Қашықтықтан оқытудың жаңа форматы қандай болады?

14123

Министр төтенше жағдайға байланысты білім беру жүйесіндегі өзгерістерді түсіндіреді. 

Қашықтықтан оқытудың жаңа форматы қандай болады?

 

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов төтенше жағдай кезінде қашықтан білім берудің жаңа форматының негізгі нәтижелері жайлы сөз қозғап, көпшіліктің көкейінде жүрген бірқатар мәселеге тоқталды. Соның бірі "Күнделік" ақпараттық жүйесінде болған кемшіліктер.

Министрдің айтуынша, танымал платформада бүгін 32 млн сессия жүргізілген.

"Қашықтан оқу форматына толық көштік. Бүгін 3,2 млн бала білім алуға кірісті. Көпшілігі интернет, теледидар арқылы оқиды. Интернет арқылы 2,4 млн оқушыға "Күнделік", Daryn.Online, Bilimland және т.б. платформаларында білім беру басталды. "Күнделік" бағдарламасына бір күнде 2,2 млн оқушы кірді. Осы платформада 32 млн сессия өтті. Видео сабақтарды қайталап көруге болатын қолайлы Daryn.Online платформасында 300 мыңдай бала оқыды. Танымал әрі қызықты ресурстардың бірі – Bilimland. Бүгін  осы ресурсты 400 мыңнан астам оқушы пайдаланды. Тиімді тренажерлер бар, қатемен жұмыс істеуге болады. "Күнделік" платформасында 32 млн сессияның жүруі үлкен рекорд. Жуырда egov платформасында 15 млн сессия өткен кезде көп деген едік. Бүгін бір ғана "Күнделікте" осыншама үлкен жұмыс жүргізілді", – деді министр.

Асхат Аймағамбетов "Күнделік" платформасында екі рет техникалық ақау болғанымен, күні бойы жұмыс істеп тұрғанына сендірді.

"Әрине техникалық ақау болды. Оны жасыруға болмайды, тура айтуымыз керек. Жүйеде екі рет осындай ақау болғанын білеміз. Тиісті жұмыстар жүргізілді. Платформада 30 миллионнан астам сессия болғаннан кейін біраз мәселелер туындады. Дегенмен уақытында бұл проблеммалар шешілді. "Күнделік" платформасы күні бойы жұмыс істеп тұрды, қазір де істеп тұр. Техникалық мамандардың жұмыстарын көріп отырмыз. Тиісті министрлік, біздің мамандар, интернет провайдерлер және т.б. мамандар өте ауқымды әрі өте маңызды жұмыс атқарып жатыр. Нәтижесінде 2,5 млн бала интернет арқылы білім алуда. Техникалық ақауға қарамастан, осы платформа арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік болды. Күні-түні жақсы жұмыс істеген әріптестерімізге министрліктің және өз атымнан алғысымды айтамын", – деп ағынан жарылды Асхат Аймағамбетов.

Министр "Күнделік" платформасына үй жұмысын сағат 15:00-ге дейін жүктеу керек" деген мәселеге қатысты пікірін білдірді.

"Жүйе істеп тұр. Екі рет техникалық ақау болғанын айттық. Ал оқушы немесе мұғалім "Күнделік" жүйесінде "қандай-да бір мәліметті дәл бүгін немесе сағат 15:00-ге дейін толтыруы керек" деген талап жоқ. Балаларға да, ата-аналарға да ондай талап қойылмауы тиіс", – деп атап айтты министр.

Интернеттің болмауынан, техникалық қателіктердің салдарынан және басқа да мәселелердің туындауынан бірқатар ата-ана балаларына сабақты дұрыс оқыта алмағанына шағымдады. Осы орайда, министр төртінші тоқсанды кейінге шегеріп, балаларды оқытуды кейінге қалтыру туралы ұсынысқа қатысты өз ойын ортаға салды.

"Бұл күрделі кезең қашан аяқталатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Әлемнің 167 еліндегі миллиардтан астам бала қашықтан білім алуға көшті. Қазір оқу үдерісін тоқтатуға болмайды. Бізге адамдар екі түрлі ұсыныс жасап отыр. Біріншісі – оқу үдерісін толықтай тоқтатып, жылдық қорытынды бағаны шығару. Бұл пікірмен түбегейлі келіспейміз. Екіншісі – оқу үдерісін шілде, тамыз айлары тәрізді басқа уақытқа ауыстыру. Айтайын, шілде, тамыз айларында оқып, ары қарай оқу жылын қайтадан бастау, оқушы балалар үшін өте қиын болады. Әдістемелік тұрғыдан да төртінші тоқсанда өтетін оқу материалдары үшінші тоқсан материалдарымен тығыз байланысты. Оның үстіне өте ұзақ каникул кезінде балалар өткенін ұмытып қалуы мүмкін. Жаз кезінде мектептерде жөндеу жұмыстары, оқу жылына дайындық жүргізіледі. Оңтүстік өңірлерде, тіпті солтүстікте де жаз кезінде 30-40 градус ыстық болғанда, мектептерде оқуға қолайлы жағдай жасалмаған. Сол себепті, әлемнің барлық елдері оқуды жалғастыруға шешім қабылдады. Қазір білім беруді жалғастыру керек. Әрине, оңай болмасы анық, дегенмен де балалар икемделіп алады. Біздің ойымызша, бұл – дұрыс саясат. Балаларға және білім беру жүйесіне қажет әрі нәтижелі шешім", – деп сөзін қорытындылады бас ұстаз.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу