнеше ай бұрын мұғалімдер электрондық оқулықтарды күнделікті жұмысында пайдалану туралы ойланбаған болса, бүгінде ұстаздардың көпшілігі жаңа құралдарға сүйенуге мәжбүр.

Қазақстанда білім беру саласына қатысты бірнеше электронды платформа бар,  электронды күнделік, үйде оқуға арналған түрлі қосымша сайттар жұмыс істейді. Іске қосылған күннен бастап OPIQ.KZ платформасы мұғалімдер мен оқушылар тарапынан бірден қолдау тапты.

OPIQ.KZ – эстондық және қазақстандық баспалардың бірлескен өнімі. Эстония – Еуропалық Одақта цифрландыру бойынша көшбасшы мемлекет.

PISA (Халықаралық оқушыларды бағалау бағдарламасы) сияқты беделді зерттеулерге сүйенсек, Эстония жаратылыстану ғылымдары бойынша  бірінші,  ал математикадан Жапониядан кейін екінші орында тұр. Эстония мектептерінде алғашқы ақпараттандыру өткен ғасырдың 90-шы жылдары басталыпты.  1997 жылы мектептерді интернетке қосу жобасы жасалып,  2006 жылы толықтай жүзеге асырылды.

Аталған мемлекетте 2002 жылдан бері "e-School" жүйесі жұмыс істейді, оның көмегімен білім саласындағы кез келген ақпаратқа оңай қол жеткізуге болады.  Электрондық оқулықтар Opiq бірыңғай білім беру платформасына, яғни  барлық пәндер бойынша 1-12 сыныптарға арналған "Оқу материалдарының кітапханасына" біріктірілген.  Эстондық білім беру технологиялары бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Финляндия мен Сингапурде де енгізіліп жатыр.

OPIQ.KZ платформасы Қазақстанда 2 жылдан бері жұмыс істеуде.  2018–2019 оқу жылында OPIQ.KZ платформасындағы электрондық оқулықтар еліміздің бес облысында орналасқан 12 мектепте сынақтан өтті. Апробацияға 350 мұғалім мен мыңнан астам оқушы қатысты. Интерфейс, функционалдылық, керекті ақпаратты табу және порталдың кері байланысын ұйымдастыру жұмысы Эстонияның платформасына ұқсас. Болашақта платформаның функционалдығын кеңейту жоспарлануда, мысалы, интернет болмаған кезде қажет болатын офлайн режімін енгізу қарастырылуда.

Бүгінгі таңда OPIQ.KZ порталында бірнеше баспаның ("Aлматыкітап баспасы", "АрманПВ" және "Edu Stream")  қазақ және орыс тілдеріндегі 75 оқулығы орналастырылған.

"Әзірге платформада Қазақстан мектептерінде қолданылатын оқулықтардың барлығы бірдей ұсынылған жоқ, өйткені басқа баспалардан жарық көрген оқулықтар цифрландырылмаған", – дейді "Алматыкітап баспасының" директорлар кеңесінің төрайымы Элеонора Баталова. Баспагер ханымның айтуынша, Эстонияның Білім министрлігі барлық оқулықтың бір web-платформада орналастырылуын қадағалаған,  ал азаматтардың электронды платформаны пайдалану ақысын Үкімет өз мойнына алған. Мұндай саясат мемлекетке де, баспагер де, оқушы мен мұғалімге де тиімді болып шықты.

Қазақстанда бұл порталдың аналогі жоқ, өйткені мұнда оқуға арналған жеке тақырыптар емес, оқулықтар  салынған. Ақпарат құрылымдалған, мәтіндері қабылдауға оңай, балалар мен мұғалімдерге материалды қайта өңдеп жатудың қажеті жоқ. OPIQ.KZ платформасындағы цифрландырылған оқулық – мектептің оқу жоспарына толық сәйкес келетін, бейнежазба, аудиожазба және интербелсенді тапсырмалармен жабдықталған оқулық. Бір сөзбен айтқанда, ол қағаз оқулық сияқты, бірақ ақпарат көлемі анағұрлым көп.

Электрондық оқулық бейімділігі әртүрлі балаларға да өте ыңғайлы. Егер оқушы ақпаратты есту арқылы қабылдауға бейім болса, онда ол аудиожазбаны тыңдайды, немесе, керісінше, көзбен көре отырып жақсырақ қабылдаса, мұғалімнің бейнематериалын немесе таныстырылымын көреді.

"Цифрлық білім беру ресурстары қатарында түрлі тестілер, курстар мен видеочаттар бар. Әрине, құптарлық жайт, алайда бір нәрсені мықтап есте сақтауымыз керек. Мұғалім сыныпқа кіргенде, оның қолында не болады? Сабақ кезінде оқушылардың партасында не жатады? Дұрыс, партада Білім және ғылым министрлігі бекіткен оқулық жатады. Бұл – сабақтағы негізгі жұмыс құралы. Біздің платформамыз оқу материалдары оқулықтан алынған портфель болғанын қалаймыз", – дейді Э. Баталова.

Соңғы айларда тұрақты пайдаланушылар саны екі есеге артып, бүгінде миллионнан асты! Егер өнім нашар болса, мұндай көрсеткіштерге жету мүмкін  болмас еді. Миллиондаған қолданушы тек жақсы дүниеге ұмтылатыны құпия емес қой.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу